Азық-түлік арзандар емес, қымбаттап барады. Бұрын баға маусымдық мезгілдерде тұрақсызданып, кейін қалпына келіп жататын. Ал қазір қымбатшылық қалыпты жағдайға айналғандай. Үкімет әлеуметтік азық-түлік бағасының тұрақтылығына аса мән беріп, бірқатар бағдарламалар да енгізді. Нәтиже бар, бірақ халық күткендей емес. Әсіресе көкөністің бағасы қалтаға ауыр тиіп тұр.
Тәжікстан мен Өзбекстан 4 мың тонна көкөніс импорттамақ
Статистикаға сүйенсек, елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі үш апта қатарынан төмендеген. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасы, пияз, күнбағыс майы, ұн және басқа да өнімдер бойынша байқалып отыр. Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының анақұрлым ауытқуына жол бермеу үшін ел нарығана Өзбекстан мен Тәжікстаннан «жасыл дәліз» арқылы және делдалдар мен алыпсатарларсыз көкөністер тиімдірек бағамен жеткізілетін болады. Нақтырақ айтсақ, Үкімет тарапынан жалпы көлемі 4 мың тонна импорттық көкөністерді, оның ішінде 2 060 тонна картоп пен 1 940 тонна пияз жеткізуге келісім-шарт жасалған.
Жалпы алғанда, әкімдіктер кемінде 18,6 мың тонна картоп, 7,2 мың тонна сәбіз және 5 мың тонна пиязға алдын ала келісім-шарт жасау қажет. Қазіргі уақытта қолда бар қорлардан 81 мың тонна көкөніс өнімдері пайдалануға берілген.
Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы қатаң бақылауда екені белгілі. Үкімет жыл басынан бері мүдделі органдармен бірлесіп, тауарлық үстеме бағаны асырған 732 фактіні анықтап, 1 мыңнан астам әкімшілік іс қозғаса, 109 өнімсіз делдал бұғатталған. Жалпы жыл басынан бері баға белгілеуге әсер ететін 2,5 мыңнан астам тізбекке талдау жасалып, сауда, салық және монополияға қарсы заңнамаларды бұзудың 800-ден астам тәуекелі анықталған.
Көкөніс егетіндер
аз емес
Сыр өңірінде көкөніс бағасының көрсеткіші басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда тұрақты. Жергілікті билік те алдағы уақытта бақша өнімдерінің бағасы тұрақты болатынын айтады. Иә, сырбойылықтар соңғы уақытта егістікті әртараптандыруға аса көңіл бөліп, көктемде бақша дақылын егуді әдетке айналдырған.
Мәселен, былтыр ауданда жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарын егуге 500 гектар жер бөлінген. Сол жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар басқа да бақша дақылдарын еккен. Осылайша жалағаштықтар еңбектің арқасында қыстық азығын жинап алған болатын.
Биыл да бұл үрдіс жалғасын таппақ, тіпті бөлінетін жер көлемі де былтырғыдан көп екен. Ал шаруа қожалықтар былтыр 75 582 центнер картоп, 190022 центнер көкөніс және 283 824 центнер басқа да өнім алған.
Өздеріңізге белгілі, жергілікті шаруа адамдары өзінің өнімдерін жәрмеңкеге әкеліп, қолжетімді бағада саудалауды үрдіске айналдырған. Мәселен, аудандағы «Ер-Әлі» ШҚ бұл мақсатта былтыр картоптың 1 келісін 120 теңгеден, сәбізді 125 теңгеден сатты. Мұнан бөлек аудан бойынша «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорындағы өнімдері жылжымалы жәрмеңке арқылы тұрғындарға төмен бағамен ұсынылуда. Бұл шаралар да бағаның тұрақтауына сеп болады.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!