Кеше Қызылорда қаласындағы “Локомотив” стадионында футболдан әуесқой командалар арасында футболдан облыс чемпионатының ашылу салтанаты өткізілді. Бұл туралы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы хабарлады.
Аладоп додасына өңірдің барлық аудандары атап айтқанда, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған және Қызылорда қаласының командалары қатысып, бақ сынауда.
Чемпионаттың басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, өңір футболының деңгейін арттыру және жас таланттарды анықтау. Жарыс барысында әр команда жасыл алаңда өз шеберліктерін паш етіп, өзара мықтыны анықтайтын болады.
Ашылу салтанатына Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Сағидат Талғатұлы мен Қызылорда облыстық футбол федерациясының президенті Болат Елеуұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, әділ әрі тартысты ойын болатынына сенім білдірді.
Чемпионат 15 маусымға дейін жалғасып, финалдық ойындар арқылы жеңімпаз команда анықталатын болады. Жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлайтын бұл дода – футбол сүйер қауым үшін үлкен мереке!
Фото: Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!