Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 16:26

Несие алуға неге құмармыз?

11.07.2024

176

0

Қазақстандықтардың банктер алдындағы берешегі 18 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде жалпы құны 716 млрд теңгені құрайтын несиені борышкерлер жаба алмай жүр. Енді несие төлемін 90 күнге кешіктіргендерге кредит берілмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «кредит беруде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушының құқықтарын қорғау туралы» заңға қол қойды. Енді қаржылық ұйымдар азаматтардың қарызын коллекторларға өткізе алмайды. Ал банк пен тұтынушы арасындағы дауды омбудсмендер реттейді.

2 млн-ға жуық адам
банктерге қарыз

Ұлттық Банктің мәліметінше, биыл 5 айда еліміздің банк сек­то­рында 21 екінші деңгейдегі банк тіркелген. Оның 11-і шетелдің қаты­суы­мен болса, 8-і – еншілес. Банк секторының активтері негізінен өтімді ак­тивтердің 3 пайызға немесе 598 млрд теңгеге өсуі есебінен мамырда 1,6 пайызға немесе 853 млрд теңгеге ұлғайып (2024 жылдың басынан бері 3,5 пайызға, 1,8 трлн теңгеге өсу), 53,3 трлн теңгені құраған.
Қазіргі таңда Қазақстанда 2 млн-ға жуық адамның банк алдында берешегі бар. Президент қол қойған арнайы заңда қаржы ұйымдары 2026 жылдың ма­мыр айынан бастап банк алдындағы берешегі 24 айдан асқан қарыздарды ғана коллекторларға бере алатыны көрсетілген.
«Екінші деңгейдегі банктердің өтім­ділігі жоғары активтері 15,8 трлн теңгені немесе активтердің 29,6 пайы­зын құрады. Бұл банктерге міндет­те­мелеріне толық көлемде қызмет көр­сетуге мүмкіндік береді. 2024 жылдың мамырында екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген неиселер 1,4 пайыз­ға, яғни 29,5 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 5,6 пайызға өсу), оның ішінде ұлттық валютада 1,4 пайызға, яғни 27,2 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 1,8 пайызға немесе 2,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде теңгедегі несиелердің үлес салмағы биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша 92 пайызды құрады» деп көрсетілген Ұлттық Банктің хабарламасында.
Бүгінде микроқаржы омбудсмені институты құрылып, банк омбуд­смен­дерінің құзіреті кеңейтілген. Енді олар банк пен халық арасындағы дауды сотқа жеткізбей шешуді өз құзіретіне алады. Жеке тұлға уәкілдің шешімімен ке­ліссе, қаржы ұйымдары оны жүзеге асыруы тиіс.
Жаңа заңнамада несие беру та­лаптары барынша қатаңдатылған. Бұдан былай банктер мен микро­қар­жылық ұйымдар кредитті бұрын­ғы­дай бере бермейді. Талапқа сәйкес енді несие алатын адамның табысы толық тексерілуі тиіс. Сондай-ақ ол жала­қы­сының 50 пайызын ғана кредит төлеуге жұмсауы керек.
Биыл елімізде халыққа берілген несие 1,3 пайызға ұлғайып, 18 трлн тең­гені құрады. Өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 7,8 пайызға өскен. Мамандар елдің банк алдындағы қарызының өсуін тұты­нушылық қарыздардың 1,7 пайызға, яғни 11,3 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ ипотекалық кредиттеудің 0,5 пайызға немесе 5,5 трлн теңгеге дейін жоғарылауымен байланыстырады.

1 трлн теңгенің төлем уақыты
90 күннен асқан

Жаздың алғашқы айындағы жағдай бойынша борышкерлердің жалпы құны 1 трлн теңгені құрайтын қарызының төлем уақыты 90 күннен асып кеткен. Бұл жалпы отандастарымыздың банк алдындағы берешегінің 3,2 пайызын құрап отыр. Жыл басында бұл көрсеткіш 2,9 пайыз, яғни 864 млрд теңге болатын.
Иә, енді банк алдындағы берешегін 90 күнге дейін төлемегендерге несие берілмейді. Бірақ бұл шектеудің қа­рызды қайта қаржыландыруға қа­тысы жоқ. Сонымен қатар азамат­тар­дың банкроттыққа өтініш беру тәр­тібі де жеңілдеді. Енді әдеттегідей қыруар құжат жинаудың қажеті жоқ, тек өтініш білдірсе болғаны. Құжаттар электронды түрде тексеріледі. Бұл заң 2 айдан кейін күшіне енеді.

11,7 мыңнан астам адам
банкрот деп танылған

Осыған дейін елімізде соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға 97 мың өтініш қабылданған. Оның 80 мыңынан бас тартылған. 11,7 мыңнан астам аза­мат банкрот деп танылған. 25 млрд теңгеден астам қаражат есептен шы­ғарылды. Алматы, Түркістан об­лысы, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласы тұрғындарынан бан­кроттыққа ең көп өтініш түскен.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев халық арасында банкроттық бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізу маңыз­ды деп есептейді. Егер адам банкрот деп танылса, бірқатар шектеу шара­лары бар. Мәселен, шетелге шығу, қо­сымша несие алу мүмкіндігінен айы­рылады. Қазіргі таңда аталған ми­нистрлік заңнамалық деңгейде бір­қатар құжаттарды алып тастады. Ми­нистр бұл жеке тұлғаларға өтінішті бер­ген кезде қолайлы жағдай жасау мақсатында жасалғанын айтады

Бизнеске берілген несие
1,5 пайызға артқан

Еімізде бизнес субъектілеріне бе­рілетін кредиттер де 1,5 пайызға ар­тып, 11,5 трлн теңгеге өскен. Жалпы жыл басынан бері 2,5 пайызға артқан. Олардың құрылымында заңды тұл­ға­ларға берілетін несиелер 0,9 пайызға, яғни 9,7 трлн теңгеге дейін өскен. Оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілеріне қарыздар 0,1 пайызға немесе 5,6 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске қарыздар 1,9 пайызға, яғни 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Ал дара кәсіпкерлерге берілетін несиелер 1 айда 5,3 пайызға, яғни 1,9 трлн теңгеге ұлғайған.
Биыл мамырда бизнес субъекті­леріне 1,4 трлн теңге көлемінде жаңа қарыздар берілген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,6 пайызға артық. Жалпы жыл ба­сы­нан бері 6,8 трлн теңге берілген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 21,8 пайызға артық.
Иә тиісті заңға халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ережелер енгізілген. Әскери қызметшілер мерзімді әс­кери қызметін өткеру кезінде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде алған қарызына сыйақы есептеуден босатылады.
2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. 2026 жылы мамырдан бастап кол­лекторлық агенттіктерге жеке тұлға­лар­дың құқықтарын (талаптарды) беру шарттары қатаңдатылады. Дәл осы күннен бастап тек берешек туын­даған сәттен 24 ай өткен және бе­ре­шекті реттеу жөніндегі рәсімдер міндетті түрде жүргізілген жағдайда ғана қарыз алушы жеке тұлғаларға қа­тысты құ­қықтарды (талаптарды) коллек­тор­ларға беруге құқылы.
Банк омбудсманының барлық банк­тік қарыз шарттары бойынша дауларды қарау құзыреті кеңейтілді (бұған дейін ол тек ипотекалық шарттарға қатысты дауларды қарайтын) және микроқаржы омбудсманы институты енгізілді. Жеке тұлғалар омбудсмандардың шешімімен келіскен жағдайда, мұндай шешімдерді қаржы ұйымдары орындауға міндетті.
Омбудсмандар халықтың әлеу­мет­тік осал топтарына жататын борышкер жеке тұлғалардың өтініштерін қараған кезде кепілге алынған жылжымайтын мүлікті өндіріп алуға тыйым салынады. Сондай-ақ осы санатқа жататын аза­маттар бұған дейін міндеттемені орын­дамағанына байланысты банк балансына өтіп кеткен жалдамалы бас­панасын сатып алуға құқылы. Кә­мелетке толмаған балалары бар отбасыларды және 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады.
Өндіріп алуға жатпайтын және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдаған кезде қа­рыз алушының банктік шотында қалуға тиіс ақша сомасы ең төменгі күн­көріс деңгейінің (43 407 теңге) екі есе­ленген мөлшеріне (86 814 теңге) дейін ұлғайтылды. 20 АЕК-ке (73 840 теңге) дейінгі әкімшілік айып­пұл­дарды және салық берешегін өндіріп алу кезінде оңайлатылған іс жүргізу тәртібі енгізілді. Істі әділет органдары автоматтандырылған ақ­па­рат­тық жүйесі арқылы жүр­гізеді. Бұл азаматтарды жеке сот орындау­шыларының қызметтеріне ақы төлеу міндеттемесінен босатады. Мұндай ме­ханизммен келіспеген жағдайда ат­қарушылық іс жүргізу жалпыға бір­дей бекітілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
Алаяқтық әрекеттерге жол бермеу үшін онлайн қарыздар бойынша мін­детті түрде биометриялық сәйкес­тендіру енгізілді. Бұған дейін кредиттік бюрода азаматтардың несие алудан ерікті түрде бас тартқаны туралы мә­лімет болған жағдайда қарыз беруге тыйым салынған еді. Осы заңда аталған тыйымды бұза отырып берілген қарыздар бойынша берешекті қаржы институттары кешіру талабы енгізілді. Сондай-ақ қабылданған заңға сәйкес аталған тыйым ломбардтар берген микрокредиттерге таралмайды.
Алаяқтардың ықпалымен рәсім­делгенін дәлелдейтін сот актілері бар берешектер заң қолданысқа енгізілген күннен бастап кешіріледі. Сонымен қатар заң арнайы электронды сауда алаңын құру арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдарының активтерін сату механизмдерін жетілдіреді.
Иә, қазір несие қамытын кимеген қазақ кемде-кем. Оның ретсіз алын­ғаны да, мақсатсыз алынғаны да жоқ емес. Негізінен несие тұрмыстық сапаны арттыруға бағытталмаса, бір­күндік той-томалақ, қызық үшін жо­лайтын дүние емес, осы жағын саралаған жөн.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: