Перзентхананың алдына жиылған жұрт әдеттегідей көңілді. Құшақ-құшақ гүл, ақжарма тілек, жүзі балбұл жанған ата-әжеге толы. Бұл қуаныштың артында тоғыз ай, тоғыз күн күткен үлкен бақыт бар. Думанды қауымды артқа тастап, есікке енген әріптесім екеумізді «Дәрігер, тез көмегіңіз қажет» деген дауыс елең еткізді. Дәлізде зыр жүгірген дәрігерлер мен медбикелер, қабылдау бөліміндегі абыр-сабыр аудандық перзентхана бөлімінің күнделікті жай-күйі десек қателеспейміз.
Иә, мұнда аптасына кем дегенде орташа есеппен 10-11 ана аталған бөлімнің көмегіне жүгініп, жылына шамамен 600-ге жуық бала жарық дүние есігін ашады. Бұл перзентханада акушер-гинеколог болып жұмыс істеп жатқанына 5 жыл болған Әсел Мейірманқызымен тілдеспек болғанымызда кейіпкеріміз жас жүкті анаға көмектесуге асығып бара жатқанын жеткізді. Осыдан-ақ кейіпкеріміздің өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, ана мен бала саулығын басты назарда ұстайтынын аңғаруға болады.
Ол босай салысымен перзентхана бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында бөлімді аралай жүріп, Әселден осы салаға келу тарихын, жұмысының қиындығы мен қызығы жайында сыр тарттық.
Әсел Жүсіпова 2008 жылы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне түсіп, 2013 жылы жалпы медицина факультетін бітірген. Ол аталған оқу орнында акушерия және гинекология мамандығы бойынша интернатура да 2 жыл, және дәл осы мамандық бойынша резидентурада 3 жыл білім алған.
– Бұл мамандыққа келуіме әкемнің туған ағасы, ауданда 30 жыл гинеколог болып қызмет етіп, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі атанған акушер-гинеколог Төремұрат Жүсіпов ағам себепкер болды. Мен 7 сыныптан бастап ағаммен бірге оның жұмыс орнына келіп, мамандығының қыр-сырын түсінбесем де қызығушылық танытып, кітаптарын оқитынмын. Бала күнгі арманым мені үлкен қызметте еңбек етіп, адам жанының арашасы атануыма себепкер болды. Өз еңбек жолымды осы аудандық аурухананың перзентханасында бастадым. Қаралушылар күнделікті толассыз келіп-кетіп жатады. Аналардың қуанышын бөлісіп, ауыртпалығын көтере жүріп, әртүрлі тағдыр иелерімен жолығып жатамыз. Бірде қуансақ, бірде мұңаятын сәттеріміз де жоқ емес. Себебі акушерлік жұмыстың қиындығы көп. Әр минут санаулы әрі бағалы. Жұмыс уақыты аяқталды деп науқастарды қараусыз тастап кете алмаймыз. Мереке күндері де кезекшілік бойынша үнемі жағдайларын жіті бақылауда ұстап, байланыста боламыз, – дейді Әсел Мейірманқызы.
Иә, екі адамның өміріне бірдей жауаптылық таныту оңай емес. Халықтың ыстық ықыласы мен алғысын арқалап жүрген Әсел 5 жылдық жұмыс тәжірибесінде 1000 нәрестенің кіндік анасы атанған. Әріптестерінің айтуынша, бірде жас ана аман-есен босануына себепкер болған кейіпкерімізге алғысы ретінде бауырына басқан қызының есімін «Әсел» деп қойған екен. Осыдан-ақ кейіпкеріміздің өмір мен өлім арасында дәрменсіз жатқан қос бірдей жанның өміріне араша түсу арқылы көптің алғысына бөленіп жүрген жан екенін, мамандық таңдаудан қателеспегенін аңғаруға болады. Бір күнде бірнеше келіншектің өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, ана атануына себепкер болатын білікті маман уақытпен санаспайды.
– Қазіргі таңда жүкті әйелдер көбіне қан қысымы, қаназдық ауруымен жиі ауырады. Бұдан бөлек ана көп қимылдамағандықтан іштегі баланың салмағы өсіп, босану барысында қиындық туындайды. Кейде соның салдарынан жаңа босанған аналарда қан тоқтамай, ота жасауға тура келеді. Бір күні түнгі кезекшілікте жедел жәрдеммен бір келіншек түсті. Табиғи жолмен босана алмайтындықтан шұғыл кесір тілігі арқылы ота жасап, баланың да, ананың да жанын аман сақтап қалдық. Алайда бірнеше сағаттан кейін ананың денсаулығы сыр беріп, жиі-жиі қан кету салдарынан перзентханадағы білікті мамандармен бірлесіп ота жасадық. Науқастың ем-шара жүргізу жоспарын санавиация желісі арқылы арнайы облыстан, республикадан шақыртылған мамандармен кеңестік. 5 күн бойы жан сақтау бөліміне кезекпен кезекшілікке тұрып, ананың денсаулығын бақылап, қан құйып, қажетті ем-шараларын жүргіздік. Қазір шүкір, ананың да баланың да дені сау. Бұндай жағдайлармен кейде жиі кездесіп жатамыз. Аналарға үнемі уақытылы дәрігердің қабылдауына барып, қаназдық, қан қысымы сияқты арурулармен күресіп алдын алыңыз деп ескертіп жүремін, – дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, жыл басынан бері аудандық перзентханада 404 бала дүниеге келген. Оның 204-і ұл болса, 200-і қыз бала екен. Мұнан бөлек бұл бөлімде бүгінге дейін ана мен бала өлімі тіркелмеген. Сондықтан кейде қалада тұратын жас аналар аудандық перзентхана мамандарының көмегіне жүгінеді.
– Әсел Мейірманқызы – өте білікті маман. Сол кісінің көмегімен бүгін табиғи жолмен босанып, баламды бауырыма бастым. Бұл біріншісі емес, дәрігер Әсел осымен үшінші бөпемнің кіндік анасы. Қиын сәтте қасымнан табылып, көмек қолын созған алтын қолды дәрігерге алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді жас ана Индира Жалғасбекқызы.
Иә, оның көмегімен аман-есен босанған аналар Әселді «алтынқолды дәрігер» деп атап кеткен. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, науқастармен жасаған қарым-қатынасын көргендер кейіпкеріміздің алғыс арқалаған ақхалатты абзал жан екенін оңай аңғарады. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, тәжірибелік білімін жетілдіруден шаршамайтын маман алдына келген әрбір ананың дені сау ұрпақты дүниеге әкеліп, отбасына аман-есен қауышуынан асқан бақыт жоқ деп біледі.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!