Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сейсенбі, 21 қаңтар, 14:46

Өнегемен өрбіген әулет

21.01.2025

34

0

Ауданымызда өнегелі ісімен жас ұрпаққа үлгі болып отырған отбасылар көп. Солардың бірі – Жаңаталап ауылындағы Сарбалаевтар отбасы. Балаларының бойына ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып құндылықтарын дарытып келе жатқан бұл мерейлі отбасы бүгінде 6 баладан, 22 немере, 6 шөбере өрбіткен өнегелі әулет. Кеше аядай ғана ауылда қоғам ісіне белсене араласып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырған Сарбалаевтар әулетінің қара шаңырағына аялдадық.

Ұрпақтарын ерте жастан ең­бек­ке баулып өсірген Өмірсерік Сар­балаев 1952 жылы Жаңаталап ауы­лында дүниеге келіп, ауыл ша­руашылық саласының дамуына өзін­дік үлес қосып, саналы ғұмы­рында елге елеулі қызмет еткен. Ол Отан аллдындағы әскери борышын Германия мемлекетінде атқарған. Ең алғашқы еңбек жолын 1973 жылы ауыл шаруашылығы саласында күрішші болып бастап, көлік жүргізушісі, өнім бригадирі, механик қызметтерін абыроймен атқарып зейнетке шыққан. Ол туған жерінің игілігі үшін ерен еңбек етіп, ауылдың дамуына сүбелі үлес қосқан. Ал бұл отбасының ақжаулықты анасы Несібелі Берімова еңбек ардагері, күміс алқа иегері. 1956 жылы Жалағашта дүниеге келген анамыз 1973 жылы орта мектепті бітіріп, ауыл шаруашылығы саласында күріш егіп, егін алқабында да өзін­дік қолтаңбасын қалдырған. 1979-1982 жылдары халық депу­тат­та­ры Жалағаш аудандық кеңесіне де­путат болып сайланған. 2010 жылы «Күміс алқа» иегері атанып, қа­зіргі таңда ауылдық клуб жаны­нан құрылған «Асыл әжелер» ан­самбльінің белді мүшесі.
Ол бүгінге дейін бірнеше рет аудан әкімінің алғыс хатын иеленіп, об­лыстық «Бибі – Ана» атты ел ана­лары арасында өтетін бай­қауда ІІІ дәрежелі дипломмен мара­пат­талған.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал текке ай­тыл­маса керек. Ата-анасының жас кү­ні­нен адал маңдай терімен еңбек еткенін көріп өскен ұл-қыздары бү­гінде олардың сара жолын жал­ғап, жас буынға сапалы білім беруде күш-жігерін сарп етсе, енді бір кә­сіпкерлік саласының дамуына бет бұрып, кәсібінің көкжиегін кеңейткен.
– 3 қыз, 3 ұлым бар. Әрқайсысы өз шаңырағының түтінін түтетіп, әр салада қызмет етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Балаларыммен мақтанамын. Мен үшін нағыз бақыт – балаларымның амандығы, немерелерім мен шө­бе­релерімнің риясыз күлкісі. Олар ержетіп, ел ағасы жасына жетсе де, ата-ана үшін қашан да бала болып қала бермек. «Өз балаңды өскенше, немеренді өлгенше бағасың» демек­ші, қазір тәтті немереле-шөбе­ре­лерімнің қызығына тоймай, олардың әр жетістігіне қуанып, тілеулес бо­лып отырмыз, – дейді Өмірсерік Сарбалаев.
Иә, қазыналы қарттармыз ша­ңы­рақтың қазығы болса, өсіп-өн­ген ұрпақ – сол әулеттің баға жетпес байлығы. Үлкенге құрмет, кі­шіге ізет көрсетіп, туған-туыс, дос-жаранға сыйлы болған Сар­ба­лаевтар отбасы былтыр «Пара­сатты отбасы – 2024» ұлттық бай­қауының аудандық кезеңінде «Өнерлі отбасы» номинациясны ие­ленген болатын. Сондай-ақ «Жаңа Қазақстан» республикалық ин­но­ва­циялық орталығының ұйымдас­ты­руымен өткен «Өнегелі отбасы» атты патриоттық байқауында же­ңім­паз атанып, кеуделеріне арнайы төсбелгі таққан.
– Атаңмен отасқаныма 52 жыл болды. Ұл-қыздарымызды қата­ры­нан кем қылмай жеткізу үшін, кү­ріште егіп, егін де ектік. «Қо­лымнан келмейді» деп қарап отырмадық. Білмегенімізді үйреніп, білгенімізді өзімізден кейін жастар­ға көрсетіп келеміз. 49 жа­сымнан бері ауылдық «Асыл әжелер» ан­сам­б­лін­­де өнер көрсетіп келемін. Тек ән айтып қана қой­май, тағылымы мол шараларда жас­тар­мен кездесіп, қол­өнермен де ай­на­лысамын, – дей­ді Несібелі Бе­рімова.
Иә, қара шаңырақтың есігіне ең­семіз енгеннен ерекше киізге көзіміз түсті. Несібелі апамыздың айтуынша, бұл «тұс киіз» деп ата­лады. Бөлме қабырғасын сәндеуге арналған қазақтың ұлттық қол­өнері, төсектің тұсына ұста­латын болғандықтан «тұс киіз» деп атал­ған. Тарихы терең тұс киізді тігу сиреп бара жатқандықтан, оны көбіне тек музейлерден ғана кездес­тіруге болады. Ал Несібелі апамыз бүгінде енесінен үйренген қолөнердің құндылығын жоғалтпай, әлі күнге дейін үйіне тұтып, жас буынға дәріптеп, жасалу жолын көрсетіп келеді. Мұнан бөлек апамыздың өз қолынан шыққан жас келінге арнап тұтатын шымылдығымен де таныстық. Ең алғаш үлкен ұлы үй­ле­генде пайдаланған шымыл­дығын бүгінге дейін сақтап келуінің себебі, немелері шаңырақ көтергенде де осы шымылдықты қолданғысы келетінін жет­кізді. Қолы қалт етсе, қолөнермен айналысқанды жаны сүйетін кейіп­керіміз келіндеріне білгенін үйретіп, балаларына дұрыс бағыт-бағдар беруде.
Береке-бірлігі мығым, өмір жолын өнегемен өрген отбасының бүгінгі тынысы осы. Олар салған сара жолы жас ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге. Сұқбат барысында бүгінгі сапарымыздан осындай ой түйдік.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: