Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

32°C

, Бейсенбі, 31 шiлде, 12:58

Ерекше қауіпті шегіртке зиянкестерімен күресу жолдары

29.07.2025

20

0

Біздің облысымызда үйірлі ерекше қауіпті шегіртке зиянкестерінің екі түрі кездеседі. Олар азиялық шегіртке және италиялық прус. Азиялық шегіртке аймағымыздың ну қамысты шабындықтары мен күріш егістіктерінде көп тараған. Ал италиялық прус құмды, далалық шөлейт жерлерде, ауданымыздағы Қаракеткен ауылдық округіне қарасты Қарақұм өңірінде кездеседі.

Екі ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы зерттеу жұмыстарын «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Жалағаш аудандық филиалы атқарады. Аталған ерекше қауіпті зиянкестер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен аса қауіпті зиянды организмдер тізіміне енгізілген. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерлері мен мал жайылымдықтарын аса қауіпті шегіртке зиянкесінен қорғау шаралары (зерттеу, химиялық өңдеу жұмыстары, улы химикаттар) ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңының талаптарына байланысты республикалық бюджет есебінен қарастырылған.

Бізде кездесетін үйірлі  шегірткелер, оның ішінде азиялық шегіртке және италиялық прусқа қарсы жыл сайын жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда, биыл италиялық прусқа қарсы 90000 гектар, ал азиялық шегірткеге қарсы 72500 гектар көлем зерттелді. Осы зерттеулердің нәтижесінде биыл азиялық шегірткеге қарсы 3000 гектар, ал италиялық прусқа 1300 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.

2025 жылы республикалық бюджет есебінен ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы (карат супер 100 к.э)  пестицидімен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Пестицидтің шегіртке зиянкестеріне қарсы 91-92 пайыз биологиялық тиімділік әсері жақсы болды.

Аудан көлемінде ерекше қауіпті шегіртке зиянкестері мен карантиндік нысандарға қарсы фитосанитариялық іс-шараларды әуе және жерүсті бүріккіш агрегаттары арқылы уақытылы, сапалы, тиімді жүргізу нәтижесінде ерекше қауіпті шегіртке зиянкестерін жоюға толық мүмкіндіктер болды. Аудан аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы мониторинг және химиялық өңдеу жұмыстарына Жалағаш аудандық аумақтық инспекция тарапынан қатаң бақылау жасалды.

Б.АҚБЕРГЕНОВ,

Жалағаш аудандық аумақтық

инспекциясының бас маманы,

өсімдіктерді қорғау және карантині

жөніндегі мемлекеттік инспекторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: