Жаз айларында және жалпы күн жылыған кезде кене шағып, дәрігердің көмегіне жүгінетіндер саны артады. Жазда жазғы серуендеу,саяхаттау,табиғатта болу, мал бағу, шөп шабу кезінде кене шағу қаупі өте зор.Қауіпті жәндіктер шөптің ,бұталардың,құлаған ағаштардың арасында, мал жайылымында, мал бағатын қора-жайларда болады. Адамның иісін сезген бойда шабуыл жасайды.
Кененің негізгі қорегі-қан болғандықтан бұл жәндіктер адамдар мен жануарларды қан сору үшін шағады. Кене адамның денесінде байқатпай шағатындықтан адам алғашқыда денесінде кене тұрғанын байқамай ,12 күнге дейін жабысып тұра алады және осы уақыт ішінде диаметрі 2 см болатын шардың мөлшеріне дейін өседі. Өйткені кене адамға жабысқан кезде анестетикалық затты енгізетіндіктен мүлдем ауыртпайды және сезілмейді. Дәрігерлердің айтуынша,кененің шағуы адам өміріне қауіп төндірмегенімен, алайда егер кене ауру тарататын түрі болып кездессе сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар аса қауіпті.Оның салдарынан адам кене сүзегі, кене боррелиозы,акариаз,Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты қауіпті аурулардың тасымалдаушысы болып,аллергиялық реакциялар да тудырады. Энцефалит орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, мидың сұр затының қабынуын тудырады. Боррелиоз жүрек-қантамыр және жүйке жүйелеріне әсер етеді, содан кейін адамның тірек-қимыл аппаратын зақымдайды.
Ауру кене шаққан кезде адамның басы кенеттен қатты ауырып, дене қызуы 37-39 градусқа дейін көтеріледі .Тіпті, дене қалтырап, тері бөртіп қызарып, майда нүктелер пайда болуы мүмкін.Іші өтіп, тағы да басқа симптомдар көрініс береді.Сондай-ақ бұлшық ет ауырып, адамның тыныс алуы қиындайды.Адамның тамаққа тәбеті жоғалып, дел-салданып, жиі шаршайды.
Сондықтан шұғыл профилактикалық шараларды қабылдау және білікті медициналық көмек көрсету үшін кене шаққаннан кейін дереу ауруханаға барып, дәрігер бақылауында болу өте маңызды.
Медициналық қызметкерге жүгінсеңіз кене шаққанда не істеу керек, не істемеу керектігін түсіндіріп ақпарат береді.
Егер кене шағып алса не істеу керек? Ең дұрысы дереу медициналық көмекке жүгініңіз! Кенені толығымен тері ішінде тұмсығын қалдырмай, арнайы медициналық құралмен (пинцет немесе триквестер) ырғай отырып шығару керек.Кенені аламын деп, қайшымен қырқып,қанын ағызып зақымдауға болмайды, олай етсе қауіптілігі онан сайын арта түседі. Кенені тұмсығымен қоса шыққанына көз жеткізіп, арнайы қақпағы бар ыдысқа салу керек. Шаққан орнын спиртпен, йод ерітіндісімен өңдеп залалсыздандырамыз.Содан соң қолымызды сабындап жуып, спиртпен өңдейміз.Өз аймағыңыздағы дәрігердің бақылауында 14 күн болып, дене қызуын қадағалайсыз.
Кене шаққанда не істеуге болмайды. Кене шаққан кезде мына әрекеттерді жасамауға кеңес береміз:Терідегі кенені мыжып,сықпау керек, себебі кенеде қауіпті вирустар бар.Ол қолдың ашық жаралары немесе тырнақтар арқылы адам ағзасына енуі мүмкін.Теріге жабысқан кенені оқыс жалаңаш қолмен, тіспен жұлмау керек.Өйткені оны жұлған кезде жәндіктің басы теріде қалып қояды, салдарынан жәндіктің улы сөлі адам ағзасына тарайды.Денеден, малдан алынған кенені таспен ұрып мыжуға, қайшымен қырқып қанын ағызуға, отқа тастауға болмайды.Қаны шашырап адамның аузына, көзіне шашырау қаупі бар.
Қалай сақтануға болады. Табиғатқа,мал бағуға, шөп шабуға, жайылымға, егістікке және демалыс орындарына барған кезде жәндіктердің шабуылынан қорғану және жақсы көрінетіндіктен ашық түсті киіммен жақсы киініп, дененің ашық жерлерін ( бет, мойын, қол, тобық) мүмкіндігінше азайтуға тырысыңыз, жабық аяқ-киім киіңіз.Шалбардың балағын шұлықтың ішіне, ал жейде мен фудболканы шалбардың ішіне салыңыз. Бас киім, орамал тағуды ұмытпаңыз, қауіпті жәндіктерден қорғайтын кремдер мен спрейлерді пайдаланыңыз. Сонымен қатар көктемгі және күзгі мал қырқу кезінде, мал сойғанда, мал баққанда, шөп шабуға барғанда, мал қораны тазалағанда абай болыңыз. Балаларды малмен, ит-мысықпен еріп келетін кенелерден қорғап, тексеріп, түсіндіріп, аулада тазалық сақтап отыру керек.Мал қораны таза ұстап, іргесіне арнайы дезинфекциялық құралдарды сеуіп, малмен еріп келетін кенелер өліп қалатындай етіп улап отыру да пайдалы болмақ.
Жалағаш аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне 2024 жылы 47 адам кене шағумен келсе, оның 8-і балалар болды. Ал 2025 жылдың осы өткен айларынан күні бүгінге дейін 14 адамды кене шағып түсіп отыр, оның 6-ы бала.
Кене шаққаннан ауырған кезде өз бетіңізше емделіп, асқындырып алудың арты өкінішке апаратынын ұмытпайық.Кененің адам өміріне қауіпті жәндік екенін естен шығармайық.
Маделханова Гульмира Онайбековна
Жалағаш аудандық ауруханасы Қабылдау бөлімінің жоғары санатты аға мейіргері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!