Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 03:42

Кредиттер: Су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіліп жатыр?

21.04.2024

294

0

Fingramota.kz сіздердің назарларыңызға апаттан зардап шеккен қарыз алушыларға көмек көрсету шеңберінде банктер мен микроқаржы ұйымдары жүзеге асырып жатқан шаралар туралы азаматтардың өзекті сұрақтарына жауаптар ұсынады. Бұл сұрақтар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кері байланыс арналары – «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы және «1459» нөмірі бойынша сall-орталық арқылы келіп түсуде.

«Fingramota Online» мобильдік қосымшасы Агенттікте халықтың қаржы реттеушісімен жедел өзара іс-қимылын және кері байланысын нығайту мақсатында жұмыс істейді. Онда 14 тақырыптық бөлім бар, оларда реттеушіге қаржы өнімдері мен көрсетілетін қызметтер, алаяқтық жағдайларында қаржы ұйымдарымен, МҚҰ, коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл жасау жөнінде сұрақтар қоюға болады. Мобильдік қосымша іске қосылған сәттен бастап «Fingramota Online» арқылы пайдаланушылардан 10 мыңнан аса сұрақ қабылданып, өңделді.

Қаржы реттеушісінің қызметі туралы қолжетімді әрі толық ақпарат алу үшін Агенттікте call-орталық жұмыс істейді, ол арқылы бүгінгі күні азаматтардан 53,3 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Call-орталықтың жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00 – 17.00 аралығы, түскі үзіліс сағат 13.00 – 14.30.

Сұрақ: Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы қарыз алушылар қандай көмек ала алады?  

Жауап: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірлердегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы тапсырмасы шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) бірлесіп табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға, шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету іс-шараларын іске асыруда. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтардың кредиттері бойынша төлемдер 2024 жылғы 1 сәуір – 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылады.

Зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша су тасқыны салдарының ықпалына байланысты туындаған, төлемдердің кешіктірілгені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді.

Зардап шеккен барлық дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ су тасқыны шаруашылық қызметтің бұзылуына әкеп соққан шағын және орта бизнес субъектілеріне олардың берген өтініштері ескеріле отырып, кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілетін болады.

Банктер мен МҚҰ қарыз алушылардың мүлкі мен жеке шаруашылығына, табысы мен қаржылық жағдайына келтірілген зиянның әсерін бағалау үшін әрбір зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізеді, оның негізінде кредиттер бойынша дербес қолдау көрсетудің қосымша шаралары айқындалатын болады.

Сұрақ: Су тасқынынан зардап шеккен барлық жеке қарыз алушыларға кейінге қалдыру қарастырылған ба?

Жауап: Өңірлік әкімдіктер қалыптастыратын апаттан зардап шеккен қарыз алушылардың тізімі негізінде аталған азаматтарға ағымдағы жылғы
1 сәуір – 30 маусым аралығында банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдер кейінге қалдырылады. Қарыз алушының аталған тізімде болу-болмауын тексеру үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органға немесе өзіңіздің кредит берген ұйымыңызға жүгінуге болады.

Сұрақ: Бизнес өкілдері кредиттері бойынша төлемді қалай кейінге қалдыра алады?

Жауап: Төлемді кейінге қалдыру туралы өтініш жазып, оны өз банкіңізге немесе МҚҰ-ға беру керек.  Зардап шеккен қарыз алушыларды көмек шаралары туралы хабардар ету мақсатында кредиттік ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарында тиісті өтініштерді берудің нақты алгоритмдері және кредиттерді қайта құрылымдау тәртібі жарияланады.

Сұрақ: Кейінге қалдыру кезеңінде өсімпұлдар мен айыппұлдар есептеле ме?

Жауап: Кейінге қалдыру кезеңінде өсімпұлдар мен айыппұлдар есептелмейді.

Сұрақ: Кредиттік ұйым қарыз алушыларға қайта құрылымдау жүргізуден бас тартса не істеу керек?

Жауап: Егер қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізу мүмкін болмаса, қарыз алушы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне немесе аумақтық тиістілігі бойынша Агенттіктің өңірлік өкілдік басқармаларына ресми өтінішпен жүгінуге құқылы. Өтініш жазбаша нысанда болуы не e-Otinish жолданым жүйесі арқылы жіберілуге тиіс. Бұл ретте қарыз алушының банкке немесе МҚҰ-ға жолданымын және өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмегенін растауды міндетті түрде ұсыну қажет.

Сұрақ: Су тасқынынан  зардап шеккен азаматтар расында Еңбек министрлігінен өтемақы ала ма?

Жауап: Жоқ, 100 АЕК мөлшеріндегі біржолғы өтемақы төлемін және жоғалған және/немесе бүлінген мүлікке өтемақы алу үшін әкімдікке жүгіну қажет. Еңбек министрлігінен және жекелеген банктерден 3 млн теңге және одан астам сомада берілетін өтемақы туралы интернетте, әсіресе әлеуметтік желілерде таратылатын ақпарат – фейк.

Адамдарды жаңылыстыру үшін алаяқтар әрбір жарнама постының астына: «Жедел төлем үшін рақмет», «Сома сол күні түседі», «Өтінімді жедел беріңіздер» деген мәтіндері бар боттардың түсіндірмелерін орналастырады.

Алаяқтардың басты мақсаты –  азаматтарды «Толық» немесе «Өз өтемақымды тексеру» дегенді баса отырып, фишингтік сілтемеге басуға мәжбүрлеу. Одан әрі пайдаланушы алаяқтық сайтқа тап болады, ол жерде оған ақша алу үшін тіркелу ұсынылады. Ал бұл үшін ЖСН, банктік картаның деректемелері, SMS-хабарлама сияқты дербес деректерді енгізу қажет.

Азаматтар аталған талапты орындай салысымен олардың деректері автоматты түрде алаяқтарға түседі. Қаскүнемдер өз құрбанының шоттарындағы барлық ақша қаражатын есептеп шығарып немесе «бөтен» кредит ресімдей алады. Сондай-ақ, күмәнді сайттарға өткеннен кейін хакерлік шабуылға тап болу қаупі болады, ол пайдаланушының құрылғысына шпиондық бағдарлама орнатуға негізделеді. Осы қосымшалар арқылы алаяқтар онлайн-банкингке және басқа да құпия ақпаратқа қол жеткізеді.

Оның атынан жалған ақпарат таратылатын ұйымға жүгіну арқылы алдау жағдайын білуге болады. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалған ақпаратқа жедел ден қойып, хабарда көрсетілген сілтеменің қаскүнемдер пайдаланушының жеке деректерін алу мақсатында қолданатын тәсіл болуы мүмкін екенін хабарлады. «Тиісті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат 1414 нөмірінен тек SMS-хабар арқылы таратылады. Азаматтардан тек ресми дереккөздерден алынған ақпаратқа ғана сенуді сұраймыз», – деп атап өтті ведомство өкілдері ресми баспасөз релизінде.

Алаяқтардың кез келген, оның ішінде төрт таңбалы нөмірлерді жасай алатынын естен шығармаған жөн, сондықтан SMS-хабарлама арқылы жіберілетін нөмірлерге қоңырау соқпай және ондағы сілтемелерге өтпей, дербес түрде ұйымдардағы жедел желілердің нөмірін теру қажет.

Алаяқтарға алданып қалмау үшін қауіпсіздіктің мына қарапайым қағидаларын сақтау қажет:

Төлемдер туралы ақпаратты әрқашан банктердің, мемлекеттік органдардың ресми сайттарынан тексеріп отырыңыз;
Өзіңіздің жеке және банктік деректеріңізді, әсіресе картаның оның жарамдылық мерзімін және арғы бетіндегі үш таңбалы санды күмәнді сайттарда жарияламаңыз;
Ақша туралы әңгіме қозғайтын бөтен адамдардың қоңыраулары мен хабарларына сенбеңіз;
Төлем картасындағы 3D-Secure функциясын өшірмеңіз.
Барлық транзакцияларды көріп отыру үшін мобильді қосымшадағы SMS  және push-хабарламаларды қосып қойыңыз;
Электрондық поштаға және мессенджерлерге жіберілген белгісіз файлдарды ашпаңыз; 
Алаяқтардың сайттарына өтуге мүмкіндік бермейтін вирусқа қарсы сенімді бағдарламаны орнату қажет;
Ақшалай қаражатыңызды ұрлаған жағдайда, құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгініңіз.

Фото: Fingramota.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: