Күз – береке мен мерекенің, ырыс пен несібенің мезгілі. Егіс алқаптары мен қырман басында қарқынды жұмыс жүріп, тау-тау астықтың ел қамбасына құйылар шағы. Бір сөзбен айтқанда, дала дарабоздарының күн-түн демей тіршілік қылатын кезі. Биыл аққырлық Әбілтай Орынбаев бірінші рет күріш егіпті. Ала жаздай атыз басында тер төккен диқан егістігіндегі өнімнің шығымына қарап оның бұл салада айтарлықтай тәжірибесі бар-ау дерсің.
Таңның атысы, кештің батысына қарамай, алқап басындағы бейнетке ат салысып, егін егіп, суарып, баптап, оны төкпей-шашпай жинап алуға қамданған аққырлық ағайындардың бүгінде қуанышында шек жоқ. Бұған дейін екі қолға бір күрек тауып, тіршілік қылған олар енді өз нәпақаларын егіс алқабынан табуда. «Ер-Әлі» шаруақожалығының күрішшісі, кейіпкеріміз Әбілтай Орынбаев бұған дейін түрлі жұмыстың басын біріктіріп, биыл алғаш рет күріш баптаған. Егіс алқабындағы 5 күрішшінің 4-еуі – аққырлық азамат, біреуі – Жаңаталап ауылының тұрғыны.
– Бұрын-соңды күріш егіп көрмегесін бастапқыда сәл қиындау болды. Әйтсе де, уақыт өте келе тәжірибелі диқандардан егіннің қыр-сырын меңгердік. Күріш те бала сияқты, қалай баптасаң, солай өнімін береді. Күріштің дұрыс шығуы үшін, егінжайға орақ түскенше оны уақытылы суарып, ыстық күндері күтімін күшейтіп, көзіміздің қарашығындай қарадық. Алғаш рет егіп отырғандықтан «Қалай болар екен?» деген іштей уайым болғаны рас. Дегенмен күндіз-түні жасаған еңбегіміз еш кетпеді. Жер ана ырыс-несібемізді молынан берді. Оған өзіңіз көргендей жайқалған егістік дәлел, – дейді дала дарабозы.
Иә, кейіпкеріміздің сөзінің жаны бар, баптай білгенге, жер жомарт қой. Алғаш рет егіс алқабында еңбек етсе де, өзіне артылған сенімді ақтауға тырысқан күрішші қамбаға мол өнім құюға бел буған. Шаруашылықтағы кәнігі диқандармен қатар кетпен асынып, таң бозарғаннан егістікке қарай бет алып, ала жаздай тыным таппаған. Мамырдың аяғында дәнді сеуіп бастаған ол маусым айының басына дейін егістікке күріштің «Маршал» сұрпын еккен. Дала дарабозының айтуынша, күріш сұрпының пісіп-жетілу мерзімі – 120 күн.
– Аяқсудан ешқандай кедергі болған жоқ. Арнайы насоспен суарып, уақытылы күтім жасадық. Келер жылы бұдан да жоғары өнім аламыз деген жоспарымыз бар. Биыл бірінші жыл болғасын білмейтініміз әлі де көп. Жұмысымызды әлі де жетілдіреміз. Алғашқы жылға жаман емес, – дейді кейіпкеріміз.
Әбілтай Орынбаевтың негізгі мамандығы – жүргізуші. Бүгінге дейін ауылдағы құрылыс саласында еңбек еткен, бау-бақша өнімдерін еккен ол, ендігі жерде егістік алқабында өзіндік қолтаңбасын қалдыруға бар күш-жігерін салмақ.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!