Бұқарбай батыр ауылына бұған дейін де жолымыз түскен. Бірақ бұл жолғы сапарымыздың мәні бөлек. Есімі аймаққа мәлім Мыхан Ерниязовтың 130 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Жалпы Жалағаш жұрты өткенін ұлықтап, өшкенін қайта жаңғыртуда салтынан жаңылған емес. Бүгін ғибратты ғұмыр иесінің тағылымға толы өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында өтіп жатқан шара бұл сөзімізді қуаттайды.
Мерейтой М.Ерниязов атындағы саябақтың ашылу салтанатымен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев және еңбек ардагерінің ұрпақтары шараның маңыздылығына тоқталып, Мыхан Ерниязұлының өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болатынын жеткізді.
– Бүгінгі шараның өзіндік мәні бар, Мыхан Ерниязұлын аудан жұртына, жалпы аймаққа ортақ тұлға десек те болады. Атамыз жастайынан елгезектігімен, ізденімпаздығымен көптен дара болды. Өмірден жиған тәжірибесін өңірдің өркендеуіне, аудан әлеуетінің артуына, ауылдың гүлденуіне жұмсады. Бүгін ұрпақтарының ұйымдастыруымен тағылымды шара өтуде. Осындай атпал азаматтардың өнегелі өмір жолын біз өскелең ұрпаққа үлгі етуге тиіспіз. Мыхан Ерниязовтың ұрпақтары да атамыздың жолын қуып, елдің өркендеуіне әр салада қажырлы еңбек етуде. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп қазақ бекер айтпаған. Сол елге еңбегім сіңсін, кіндік қаным тамған жерге маңдайымның тері де сіңуі керек» деген қағиданы қатаң ұстанған атамыздың ұрпақтары өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Осындай тағылымды шарадан үлгі алған жастар ертең елдің ертеңіне аянбай еңбек етеді. Бүгінгі шараның өзіндік мәні бар дегенім де сондықтан, – деді Ғани Кенжеғараұлы.
Мұнан кейін жас та болса аймаққа белгілі жырау Марат Сүгірбай еңбек ардагеріне арнауын көпшілік алдында орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ қонақтар саябақтың ашылу салтанатына қатысып, қайраткер бюстінің алдына гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.
Айтулы шара Бұқарбай батыр ауылындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Онда Мыхан Ерниязұлының өмір жолына арналған ғылыми-танымдық конференция өтіп, «Сәулелі ғұмыр» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов модераторлық жасаған конференцияда атпал азаматтың өмір жолы кейінгі буынға насихатталды. Жиында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов облыс әкімінің мерейтойға арнайы құттықтауын оқып, ұрпақтарына табыс етті. Сондай-ақ Қызылорда қаласы әкімінің құттықтауын қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев табыстады. Мұнан кейін сөз кезегі әдеттегідей баяндамашыларға берілді.
Филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Әнешұлы «Сәулелі ғұмыр» атты тың туындыны жазарда үлкен ізденіс болғанын айтады. Мемлекеттік архивтен бастап жергілікті басылымдарда жарық көрген мақалалар да сүзгіден өткен, әсіресе ол бұрын «Күрішшілер» деп аталған қазіргі «Жалағаш жаршысы» газетінде тың мәліметтер барын тілге тиек етті.
– ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы ең ауыр кезеңде ауылдық кеңес төрағасы, колхоз төрағасы қызметтерін атқара жүріп, ел дамуына елеулі еңбек сіңірген Мыхан Ерниязұлы – өзі өмірден өткенімен, елге жасаған жақсылығы, игілікті істері мен ізгілігі мол адами бітім-болмысы ұмытылмаған, бірнеше буын ұрпақ ауысқанымен, ел аузында аңызға айналған адам. Оның 130 жылдық мерейтойы қарсаңында көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған жалағаштық ақсақалдармен пікірлестік. Барлығы «Ел-халқына еңбегі сіңген, жақсы адам еді» деп еске алады. Тіршілік бар жерде күннің сәулесі өшпек емес. Қанша заман өткенімен, қоғам ауысқанымен, мынау жарық дүниемен қаншама адам қоштасқанымен, Жер-Анаға түсетін күн шапағы сол бәз-баяғы қалпы! Жап-жарық, жып-жылы! Жақсы адамның жақсылығы да күннің сәулесі сияқты мәңгілік! Өзі өмірден өткенімен, оның жасаған жақсылығы, еткен еңбегі ұмытылмақ емес. Бүгін қалың оқырманға жол тартқан туындының атын «Сәулелі ғұмыр» деп қоюымыз да тегін емес. Мыхан Ерниязұлының да тау тұлғасы арада жылдар өткенімен, ел жадынан өшпеген. Оның айналасына түсірген жақсылық сәулесі күн өткен сайын жарқырай түсіп, бірнеше буын ұрпақ үлгі-өнеге алып, бет түзер тұғырлы тұлғаға айналды. Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Ол кездейсоқ қалыптаспайды, дүниетанымдық, ділдік, психологиялық бейімділік те қан арқылы беріледі, әрине отбасындағы тәрбиенің де орны ерекше. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Мыхан Ерниязұлы ел басқарудағы қабілетімен, жер-суды, шаруашылықты жақсы білетінімен, жаңашылдығымен көзге түссе, арада бір ғасыр өтпей-ақ ата бойындағы осындай қасиеттер ұрпақ қанында ойнап шықты, – деді ол.
Айта кетейік, Мыхан Ерниязұлы 1893 жылы Перовск уезі Байзақ болысы №7 ауылда (қазіргі Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылы) дүниеге келген. Ауылда алғашқылардың бірі болып сауат ашу мектебінен білім алған ол кейін ел басқарып, Сыр өңірінің дамуына сүбелі үлес қосты. Әкесі Ернияз ақыл-парасаты мол, адамшылықтан аттамаған, кісі ақысын жемейтін адал, әділ адам болған деседі. Осындай өнегелі отбасынан, текті әулеттен шыққан Мыхан Ерниязұлы ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап ел басқару ісіне араласты.
– Бұл ел өміріндегі ең ауыр кезең болатын. Алғаш колхоз төрағасының орынбасары қызметін атқарған ол 1933 жылы «Қызыл ту» ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы қызметті 1938 жылға дейін атқара жүріп, ауыл өмірінің әлеуметтік дамуына, ел ішін жайлаған ашаршылықтан тұрғындарды аман алып қалуға ерекше үлес қосады. Оның ел басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, 1938 жылы К.Маркс колхозының төрағасы (қазіргі Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылы) қызметіне тағайындалды. 1945 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарды. Мыхан Ерниязұлының Сыр өңіріне күріш дақылын алғаш жерсіндірудегі еңбегі де ерекше. Алғашқы жылдардан бастап К.Маркс колхозының күрішшілері жоғары өнім жинап, мемлекет қамбасын астықпен толтыруда көзге түседі. Соның нәтижесінде күрішші Айымкүл Ізтілеуова Қазақ ССР Жоғары кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол басқарған жылдары колхоз аудан көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналды. 1939 жылдан партия мүшелігіне кандидат болған, – деді кітаптың авторы.
Сыр өңіріне белгілі қайраткер, еңбек және тыл ардагері Мыхан Ерниязұлының 130 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттық спорт дәріптеліп, республикалық түйе палуандар сайысы мен ат бәйгесі өтіп, шабандоздар көкпар тартты. Алғашқы күні түйе палуандар сайысынан бастау алған тартысты жарысқа өз өңірлерінің жеңімпаздары қатысып, мықтылығын дәлелдеп бақты.
Ұлттық спорттың төресі саналатын қазақ күресінен бастау алған дода тартысты да қызықты өтті. Бозкілемде белдескен кіл мықтылар арасынан республикалық жарыстың жеңімпазы, Қызылорда облысының палуаны Еламан Ерғалиев қарсылас шақ келтірмеді. Ол 3 млн теңгенің сертификатын иеленді. Ал ақтық мәреде сүрінген Нұрым Сәлімгерей ІІ орынға жайғасып, 1 млн 500 мың теңгеге ие болды. Қола медаль мен 500 мың теңге сыйақыға Мақсат Исақабылов лайық болды.
Ұлттық спорт ойындарының бір түрі – бәйге, шабандоздар жарысы. Жылқы болған жерде бәйге де бар. «Ат – ер қанаты, жан серігі» деп текке айтылмаса керек.
«Жылқы – малдың патшасы,
Малдан да қымбат ноқтасы.
Қасиетті сол өңір.
Бұрылса егер атбасы.
Аттың басы тегін жерге бұрылмайды, текті өңірге бұрылады» демекші, ұлылығымыздың белгісі болған ұлттық спорт Бұқарбай батыр ауылында жалауын тікті.
Айтулы аламанға арнайы Жетісу өңірі мен Арқадан, батыс пен шығыстан батыр атындағы ауылға атбасын бұрған 100-ден аса сәйгүлік арасынан өзара мықтылар анықталды. Бәйгеге қатысқан аттардың ішінде бұған дейін талай бәйгені қанжылап, дүбірлі додаларда сыналып, қалың шаңның ортасында шашасына шаң жуытпаған жүйріктер де бар.
Дүбірлі дода құнан, тоқ, аламан бәйге болып үш топқа бөлінді. Жарыс құнан бәйгеден бастау алды. Атқан оқтай зулаған 34 сәйгүлік атшабарды шаңға көмді, 12 шақырымға шапқан шабандоздар бірінен бірі өтеді.
Адамның делебесін қоздыратын мұндай ат жарыстар ұлттық спортымыздың қайталанбас үрдісі екенін дәлелдеп, алғашқы айналымның да шаңы көрінді.
«Төрт тұяғын тең басып келе жатты,
Тасқа басқан тарихтың таңбасындай.
Шабандоздың төбесі көрінеді,
Жазықта жалғыз тұрған тау басындай» демекші, желмен жарысқан сәйгүліктердің ішінен алғашқы болып мәреге Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Ерғали Жетпісовтың Абзал Тұрғанбек тізгіндеген «Лазер» атты сайгүлігі жүйріктігін танытып, бірінші болып мәре сызығын аттады. Ол ұйымдастырушылар тарапынан «HYUNDAI I30» маркалы автокөлігін жеңіп алды. Ал Астана қаласынан келген Нариман Оразбаевтың «Жезқара» атты күрең-қасқасы мәре сызығын екінші болып кесіп, 2 млн теңгеге ие болса, үшінші орынға Алматы облысы Іле ауданынан келген Жанқойлықовтар әулетінің «Желкүрең» атты тұлпары тұрақтап, оған 1 млн теңге ақшалай сыйақы табысталды. Астанадан келген Олжас Нұрбектің Хамза Амангелді тізгіндеген «Сиетл» тұлпары мәреге төртінші болып келіп, 500 мың теңге қаржылай сыйақымен марапатталса, Алматылық «Көгершін» атты торы сәйгүлікті тақымдаған Болат Әбдукәрім бесінші орынды еншілеп, 300 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
Бұдан әрі ат жарыс 20 шақырымдық тоқбәйгеге ұласты. Аттың тісіне де, түсіне де, жасына да қарамайтын бұл бәйгеде 44 тұлпар бақталасты. Жиналған жұрттың делебесiн қоздырып, қиқулаған дауыстар атшабарды бойлай шапқан шабандоздарға шабыт берді. Бұл бәйгеде Алматыдан келген Ғалымжан Нұрбаевтың Болат Әбдукәрім тізгіндеген «Боец» атты жүйрігі топ жарып, «HYUNDAI SANATA» автокөлігін иеленсе, Астана қаласынан келген Нариман Оразбековтың «Карсон» атты тұлпары екінші орынға жайғасып, 2 млн теңге сыйақымен марапатталды. Ал Алматы облысы Балқаш ауданының «Қаршыға» атты тұлпарын тақымдаған Бекарыс Бибосын мәрені үшінші кесіп, 1 млн теңге сыйақыны еншілесе, Абай облысынан келген Мейрамбек Әлімжанның «Найзақара» атты жүйрігі мәреге төртінші жетті, ол да 500 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Ал мәрені бесінші кескен ақтөбелік «Норд» есімді тұлпарды тізгіндеген Мансұр Ыдырысов жүлдегерлер қатарын толықтырып, 300 мың теңге қаржылай сыйақымен марапатталды.
– Ат спортының қыр-сырын меңгеру, аттың құлағында ойнап, дүлдүл шабандоз болу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Осыдан бір ай бұрын Сыр елінде дүбірлеген дода болады дегенді ести салысымен, атымызды дайындап, қатысуға бел будық. Бұл – «Боецтың» екінші бәйгесі. Алғашқы бәйгесі Талдықорған қаласында өтіп, одан да жүлделі бірінші орынды жеңіп алған болатынбыз. Тұяқ тұяқты жібермейді. Қаншама чемпионаттарды басып озып, жеңіске жеттік. Осы салада жүргеніме 32 жыл болды. Бүгінгі бәйгеде 59-шы көлігімді еншілеп жатырмын. Осы уақытқа дейін талай үлкен жүлделі бәйгелерде жеңіске жетіп келемін. Менің басты мақсатым – осы ат спортын одан әрі дамытып, болашақта ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, немере-шөберелеріме мұра қылып табыстау, – дейді ат иесі Ғалымжан Нұрбаев.
«Той қызығы соңында» демекші, аламан бәйгеге де кезек келді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атануды мақсат еткен шабандоздар 30 шақырымдық аламан бәйгеде бақ сынады. Көпшілік асыға күткен бәйгеге 25 ат қосылып, 15 айналым бойынша жарыс жолына шықты.
Дөненінде шауып келген Жұмыртұяқ,
Аламанды жарып келген Жұмыртұяқ.
Жетісу облысының қоржынына,
Талай жүлде салып берген Жұмыртұяқ.
Мараттай ағамыздың бақ жұлдызын,
Өшпестей жағып берген Жұмыртұяқ.
Марландай атбегінің ар-намысын,
Құлатпай алып келген Жұмыртұяқ.
Жеті жастағы Хамзадай шабандозға,
Үш жасында шабыт берген Жұмыртұяқ.
Дөненінде алдына қара салмай,
Біраз атқа бағыт берген Жұмыртұяқ.
Қазақтың қолында өскен қол тумасы,
Алты Алаш тауып берген Жұмыртұяқ.
Жүз тұлпар аламанға қосылса да,
Шоқ жұлдыздай ағып келген Жұмыртұяқ.
Аламан бәйгеде жүргізуші осылай жыр арнаған һас тұлпар бас жүлдені иеленіп, «Toyota highlander» автокөлігін жеңіп алса, Алматы облысы Қарасай ауданынан келген Аңсар Арыстанбек тақымдаған Елбасы кубогын иеленген, бағы мен бабы келіскен сәйгүлік «Мамайқара» есімді жүйрік екінші орынды иеленіп, «hyundai sanata» автокөлігінің кілтін иеленді. Алматы облысы Іле ауданынан келген Абзал Тұрмыс тақымдаған Жанқойлықовтар әулетінің «Тұмар» атты тұлпары Қазақстан чемпионатында тоқбәйгеден бас жүлде иеленсе, араға бір апта салып аламан бәйгеден үшінші орынды еншілеп, 2 млн теңге ақшалай сыйақының жеңімпазы атанды. Төртінші орынға Астана қаласынан келген Әлихан Қайыржан тақымдаған «Бақторы» тұрақтап, 1 млн теңгені еншілесе, Ақтөбе облысы Қобда ауданынан келген Әлихан Сайлауғали «Самұрық» есімді сәйгүлікті тақымдап, бесінші болып мәре сызығын кесті, жүлдегерлер қатарын толықтырған оған да 500 мың теңге табысталды.
Жексенбі күні шара Сыр сәйгүліктері ғана қатысқан аламан бәйгемен жалғасты. Бәйгеге арғы басы Арал, бергі басы Жаңақорғаннан 22 тұлпар қатысып, шабандоздар бақ сынады. Бірінші орынды Жанасыл Бекболат есімді шабандоз тізгіндеген «Ақкөз» есімді тұлпар иеленіп, «HYUNDAI І20» маркалы автокөлігін ұтып алса, екінші орынға Арал ауданы Қызылжар ауылынан келген Шынтас Серікбай тізгіндеген «Золотой» есімді тұлпар тұрақтап, 2 млн теңге қаржылай сыйақыны иеленді. Үшінші орынды Арал ауданының Ақай ауылынан келген Нұрым Жалғасалиев тақымдаған «Көгершін» есімді жүйрік жеңіп алып, иесіне 1 млн теңге бұйырды. Ал мәрені төртінші кескен «Ақбөкен» есімді арғымақты тізгіндеген Әсет Кенжетайұлы 500 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталды. Бесінші орынға Қазалы ауданы Абай ауылынан келген Дінмұхаммед Тәңірбергенов тақымдаған «Спартак» есімді сәйгүлік тұрақтады. Жүлде қоры – 300 мың теңге.
– Жылқыны бағып, баптап, бәйгеге қосу да – үлкен өнер. Өнер болғанда да қанға сіңетін қасиет. Асқан қызығушылықпен жылдар бойы ден қойып үйренбесе, сырын оңайлықпен аша алмайтын ғылым. Менің салаға келгеніме екі жыл ғана уақыт болды. Десек те менің әкем, атам осы салада елеулі қызмет етіп, ат баптап, талай бәйгелерде жүлделі орын иеленген. Әке жолын қуып, мен де осы салаға келдім. «Ақкөзді» былтыр Тараз қаласынан сатып алып, биылдан бастап бәйгеге қосқан болатынбыз. Бүгінгі жарыс – «Ақкөздің» биылдыққа қосылған үшінші бәйгесі. Жуырда Қызылорда қаласында сәуір айында үлкен ас беріліп, бәйге өтті. Сол бәйгеден «Ақкөз» жүлделі І орынды иеленіп, алғашқы темір тұлпарды ұтқан болатын. Бүгінгі жүлде – екінші көлігіміз. Алда бір аптадан кейін өтетін сабантойға қатысуға ниеттіміз, – дейді атсейіс Мақсат Мейрамбекұлы.
Тартысты бәйгеден кейін шара қазақтың қанына сіңген қасиетті, дәстүрлі ұлттық ойыны көкпарға ұласты. Ойында жігіттердің күш-жігері, төзімділігі, батылдығы мен ептілігі сынға түсті. Ұлттық ойындарды дамытып, жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа ауданға қарасты ауылдардың ат құлағында ойнайтын білекті де жүректі 100-ге тарта шабандозы қатысты. Мыхановтар әулетінің ұйымдастыруымен тартысты да қызықты өткен ұлттық ойында салым салған шабандоздар ақшалай сыйақы иеленіп, Мәдениет ауылынан «Гелендваген» есімді тұлпарымен қатысқан Самат ағамыз «Нива» автокөлігінің иесі атанды.
Бәйге мен көкпардан хабар келсе, жолдың қашықтығына қарамай асығып келген жұрт ат дүбірі тұяқтан, ер дүбірі намыстан жығылмаған бәсекеге толы бәйгенің куәсі болды. Шабандоздар дүбірлі додада көрерменге ерекше қуаныш сыйлап, жұртты жақсы әсерге бөледі.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!