Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 05:33

Механизатор Нұркен

16.04.2024

484

0

Халық арасында «Ер еңбегімен озады» деген асыл сөз бар. Иә, қоғамда еңбекті, адал жұмысты серік еткен қаншама еңбекқор азаматтар бар. Бірін білсек, бірін біле бермейміз. Еңбек адамы далада деген оймен егін алқаптарына атбасын бұрып, бірқатар жұмысшы азаматтардың жұмысымен танысқан болатынбыз. Соның бірі – «Байтабын» шаруа қожалығының механизаторы Нұркен Мысатаев.

Иә, механизатор – ауылдық ай­мақта ең басты мамандықтардың бірі саналады. Алқаптар мен шаруа қожалықтарындағы техниканы уақы­тында ретке келтіріп, қалтқысыз жұ­мыс жасау осы маманның қо­лында.Өйткені оның еңбегі барлық ауыл ша­руа­шылық жұмыстарына ықпал етеді.
Нұрекеңе әрбір жұмыс күні ме­реке сияқты. Бала күнінен ауылдық жерде өскен ол алқаптарға барып, комбайндардың жүрісіне сүйсінетінін айтады. Болашақ мамандығына қы­зығушылық сол кезде басталған. Жас­тайынан техниканың тілін біліп, еңбекке араласып, механизатор ісінің қыр-сырын біліп шыққан. Ол осыдан 17 жыл бұрын шаруа қожалыққа сле­сарь болып жұмысқа кіріпті. Оның еңбекқорлық, ұқыптылық, сеніп тап­сырылған техниканы ұқыпты ұстау секілді қасиеттері жұмыс өнімділігін арт­тырады. «Еңбек түбі – береке» деген қағиданы ұстанған Нұрекеңді ауылдастары, әріптестері ерекше сыйлайды, мақтаудан жалық­пайды.
– Ауылда демалатын уақыт жоқ. Көктем келсе, қызу жұмыс та қа­тар басталады. Алқапта болмаса үйде жұмыс табылады. Егістікті қорек­тен­діру, ылғалды сақтау, тыңайтқыш салу, жер жырту, астық жинау. Шаруа­ның бәрін уақытылы жасау қажет. Ал қыстай техниканы жаңа маусымға дайын­даймыз. Қазір жалпы 450 гектар жерді жыртып, егінге дайындауымыз керек. Әрқайсысымыз күніне 7-8 гек­тар жер жыртамыз. Менен басқа тағы 3 трактор жұмыс жасайды, – дейді ол.
Шыны керек, бұрын бізге комбайн, трактор тіз­гін­дегендердің жұмысы адам төз­гі­сіз болып көрінетін. Ша­руаның ай­туын­ша, жұмыс едәуір жеңілдеген, өйт­кені бүгінде шаруа қожалықтың техни­калық базасы за­манауи көліктермен толыққан. Кейіп­керіміз американдық «Case» маркалы тракторын тізгіндеген. Көлік заманауи құрылғылармен, нақ­ты­рақ айтсақ, ауа салқындатқыш, магнитофон, дыбыс оқшаулағышпен жаб­дықталған. Өкі­ніштісі, бүгінде ауылда бұл жұмысқа қызығушылық та­ны­татын жастар жоқтың қасы.
– Галстук тағып, жұмыс істесең де болады, бұрынғыдай шаң болмаймыз. Бастысы, жұмысыңды жақсы көріп, одан ләззат алсаң, қиындықтар бай­қалмайды, сондықтан болар өзімді басқа салада елестете алмаймын, – дейді еңбек адамы.
Мамандығына адалдығы үшін ең­бек адамы түрлі грамоталармен ма­рапатталып, тіпті бағалы сыйлықтар да иеленген. Өзі болса, «Мен атақ-даңқ үшін емес, отбасымның алдындағы жауапкершілігім үшін адал еңбек етіп келемін» дейді.
Әрине, қазіргі жастар осындай еңбек адамдарынан үлгі алса, туған жеріне тер төксе, ауылымыз көркейіп, әлеуеті артып, халқымыз бүгінгіден де жақсы өмір сүретін еді. Өйткені әр адам бақытын еңбектен табуға құқылы.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: