Ауылдың қырманы толатын, берекелі де мерекелі алтын күз де келіп жетті. Күз – молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі. Сыр салысынан бөлек бау-бақшамызда әбден пісіп-жетілген көкөністер мен жемістер, майлы ет пен балығымыз әр отбасының дастарханынан орын алып, Жер-ананың ризығына шүкір етеміз.
Жаз бойы бау-бақшасының маңында болып, оны күтіп-баптауға бар күш-жігерін жұмсаған ақжүректі, кең пейілді Сыр шаруалары облыс орталығына арнайы барып, өнімдерін халықпен бөлісті. «Алтын күз – 2024» дәстүрлі мерекеде арнайы дайындалған сөрелер лық толды. Әдеттегідей табиғи азық-түлік пен ет, балық өнімдері және көкөністер мен жемістер сатылымға шығарылды. Бұл жолы қала тұрғындарын сапалы өніммен қатар жайлы баға да қуантты. Жәрмеңкеде төбе көрсеткен шаруалардың барлығы нарықтан 25-30 пайыз төмен бағамен қызылордалықтарға сапалы өнімдерін өткізуге тырысты.
Биыл Сыр шаруалары 189 400 гектар жерге егін екті, нәтижесінде 85 600 гектар күріштен 58 центнерден өнім алып, жарты миллион тоннаға жуық Сыр маржанын жинаған. Бүгінде күріштен басқа да дәнді дақылдардан 18,5 мың тонна, майлы дақылдардан 4,9 мың тонна, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен 352,7 мың тонна, мал азықтық дақылдардан 327 мың тонна өнім қамбаға құйылған.
Қала күніне орайластырылған ауқымды іс-шарада Сыр диқандарының 1000 тоннадан астам өнімі саудаға шығарылды. Атап айтқанда, 200 тоннадан астам күріш, 25 тонна ет және 40 тоннадай балық өнімдері, 200 тонна картоп, 70 тонна сәбіз, 120 тонна пияз, 150 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 250 тонна бақша өнімдері, 10 тоннадай сүт өнімдері, 10 тоннаға жуық кондитер өнімдері, 200 бас тоқты және 40 тонна жем-шөп жеткізілген.
– Жәрмеңке маған ұнап жатыр. Үйімнің жанында, алыс емес. Баға арзан, күріш, ұн, ет және балық өнімдерін сатып алдым. Осындай жәрмеңке жиі ұйымдастырылса деймін. Халыққа жақсы ғой, бағалары қалтаға қонымды, картоп, сәбіз, пияз барлық жерде қымбат екені рас. Ал жәрмеңкеден оңтайлы бағада сатып аласың. Ұйымдастырушыларға, кәсіпкерлерге ризамыз, халық қуана келіп жатыр, – дейді қала тұрғыны Төлеш Жанаева.
Әрине, жалағаштық шаруалар да жәрмеңкеде өз өнімдерін сөрелерге қойып, қала тұрғындарын барынша қуантты. Олай болатыны да заңдылық, өйткені күз келсе, қызылордалықтар Жалағаштың күрішін, Жаңадарияның қауын-қарбызын, Мақпалкөлдің алмасын асыға күтеді.
– Жәрмеңкеде ауданнан 60 автокөлікпен өнім әкелініп, жалпы құны 46 млн 850 мың теңгенің азық-түлігі сатылымға шығарылды. Іс-шара барысында 200,9 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері және мал азықтық жем-шөптен 6,5 тонна қала тұрғындарына ұсынылды. Айта кету қажет, жәрмеңке қарсаңында өнімдердің бағасы нарықтан 20-30 пайызға төмен болды. Жыл соңына дейін Жалағаш ауданы қала тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қараша-желтоқсан айларында 3 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыру жоспарлауда. Алдағы уақытта да қажеттілік тудыратын азық-түлік өнімдері жәрмеңке барысында халыққа қолайлы бағада ұсынылатын болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов.
Жәрмеңкеде жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, балаларға арналған ойындар ұйымдастырылып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, қызылордалықтар жәрмеңкені тек сауда-саттық мақсатта ғана емес, бір-бірімен қал-жағдай сұрасып, той іспетті өткізді.
– Мен Жаңадария ауылының тұрғынымын. Өздеріңіз де байқап тұрған шығарсыздар, Жаңадария десе, халықтың есіне бірінші қауын мен қарбыз түсетіні бар. Жаз бойы ауыл маңында қауын-қарбыз ектім, бүгін сол өнімдерді халық алдына әкеліп отырмын. Шүкір, сауда бар, өнімге сұраныс жоғары. Ең бастысы, қауын-қарбызым тұтынушыларға ұнап жатыр. Әрине, маңдай термен, ешқандай қоспасыз егілген өнімнің тәтті болары анық. Жасыратыны жоқ, биыл шаруалар үшін қиындау болды, өйткені аптап ыстықта аяқ су тапшылығына тап болдық. Десе де қиындыққа берілмедік, Жер ана да бізді ренжітпей, осындай керемет өнімін берді. Міне, енді сол қауын-қарбызды сіздермен бөлісуге келіп қалдық, – дейді шаруа адамы Ғалымжан Құрақбаев.
Жалпы жәрмеңкені ұйымдастырудың мақсаты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден тікелей тұтынушыларға жеткізу болып табылады. Бастысы, шаруалар мен тұтынушылардың көңілінен шығып жатыр.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!