Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

13°C

, Сенбі, 18 қазан, 15:36

Еңбек еленген күн

18.10.2025

8

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер» орталығында «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасы өтті. Оған Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, республиканың барлық өңірінен келген облыстық мәслихат төрағалары арнайы қатысты.

Аймақ басшысы ауыл шаруашы­лы­ғында атқарылған жұмыстарға, агроса­ла­ның алдағы бағыт-бағдарына тоқталып, қам­баны толтырып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен диқандарды құттықтады.
– Президент Қасым-Жомарт ­Кемел­ұлы 2025 жылды «Жұмысшы маман­дық­тары жылы» деп жариялап, «Біз жұ­мыс­шы ма­мандықтарын дәріптеу арқылы қоғам­да ең­бекқор және нағыз маман болу идея­сын насихаттаймыз. Адал әрі табан­ды еңбегімен табысқа жеткен адам­дар қа­шанда құрметті, сыйлы болуы керек» де­ген болатын. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұрпақ ­сана­сы­на сіңіру, насихаттау, қарапайым еңбек адам­­­дарын дәріптеу – біздің басты мақ­са­­­­тымыздың бірі. Сыр елінің даңқын ас­қақ­­татқан дала академигі Ыбырай Жа­қаев бас­таған 102 Социалистік Еңбек Ері­нің және тәуелсіздік жылдарындағы Қа­зақ­стан­ның Еңбек Ерлерінің жетістіктері аңыз­ға айналды. Саналы ғұмырында туған же­ріміз үшін аянбай еңбек еткен ардақты ар­дагер ағаларымыз бүгін ортамызда. Об­лы­сымыздың дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз үшін сіздерге барша Сыр жұртының атынан шынайы алғысымды біл­д­іремін. Ел үшін жасаған ерен еңбек­теріңіздің жемісін, бейнеттеріңіздің зейнетін көріңіздер, – деді облыс әкімі.
Абай облысының әкімі Берік Уәли Сыр елінің еңбекқор жұртына ризашылығын білдіріп, екі өңір арасындағы байланыстың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
– Қазақ халқы тағдырының тайғақ кешулі кезеңдерінде жағасына келіп тыныс тапқан, суына бетін жуып, үмітін ертеңге жалғаған қасиетті Сырдарияның бойында, ежелгі Ақмешіт, бүгінгі Қызылорда төрінде өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма бек қуа­ныштымын! Біз бүгін аймақтарыңызға үлкен делегациямен өнер жұлдыздарын, зиялы қауым өкілдерін және жақында ғана республикалық байқауда бас жүлде алған театрымыздың арнайы қойылымымен ке­ліп отырмыз. Бұл өңіраралық рухани-мә­дени байланыстарды нығайтып, бізді бауыр­ластыра түседі деп сенеміз, – деді Берік Уәлиұлы.
Мерекелік шарада Қызылорда облы­сының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. «Жан Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Махашовқа «Қызылорда облысының құр­метті азаматы» атағы берілді. Ол бас­қа­ратын серіктестік тәулігіне 80 тонна құра­ма жем өндіру, күріш өңдеу зауыттарын іске қосқан, өнімдерін экспортқа шығарады. Өткен жылы 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын ашып, 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.
Еңбек адамдары мен сала үздіктеріне «Қызылорда облысының дамуына қос­қан үлесі үшін», Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үз­дігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының «Құр­мет» грамотасы мен облыс әкімінің ал­ғыс хат­тары берілді.
Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудандар анықталып, «Балық шаруа­шылығы саласы бойынша озат аудан» но­­минациясымен Арал ауданы, «Су үнем­­деу технологиясын қолдану бойын­ша озат аудан» номинациясымен Жаңа­қор­ған ауданы, «Ауыл шаруашылығы са­ла­­сына инвестиция тарту бойынша озат ау­дан» номинациясымен Жалағаш ау­да­ны, «Мал шаруашылығы саласы бойын­ша озат аудан» номинациясымен Қар­мақ­шы ауданы, «Ауыл шаруашылығы өнім­де­рін өңдеу саласы бойынша озат ау­­дан» но­минациясымен Қазалы ауданы, «Егін ша­руа­шылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Сырдария ау­даны мара­патталады. Ал «Агроөнеркәсіп ке­шенін да­мытуда биылғы жылы ең жоғары көр­сеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номи­нациясын Шиелі ауданы жеңіп алды.
Жылдағы дәстүр бойынша жоғары көр­сеткіштерге қол жеткізген «Абзал және К» ТС, «Мағжан және К», «Абай-Дәулет» ЖШС еңбек озаттарына автокөлік кілттері сыйға берілді.
Сонымен қатар, салтанатты шарада Жалағаш ауданынан ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген бірқатар озат мамандар мен шаруашылық басшылары түрлі номинациялар бойынша марапатқа ие болды.


Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: