Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-6°C

, Сейсенбі, 20 қаңтар, 12:09

Елдік мүдде тоғысқан жиын

20.01.2026

6

0

Кеше Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтайдың алғашқы күнінде төрт панельдік секция бойынша отырыстар өтті. Оған барлық өңірден 100-ден астам құрылтай мүшесі қатысты. Секция отырыстарында түске дейін әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым мәселелері көтерілсе, күннің екінші жартысында азаматтық қоғам және экономикалық даму бағыттарында мазмұнды ой-пікірлер өрбіді.

Әлеуметтік-мәдени даму секция­сында Премьер-министрдің орын­басары – Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаева Ұлттық құрыл­тайдың қоғам үшін маңызы зор, тұрақты әрі жүйелі диалог алаңына айналғанын атап өтті. Онда ел дамуының ұзақ мерзімді бағыт-бағдары айқындалып, өзекті әлеу­меттік мәселелер кеңінен талқы­ла­натынын жеткізді.

– Ұлттық құрылтай аясында ай­тылған барлық ұсыныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министрлігі құрылтай мүшелері ұсынған баста­маларды іске асыру жоспарының орын­далуына тұрақты түрде мони­торинг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс ат­қа­рылды. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру мақсатында 26 заң қабыл­данды. Сонымен қатар 10 заң жоба­сына, сондай-ақ Президент Жарлық­тары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Премьер-ми­нистрдің орынбасары.

Сондай-ақ биыл өткізілетін елі­мізге белгілі тұлғалардың мерей­тойлар күнтізбесі бекітілгенін атап өтті. Олардың өмір жолы мен шығар­машылығын насихаттау өскелең ұр­пақтың рухани кемелденуіне септігін тигізетіні анық. Министр Ұлттық балалар кітапханасы мәселесі туралы ойын да білдірді.

– Еліміздегі кітапханаларда оқитын кітап аз деуге болады. Өйткені осы отыз жылда бір автордың кітабы жүз, екі жүз, тіпті мың рет шыққан деректер бар. Атауын өзгертіп, қайта-қайта шығара береді. Біз әр кітапхананың кітап қорын зерделеп шықтық. Шынымен, мұндай өкінішті жағдайлар көп кездесті. Балалар өзі оқығысы келіп, іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығу­шылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жоқтың қасы. Ол үшін толық деңгейде жағдай жасай алмай келе жатқанымызды ашық айтуымыз керек, – деді Аида Балаева.

Осыған орай министр аударуға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сонымен бірге зама­науи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ балалар контентін дамыту және анимация индустриясын өркендету тақырыбы көтерілді. Осыған байла­нысты Аида Балаева мультфильм өн­дірісіне арнайы тоқталып, бұл бағыттың маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, министрлік жа­нынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазіргі уақытта оның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылуда әрі Қор құры­лымында анимацияға арналған жеке бағыт қарастырылады. Менің ойымша, мұнда саннан бұрын сапаға мән беру маңызды. Контенттің бала психо­логиясына ықпалын, жас ерекшеліктерін және тәрбиелік әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Қордың толыққанды жұ­мысы басталғаннан кейін анимация ин­дустриясы тың серпін алып, қар­қынды дами түседі деп сенемін, – деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі.

Басқа да мәселелерді талқылау бары­сында қатысушылар мен сарап­шылар ұлттық дәстүрді сақтау және кітап оқитын ұлт қалыптастыру – қазақ­стан­дық қоғамды жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты.

Ал білім-ғылым секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіретін AI-Sana бағдарламасы биыл да жалғасатынын атап өтті. Бұл жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форма­тына көшуге мүмкіндік береді. Бағдар­лама жасанды интеллект бойынша базалық білімнен бастап стартаптарды кәсіби дамытуға және оларды нарықта масштабтауға дейін дәйекті дамытуға бағытталған.

– Ai-Sana бағдарламасын былтырдан бері жүзеге асырып келеміз. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыды. Еліміздегі барлық студент бағдарлама аясында міндетті түрде жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл – ең мықты курстар. Coursera, HUAWEI, Microsoft, Google тәрізді компаниялармен бірігіп, олар­дың курстарын қазақ және орыс тілдеріне аударып, студенттерді оқы­тып жатырмыз. Биыл ақпан айында бағдар­ламаның екінші кезеңі бас­талады. Соның аясында 100 мың студент жасан­ды интеллектінің терең­детілген алго­ритм­дерін меңгереді, – деді министр.

ЖОО-лар белгіленген үлгідегі электронды сертификат бере отырып, өздері әзірлеген курстар бойынша студенттерді оқыта алады.

– Бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін еліміздің әр өңірінен 27 «зәкірлі» ЖОО іріктеліп, бекітілді. Оқу орындары бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым, оның ішінде ЖИ саласындағы білім беру бағдарла­ма­ларының, шетелдік серік­тестердің, есеп­теу қуаттарының болуы сияқты критерийлер бойынша іріктелді. Бұл ЖОО-лар AI-Sana бағдарламасы бойын­ша студенттер мен педагогикалық оқытушы құрамын оқытуды қамтамасыз ете отырып, өз өңіріндегі және көршілес облыстардағы жобаны іске асыруға жауапты болады, – деді Саясат Нұрбек.

AI-Sana бағдарламасы елімізде жа­санды интеллектті дамыту үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған. ЖОО-лар қабылдау комиссиясынан бастап оқу процесін сүйемелдеу және бітірумен аяқтайтын ЖОО-ның ақ­па­раттық экожүйесін құрайтын 9 ЖИ агентін әзірледі. Заман талабына сай жаңашылдыққа біздің облыс та ілесіп келеді. Сөзімізге Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда универ­ситетінің база­сында Сеул техникалық универ­ситетімен бірлесіп ЖИ және инфор­матика жоғары мектебі ашылуы дәлел.

Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстары түстен кейін де жалғасты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылды қоры­тындылап,  алдағы экономикалық даму жоспары туралы айтты.

– Өткен жылы еліміздің эконо­микасы тұрақты, сапалы өсім болды. Жалпы ішкі өнімі 300 млрд АҚШ долларынан асса, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім шамамен 15 мың АҚШ долларына жетті. Экономиканың өсу қарқыны 6,5% болды. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Экономи­ка­ның барлық саласында оң динамика қалыптасты. Жалпы ішкі өнімнің өсу үлесі негізінен өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік қызметі, құрылыс салаларына тиесілі, – деді министр.

Оның айтуынша, ауыл шаруашы­лығындағы жалпы өнім 5,9%, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 5%-ға жақындады. Өткен жылы дәнді дақылдардан 27,1 млн тонна өнім жиналып, екінші жыл  қатарынан рекорд орнады. Сондай-ақ бұршақ, майлы дақылдардан рекордтық өнімі алынды. Мал шаруашылық өнер­кәсібі де қарқынды дамып келеді. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған Қазақстан бо­йынша ең ірі агроөнеркәсіптік парк­тің құрылысы басталды.

– Шығындарды оңтайландыру жүйесі жасалуда. Әлеуметтік қорғау саласын трансформациялауды жүр­гіздік. Бюджеттік төлемдердің бір­қатарын цифрлық шешімдер арқылы әлеуметтік шығындардың ашық­тығын арттыру маңызды. Мемле­кеттің әлеу­меттік қолдау шара­ла­рының бірыңғай стандарты енгізілді. Үй шаруаларын, әлеуметтік эконо­микалық осалдығын бағалау әдіс­темесі бекітілді. Жергілікті дең­гейде қосымша көмек түрлері біріз­дендірілді. Цифрландыру арқылы әлеуметтік салада құқықбұзу­шы­лықты анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Бір жарым жылдың ішінде әлеуметтік саясатты тран­фор­мациялау 600 млрд теңгені үнемдеп, заңсыз шаралардың алдын алуға мүм­кіндік берді, – деді Серік Жұманғарин.

Өткен жылы жүргізілген бюд­жеттік мониторингтің қоры­тындысы бойын­ша республикалық бюджетке 8 түзету енгізілді. Оның шеңберінде жыл басынан бері 1 триллион тең­геден астам қаражат оңтайлан­ды­рыл­ған. Олар нақты секторға бағы­тталды.

Көлік логистикалық инфра­құры­лымды дамыту – стратегиялық маң­ыз­­­ды дүние. 2029 жылға дейінгі ұлт­тық инфрақұрылымдық жоспар 204 жобаны қамтиды. Инфрақұры­лым­­ның тозуын 40 пайызға төмен­детуді көз­дейтін энергетикалық және ком­му­налдық секторларды жаң­ғыр­ту­дың ұлттық жобасы іске асы­рылуда. Ин­вестициялардың жалпы көлемі ша­мамен 13 триллион теңгені құрайды.

Экономиканың тұрақты дамуын­да кәсіпкерлік саласының маңызы зор. Бизнесті жүргізуді жақсарту бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда. Кәсіпкерлікті ынталандыру үшін «Өрлеу» жеңілдетілген қаржы­ландыру бағдарламасы іске қосылды.

Ұлттық Экономика министрінің сөзінше, өткен жылы жоғары инфлия­циялық қысым байқалған. Оның  жылдық мәні 12,3 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 5,5, азық-түлік емес тауарлар 11,1, ақылы қызметтер 12 пайызға өсті. Бұл азаматтардың сатып алу қабілетіне әсер еткен.

– 2025 жылдың 11 айында халық­тың жан басына шаққандағы ақша­лай табысы нақты мәнде 2,3 пайызға қысқарды. Осыған байланысты жа­қын арада Үкіметтің бірінші кезек­тегі міндеті – инфлияцияны тұрақ­тандыру және төмендету, – деді министр.

Азаматтық қоғам секциясында ҚР Президентінің ішкі саясат мәсе­лелері және коммуникациялар жөнін­дегі көмекшісі Арман Қырық­баев Қызыл­орданың ел астанасы болған кезеңде алтын әріптермен жазылған оқиғалар өрбігенін айтты.

– «Қазақ» атауын қайтару туралы шешім де осы киелі жерде қабыл­данды. Тұңғыш Қазақстан Үкіметі де жұмысқа кірісіп, алғашқы театрдың негізі қаланып, тұңғыш пьеса да қойылды. Қазақ тіліндегі кітаптар да басылып шықты. Алаш қайраткерлері бастаған үлкен саяси мәдени орта қалыптасты. Осындай тарихи оқиғалар өткен қалада 100 жылдан соң тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық құрылтайының шақырылуы тарихи сабақтастық тұрғысынан орынды.

Мемлекет басшысының бастама­сымен құрылған бұл институт бес жылда өзінің өміршеңдігін дәлел­деді. Қоғамның түрлі топтарының үн қосуына мүмкіндік беріп отыр. Билік пен халықтың арасын жақын­дастыратын алтын көпірге айналды. Жалпы көпшілік идеология сала­сында ұлттың ертеңі, бүгіні жайлы сөз қозғап жүрген азаматтар асыға күтетін жыл сайынғы үлкен саяси шараға айналып отыр, – деді Арман Қырықбаев.

Ұлттық құрылтай мүшелері секция отырыстарында түрлі та­қырыпта ұсы­ныстарын білдірді. Олардың барлығы мұқият зерттеліп, тиісті қорытынды шығарылады.

Жалпы, Президент тапсырма­ла­рын орындау барысында бұған дейін Ұлттық құрылтай аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтуға тиіспіз. Құрылтай мүшелері бұл жолғы жиында да айтылған әрбір ұсыныс мемлекет дамуына үлес қосады деп сенім білдірді.

Назерке САНИЯЗОВА,

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: