Жәрмеңке. Бұл күнді, яғни молшылық мерекесін елордалықтардың асыға күткені көрініп-ақ тұрды. Базар нарығынан 15-20 пайыз төмен сатылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне тұрғындар таң атысымен келіп алған. Себебі өздеріңіз білетіндей, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай өсті. Әрине, ешкімді кінәлай да алмайсың, аяқсу тапшылығы белең алған уақытта бау-бақша баптау кімге болса да оңай емес. Десе де еңбекті жанына арқау еткен Сыр шаруалары биыл да жоқтан бар жасап, біраз өнімге кенелген. Енді жаз бойы сол баптап өсірген өнімдерін халықпен бөлісуге ерке Есілге келіп қалған жайы бар. «Бірлік түбі – береке» деген ұстанымға берік Сыр халқы жәрмеңкені арқа-жарқа көңіл-күймен той іспетті өткізді.
Елорда тұрғындарына Сыр өңірінің брендіне айналған күріші, балығы мен ас тұзы, қауын-қарбызы, ұлттық сусындары жеткізілді. Онда Сыр диқандары мен тауарөндірушілерінің құны 270 млн теңге болатын 600 тоннадан астам 80-ге жуық өнім ұсынылған. Атап айтқанда, 300 тоннадан астам күріш, 6 тонна ет өнімдері, 30 тоннадай балық өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 180 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері бар. Келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлау үшін Сыр елі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама да ұйымдастырылған.
Бұл жәрмеңке бұрынғы жәрмеңкелерден расында бөлек болды. Бұл жолы өнімнің сапасына, бағасына жергілікті тұрғындар тарапынан ешқандай өкпе-наз айтылмады. Керісінше арзан әрі сапалы өнімнен сауда жасап қалуды көздеді.
Елорда тұрғыны Нұрғиса Мырзатайдың «Алтын күз» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Ол да жәрмеңкеде барлық өнімнің арзан бағада сатылғанын жасырмады, сапаға да көңілі толатынын жеткізді. Өзінің айтуынша, үйіне 3 қап картоп пен 1 қап пияз, сондай-ақ жаңадариялық қауын-қарбыз, балығы мен еті бар, біршама сауда жасап үлгерген. Бір айлығына қыстан қысылмай өтетіндей азығын қамдаған тұрғынның көңілі көтеріңкі, Сыр елінен, ұйымдастырушылардан, шаруа адамдарынан алғысын аямады.
– Сыр елінің шаруалары Астанаға келіп, жәрмеңке өткізеді дегенде, дереу отбасымызбен қажетті азық-түліктің тізімін жасадық. Несін жасырайық, бұған дейін де бірнеше жыл қатарынан жәрмеңкеге келіп, бірқатар өнім алып кететінмін. Сонда нарықтағы бағадан ондағы өнімдер бағасында айтарлықтай айырмашылық байқайтынмын. Ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде бақша өнімдері мен көкөніс құны айтарлықтай шарықтағанын жақсы білгендіктен шыны керек, биылғы жәрмеңкеден оңтайлы баға күтпедім. Өйткені жазда көкөніс, қауын-қарбыз бағасы мүлде түскен жоқ, тіпті дүкен сөресінен таппадық. Бірақ бүгін бұл пікірімнің теріс болғанына қуанып отырмын. Мұндағы өнімдер бағасының тым арзан екенін көріп, қысқа, көктемге жететін мол азығымды алдым. Әрине, мұндай шаралар қарапайым халыққа тиімді екені айтпасақ та белгілі ғой. Сыр елінің басшысына алғысымды білдіремін. Бір сөзбен айтқанда, жәрмеңкеден көтеріңкі көңіл-күймен үйге қайтып бара жатырмыз, – дейді Астана тұрғыны.
Астаналықтар бұрын ауылдағы ағайынға өтініш айтып, ауыл шаруашылығы өнімдерінен ауыз тисе, кешегі жәрмеңкеде елордалықтар өздері саудагермен бетпе-бет сауда жасауға мүмкіндік алған.
Сыр елінің күрішін айтпасақ та белгілі, түрлі сұрпы бар. Жәрмеңкеге атбасын бұрғандар «орта ғасырлардағы Отырар базарына түскендей әсер алдық» деп тәнті болса керек. Бірі «Жаңадарияның қауыны қайда?» деп айқай салса, енді бірінің «Дихан ата күрішін аламын» деген дауысы жәрмеңкенің ұранына айналған.
Жалпы аймақтың аграрлық саласында бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Осы жылдың 8 айында ауыл шаруашылығында 58,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,1 пайызға артқан. Биыл 190 мың гектарға жуық жерге егін егілсе, негізгі дақыл күрiштің көлемі 85,6 мың гектарды құраған. Егісті әртараптандыру бағытында 2,6 мың гектарға, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 4,4 мың гектарға дақылдар егілген.
Егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Қазір облыста егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 50,3 мың гектары орылып, 42,7 мың гектары бастырылған. Әр гектардан орташа есеппен 52,1 центнерден өнім алынуда.
Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылып, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда ірі қара мал басы 36,6, қой мен ешкі 22,3, жылқы 0,1, түйе 4,3, құс 7,7 пайызға көбейген. Мұнан бөлек өңірдің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Бүгінде Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің басым бөлігі – күріш. Ол Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!