Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты үйдің терезесінен үш жасар қызды құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев туған жеріне келді. Сыр жұртшылығы ардақты азаматын ыстық ықыласпен күтіп алды.
Сәбит сол оқиғадан кейін туған жерге келіп, ата-баба рухына құран бағыштап, ата-анасының батасын алуды мақсат етіп отыр.
Бұл туралы ол өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте айтты.
Сәбит Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында дүниеге келген. Досы Сағи Жылқышиевпен Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс іздеп барған. Пәтер жалдап тұрған.
– Таңертең жұмысқа бара жатқанбыз. Сол кезде адамдардың бір жерге жиналып, жоғары жаққа қарап, айқайлап тұрғанын көрдік. Қарасақ, 8-қабатта кішкентай бүлдіршін салбырап тұр екен. Бар ойымыз оны құтқару болды. Содан бірден жетінші қабатқа көтеріліп, терезеден шығып баланы қағып алдым, – дейді Сәбит Серікұлы.
Расында, терезенің жақтауынан ешбір құралсыз ұстап тұрып, адам жанын арашалап қалу көзсіз ерлікпен тең. Бейбіт күннің батыры атанып, елдің қошеметіне бөленген азаматты отбасы да мақтан тұтады.
– Иә, оқиғаны естігенде біз де таңғалдық. Әрине, адам ерлік жасау үшін дайындалмайды ғой. Өзінің өміріне де қауіп төнді. Бірақ дер кезінде шешім қабылдап, адам жанын аман алып қалды. Елдің алғысын естігенде қуанып қалдық. Құттықтау тілектерін жеткізген барша жанға алғыс айтамын, – деді Сәбиттің жары Әйгерім.
Еске сала кетейік, осы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде видео тарап, барша халық Сәбит Шонтақбаевтың ерлігіне тәнті болды. ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев азаматты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттаса, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жеке қабылдап, оның Локомотив зауытына жұмысқа орналасатынын айтқан болатын. Ал «G-парк» құрылыс компаниясы оған үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты.
«әлемді сұлулық емес, мейірімділік құтқарады». Бұл – қазақтың қанына сіңген асыл қасиеттің өлшемі. Өзгеге көмек қолын созу үшін жаңалық ашудың керегі жоқ. Ол жұдырықтай жүрек түкпіріндегі мейірім.
Сыр еліне келген Сәбитті отбасы, туған-туыстары қарсы алды. Барлығы да ержүрек азаматты құрмет тұтып, естелік суретке түсті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!