Бүгін «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев пен Қызылорда кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Екі тарап бірігіп, «Әйел әсері» атты әлеуметтік жобаны қолға алмақ. Пилоттық жүйеде іске асатын жобаның мақсаты – қоғамда көшбасшы болғысы келетін қыз-келіншектерді көпшілікке таныту. Қазірдің өзінде бұл жобаға 20 қатысушы іріктеліп отыр. Жоба түсірілімі «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің студиясында жүзеге асады.
– Бұл жоба белсенді көзқарас танытатын қыз-келіншектерді оқытып қана қоймай, нақты көрсеткіштерге қол жеткізуімен құнды. Жоба барысында әйелдер түрлі тренингтерге қатысып, ой-пікірлерін ашық айтуды үйренетін болады, – деді іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова.
Айта кетейік, Сыр өңірінде 2015 жылдан бастап Қызылорда кәсіпкерлер палатасы жанында әлеуметтік белсенді, іскер әйелдердің дәрежесін көтеріп, кәсіппен айналысып жүрген әйелдерге қолдау көрсету мақсатында іскер әйелдер кеңесі жұмыс істеп келеді.
Бүгінде әйелдер кеңесі әлеуетті бизнес-идеяларға, жобаларға қолдау көрсетіп, өз ісін енді бастаушы кәсіпкер қыз-келіншектерге ұйымдастырушылық, әдістемелік, кеңес берушілік және ақпараттық тұрғыдан көмек көрсетіп, олардың қоғамда белсенді қызмет атқаруына мұрындық болуда.

Аружан ЕРАЛЫ
Фото: Балтабай Тұрарұлы/Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!