Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 06:27

Еңбегі еселі егінші

12.09.2023

554

0

Алтын күздің нағыз берекелі шағы – егін жинау науқаны. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев егінші жастарға «Егінді өсіре білуің – ең алғашқы асуды алуың, ал өнімді ысырапсыз жинап алуың – халыққа тартқан асылың» деп айтқан болатын. 25 жылдан бері дала төсінде тер төгіп, күрішпен сырласып, мол өнім жинаудың қыр-сырын білетін кейіпкеріміз Пернебай Қарамендиев әлі де ауданда күріштің күтімін жасап келеді.

Ата-бабаларымыз ертеден таң­ның атысы, кештің батысына қара­май, алқап басындағы бейнетке ат салысып, егін егіп, суарып, баптап, оны төкпей-шашпай жинап алуға қам­данған. Осы жолда өзінің берекелі ісімен танылған, жұмыстың барлық қиын сатыларынан өткен, қызметте ысыл­ған, еңбегі еселенген, күріш сала­сын толықтай меңгерген маман – «Ақ Бостай» шаруа қожалығының күріш­шісі Пернебай Қарамендиев.
25 жылдан бері диқан болған кейіпкеріміз Пернебай Қарамендиев – бүгінде егіннің қыр-сырын жетік білетін кү­ріш­ші. Ол 1956 жылы Ақсу ауы­лында дүниеге келген. 1963-1971 жыл­да­ры ауылдағы сегіз жылдық мек­тепті бітіріп, 1971-1973 жылдары №202 мектептен білім алған. 1974-1976 жылдары Германияда әскери борышын өтеп, «Гвардия» медалімен марапатталған. Еңбек жолын ең алғаш 1976 жылдың маусым айында Ақсу совхозында күрішші, механизатор болып бастаған.
Кейіп­керіміздің ауыл шаруашылы­ғына қос­қан еңбегі елеусіз емес. Бүгінге дейін бірнеше мәрте ауылдық, аудандық, облыстық «Ал­тын күз» шараларында марапат тө­­рінен көрініп жүр. «Диқан жерін ана­сындай сүйеді, жер диқанға ба­ла­сындай иеді» де­мекші, алты ай бойы егіс алқабында тер төккен күрішшінің бейнеті мол.
Осындай шаруаның шырайын кір­гізіп, өнім алуда рекорд орнатқан Пернебай Қарамендиев 1983 жылы 50 гектар күріш егіп, әр гектардан 70 центнер өнім алып, озат күрішші атанса, 1984 жылы әр гектардан 65 центнер, 1987 жылы әр гектардан 80 центнер өнім алып, ауданның, ауыл­дың үздігі атанған. 1990 жылы әр гектардан 63 центнер өнім алып, ауыл диқандарының алды болды, 2009 жылы об­лыс­та көш бастап, Алматы қала­сындағы «Алтын күз» салтанатты шарасына қатысып, жүлделі орынға ие болды.
Кейіпкеріміз қажырлы еңбектің арқасында 2013-2017 жыл­дары да ауылда үздік атанған, 2019 жылы «Озат бригадир» номинациясына ие болды.
Бала жасынан ауыл шаруасына ерте араласқан ел ағасы – бүгінде егістік алқабында өнімі бітік майтал­ман күрішші. Өз ісіне мығым диқан жерді мәпелеп, алтын дәннің бабын табуда қажыр­лы еңбек пен үлкен ізденіс қажет екенін айтады.
Күрішші биыл өзінің қарама­ғын­дағы 41 гектар жерге Сыр салы­сының «Лидер» сұрпын сеуіп, гек­тарынан 80 центнер өнім алуды көздеп отыр.
– Көктем келісімен егіс даласына Сырдың басты дақылын егіп, мә­пеледік. Күріш те бала секілді. Қалай баптап өсірсең, солай өнімін береді. «Күріш – суымен ырыс» демекші, күрішті егіп болған сон, суға бастырамыз. Оны егінжайға орақ түскенше уақытылы суарып, күтіммен қараймыз. Күріш дұрыс шығуы үшін дұрыс суара білу керек. Себебі мол өнімге қол жеткізуде судың маңызы зор. Яғни күріштің шығымы берілген суына байланысты болады. Ауа райы да биыл қарасып тұр. Аяқ су былтырғыға қарағанда биыл тапшы болды, десек те шаруашылық жігіттерінің арқа­сында арнайы насоспен суарып, уақы­тылы тыңайтқыштарын беріп, күтім жасадық. Ыстық күндері күріш­тің күтімін күшейтіп, көзіміздің қарашы­ғындай қарадық. Нәтижесінде Жер ана ырыс-несібемізді молынан берді. Оған өздеріңіз көріп тұрған жайқалған егістік дәлел. Өздеріңіз білетіндей «Ақ бостай» шаруа қожалығы жыл сайын мол өнім алып, өңірдің экономикасын арттыруға өз үлесін қосып келеді. Баптай білгенге жер жомарт қой, – дейді дала еңбеккері Пернебай Қарамендиев.
Күз – береке мен мерекенің, ырыс пен несібенің айы. Егінжай мен қыр­ман басында қызу жұмыстың қай­найтын кезі, тау-тау астықтың ел қам­басына құйылар шағы. Еңбек май­талмандарының күн-түн демей тіршілік қылатын уақыты. Бір сөзбен айтқанда, бұл – еліміз үшін жауапты да шешуші кезең. Осынау кезеңде күріштен шашау шығармай жинап алып, жауапты науқанға белсенділік таныту – әрбір азаматтың парызы.
Кейіпкеріміз «еңбек етпесең, ел­ге өкпелеме, егін екпесең, жерге өк­пе­леме» деген тәмсілді үнемі қаперде ұстайды. Таң бозарғаннан егіс­­тікке қарай бет алып, тынымсыз еңбек етуден шаршамайтын шаруа адамы, тәжірибелі маман. Арда азаматтың бойындағы қайтпас қай­сарлығы мен байсалдылығы, жұ­мысқа деген құлшынысы жастарға үлгі.
Бастысы, жасы алпыстың асқа­рынан асса да бейнеттің бел орта­сында жүргені қуантты. Ол – тек іскер азамат қана емес, отбасында жары Аманкүл апай екеуі 2 ұл, 3 қыз өсіріп, олардан 12 немере сүйіп отырған үлкен бір әулеттің алтын қазығы. Ауыл шаруашылығы саласын өр­­кен­детуде тынбай еңбек еткен еңбек адамы Пернебай Қарамендиев қа­шанда құрметке лайық. Оның егіс дала­сындағы елеулі еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Ақтоты Бүркітбай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: