Ақбөкендер саны реттеуге жататын жануарлар түрлерінің тізіміне енгізілді.
Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылдың 19 қыркүйегіндегі бұйрығымен халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурулардан қорғау және қоршаған ортаға зиян келтірудің алдын алу мақсатында саны реттелуге тиіс жануарлар түрлерінің тізбесіне өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, тізімге ақбөкендер енгізілді. Тізімге киіктерден басқа қасқыр, қорқау, қарға, ірі суқұзғын, жыланбас балық кіреді.
Бұйрық 2023 жылдың 6 қазанында күшіне енеді.
Еске салсақ, экология министрлігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың мамыр айында Қазақстандағы киіктердің саны 1,9 миллионнан асты.
Бұған дейін Ақмола, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының шаруалары үкіметке киіктің санын реттеу туралы бірнеше рет өтініш білдірген болатын. Сараптамалық комиссия ақбөкендердің миллион гектардан астам жайылымды таптап, 5 мың гектар алқапты талқандағанын анықтады. Батыс Қазақстан фермерлері ақбөкендерден келген шығынды шамамен 8 миллиард теңгеге бағалады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!