Наурыз айында Қызылорда облысында орташа ауа температура +0,1 мен +7,7 градус шамасында сақталмақ. Тиісінше, аймақтың басым бөлігінде жылы ауа температурасы күтілсе, облыстың оңтүстік-шығысында ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болады деп болжануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Айгерім Жөкелова хабарлады.
-Наурыз айының бірінші онкүндігінде ауа температурасы түнде -5-10 градус, ал күндіз +5+10 градус шамасында болады. Ал облыстың солтүстігінде +2 градусты көрсетеді деп күтілуде. Айдың екінші онкүндігінде өңірде ауа температурасы түнде 0+5 градусты көрсетсе, күндіз +10+15 градусқа дейін көтеріледі. Ал үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде +5+10 градус шамасында болады. Облыстың солтүстігінде түнде +2 градусқа дейін, ал күндіз +11+16 градус жылы ауа райы сақталады. Сондай-ақ, аймақтың оңтүстігінде +21 градусқа дейін жоғарылауы болжануда. Бұдан бөлек, наурыз айында жауын-шашынның айлық мөлшері норма шамасында жауады деп күтілуде. Сәйкесінше, жауын-шашын айдың бірінші онкүндігінің соңында, екінші онкүндіктің басында және үшінші онкүндіктің соңында жауады. Ал тұман бірінші онкүндіктің басында және үшінші онкүндіктің ортасында, көктайғақ айдың ортасында болуы мүмкін. Сондай-ақ, наурызда жел секундына 15-20 м/с соғып, бірінші онкүндіктің ортасында шаңды дауыл көтеріледі, – деді Айгерім Болатқызы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!