Бүгінде жалағаштықтар табыстың тетігі кәсіпте екенін жақсы түсінген. Жалпы қолдан келетін сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, кәсіппен айналысқысы келетіндер едәуір артқан. Оның себебі азаматтарға кәсіп бастау үшін мемлекеттен қолдау да көп, тек ынта болса жеткілікті.
Мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Нақтырақ тоқалсақ, облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында соңғы екі жылда 4,3 млрд теңгеге 601 жоба жүзеге асырылып, 917 жаңа жұмыс орны ашылған. Әрине бұл ауқымды жұмыстың нәтижесі екені анық, алайда бұл межеге тоқмейілсуге болмайды. Сондықтан биыл тағы 815 жобаны іске қосып, сол арқылы 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Бүгінде осы бағытта шағын өндіріс орталықтарын құруға басымдық берілуде. Шаруашылық құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде кәсібін бастаушыларды ғимаратпен, кепілдікпен қамтамасыз ету тәжірибесі де енгізілген. Еске салайық, өткен жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 49 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында биыл агро-индустриялық жобаларға қажет мамандар даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс саны 5 308 орынға дейін ұлғайтылған.
Қаңтарда 10 жоба қаржыландырылды
Ауданға келетін болсақ, Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі тұрғындардың табысын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап өңірде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жұмыстары сәтті жүзеге асырылып келеді.
Мәселен, былтыр шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 972-ге жетіп, бүгінде оның 2 839 субъектісі немесе 95,5 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ қаржы институттары арқылы аудан кәсіпкерлері ұсынған 325 жоба 5 млрд 132 млн теңгеге қаржыландырылып, 176 жаңа жұмыс орны ашылды.
Мұнан бөлек «Байқоңыр ӘКК» ҰК» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржылық қолдауға ие болу үшін әртүрлі бағыттар бойынша 268,4 млн теңгені құрайтын 48 жоба «Ауыл аманаты» цифрлық платформасына енгізілген. Оның ішінде 60 млн теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылып, 11 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ өткен жылы желтоқсан айында 43 млн теңгені құрайтын 10 жоба комиссияда мақұлданып, қаңтар айының басында толық қаржыландырылған.
Нақтырақ айтсақ, ауданда өңдеу саласын дамыту мақсатында жеке кәсіпкер Халық Серіктің жеке қаражаты есебінен жалпы құны 300 млн теңгені құрайтын «Akniet» құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылды.
Сонымен қатар «Таң ЛТД» ЖШС-ның жалпы құны 422 млн теңгеге «Өндірістік база» цехының құрылысы жүргізілуде, жақын уақытта іске қосу жоспарлануда. Цех мақсарыдан май, жүгеріден ұн және күріштен кеспе өнімдерін шығаруды қолға алмақ. Сондай-ақ өндіріс арқылы 22 жұмыс орны ашылады.
Тағы да айта кететін жайт, аудан орталығынан өткен жылы кәсіпкерлердің бастамасымен құны 600 млн теңгені құрайтын 3 сауда орталығы ашылып, ел игілігіне берілді.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!