Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарының және вегетациялық кезеңнің барысы талқыланған Үкімет отырысы өтті. Онда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасады.
«Биыл Қызылорда облысында 193 700 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Үкіметтің Жол картасына сәйкес, күріш 80 900 гектарға жоспарланған, өткен жылмен салыстырғанда 4700 гектарға қысқартылады.
Шаруашылық құрылымдары тұқыммен толық қамтамасыз етілген, 4046 ауыл шаруашылығы техникасы жөнделген, 10 мың тонна дизель кестеге сәйкес облысқа жеткізіліп, таратылуда. Бүгінде ерте егілетін ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып болды.
Күріш себу 21 сәуір күні басталып, бүгінгі күні 37500 гектары егілді, 26
700 гектары суға бастырылды.
Ауа райы ерте жылынуына байланысты күріш себу жұмыстары да ерте басталып, егісті суға бастыру үшін жоғарыдан келетін су көлемі төмендеу болуда. Суды тиімді пайдалануда 357 насос қондырғы дайындалып, оның 53-і жұмыс жасап тұр, қалғаны қашыртқыға су тасталған соң суды екінші мәрте пайдалану үшін іске қосылады. Күріш алқаптарын лазерлік тегістеу көлемі 60 мың гектарға, ал су үнемдеу технологияларын пайдалану 9200 гектарға жеткізіледі.
Қоймаларға жиналған және жоғарыдан келетін судың болжамына сәйкес, биыл 3 млрд 902 млн текше метр су лимиті белгіленген. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында «Шардара» су қоймасына жоғарыдан қосымша 3 млрд 700 млн текше метр су түсуі белгіленді. Мамыр айында секундына 330 текше метр су түсуі жоспарланғанымен, бүгінде 57,6 текше метр немесе жоспардағының 17,4%-ы ғана түсуде. 12 мамырдағы жағдай бойынша «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіндегі су көлемі 4 млрд 821 млн текше метр, бұл былтырғыдан 700 млн текше метрге кем.
Вегетациялық кезеңді тұрақты өткізу үшін Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан көрші мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, «Шардара» су қоймасына жоғарыдан кемінде 2,5 млрд. текше метр су түсуіне ықпал жасау жөнінде тиісті министрліктерге ұсыныс берілді. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, министрліктермен бірге тиісті жұмыстар атқарылады», – деді аймақ басшысы.
Үкімет отырысынан кейін жауапты сала басшыларының міндеттері айқындалған жиын өтті.
«Орталық атқарушы органдар мен өңір әкімдеріне көктемгі егіс жұмыстарын бақылауға алу тапсырылды. Өңіріміздегі егін шаруашылығының жайы Сырдария өзеніндегі су деңгейіне тікелей байланысты. Қазір су ресурстарының тапшылығы жаһандық мәселеге айналды. Президентіміз суды неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мен цифрландыруға баса назар аударуда.
Әртараптандыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан су тапшылығы жағдайында күріш көлемін оңтайландырып, өзге дақылдар егісін ұлғайту – маңызды қадам. Қала, аудан әкімдері, қазіргі қалыптасқан су тапшылығы жағдайында күріштен басқа дақылдар көлемін арттыруда нақты шаралар қабылдаңыздар», – деді Н. Нәлібаев.
Басқосуда жергілікті тұрғындарға өз-өзін негізгі азық-түлік, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қосымша егістік жер дайындап беру жұмыстары да пысықталды. Бұл бастаманы жұртшылық қолдап, егістік жерге сұраныс артып келеді. Биыл картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егуге 5 мыңнан астам отбасы ниет білдірген. Оларға ауылдардан 3 300 гектар жер дайындалып, бүгінде 900 гектары егілді. Аймақ басшысы тұрғындарды жұмыспен қамтуды, оларға егін егуге, өнімдерін сатуға барынша мүмкіндік жасауды тапсырды.
Мәжілісте су айдындарында тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін сақтауға қатысты тапсырмалар берілді. Қала, аудан әкімдіктеріне жағажайларды талапқа сәйкестендіру жүктелді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!