Көктем ортасынан ауа бере қарапайым жұрт ауласындағы жерін дайындап, көкөніс баптап, бақша салудың қамына кіріседі. Бұл уақытта жұрт көшетті таласып алып жатады. Әрине ерте көктемде, яки қыс аяғында үйіне арнайы ыдыстарға тұқым тастап, оны осындай уақытта сыртқа шығаратын пысықайлар да жоқ емес. Бірақ ондайлар көп те емес, реті келсе, дайын көшетті ұяшықтарға орналастырып, өнімінің ертерек өскенін қалайды.
Дәл осы уақытты үй ауласынан жылыжай ашып, көшет дайындағандар тиімді пайдаланады. Себебі сәуір айында түрлі көшеттердің бағасы да жоғары, оған сұраныс та көп. Бірақ ауданда кәсіптің бұл түрін қолға алғандар саусақпен санарлық. Шыны керек, аудан бойынша жылыжай ісін қолға алғандар онға да жетпейді. Қарап отырсаң, қарапайым жұмыс, бірақ ақталамын деген адамға сылтау көп қой, бірі онық қыр-сырына қанық еместігін алға тартса, енді біріміздің жалқаулығымыз тағы бар. Кешегі Мөрәлі Шәменов ауылына барған сапарымызда кәсіптің бұл түрінде табыс мол болатынын түсіндік.
Ауылдағы Пұсырмановтар отбасының жылыжай ісімен айналысып жатқанына биыл екінші жыл. Былтыр ауладан шағын жылыжай ашып, онда көкөністің бірнеше түрін баптаған. Отағасы Бағдат Пұсырманов былтыр көктемде көшет алуға жұрттың кезекте тұрғанын айтады. Оның өтімділігі соншалық, бір жылға әзірлеген көшеттер бір жетіде өтіп кетіпті. Мұнан кейін де тапсырыс көп болған, бірақ оның бәрін қамтамасыз етейін десе, жылыжай көлемі кіші.
Не керек, кәсіптің бұл түрінде мол пайда барын түсіне қойған Бәкең отбасымен ақылдасып, кәсібінің көкжиегін кеңейтуді мақсат етеді. Қолда бар қаражатты осыған дейінгі жылыжайдың құрылысына жұмсаған. Осы ретте кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінуді көздейді. Былтыр бұл отбасы қайтармсыз грантқа құжат тапсырып, дәл осы жобаны қорғауға бел буған. Абырой болғанда комиссия мүшелері Пұсырмановтар отбасының жарқын жобасын қолдап, «қайтарымсыз қаражат беруге лайық» деген бір шешімге келген. Ал нәтижесін кеше көзімізбен көрдік.
Қай көкөніске қандай күтім керек, бұл жағы Бәкеңнің жары Айымкүл апамызға таңсық емес. Себебі бүгінгі бағбанның әкесі ертеректе ауылға мәлім диқан болған деседі. Әкесінің қасында жүріп, бала кезінде мұның бәрін зердесіне құйған Айымкүл апамыз бүгінде көрген-білгенін балаларына үйретіп келеді. «Егіншінің баласы арық қазып ойнайды» деген осы шығар сірә, «алма ағашынан алысқа түспейді» деген тағы бар. Бүгінде аналары бастаған игі істі балалары өрістетіп отыр.
Былтыр шағын жылыжайда қызанақ, қырыққабат, қияр, ащы бұрыш, тұщы бұрыш, баклажан сынды көкөністің онға жуық түрі егілген. Жоғарыда айтқанымыздай, мұның барлығы 7-8 күнде өтіп кетіпті. «Өзімізге аулаға орналастыратын көшет те қалмады ғой» деп күледі Бағдат ағамыз.
Зер салсақ, жылыжай құрылысына айтарлықтай көп қаражат кетпеген. Айналдыра қоршау темірлерді тапсырыспен жасатқан демесеңіз, сырты толықтай кәнігі салафанмен қаптаған. Қыстың ортасында тастаған тұқымы бүгінде көктеп тұр. Арнайы ыдыстарға орналастырылған көшеттердің алды сатылымға шығып жатыр. Біз барған күні аудан орталығынан келген жылыжай өнімінің тұтынушылары қызанақ пен қиярдың көшеттерін көптеп алып кетті. Бәкең олардың осыдан бір жеті бұрын тапсырыс беріп қойғанын айтады.
– «Еңбек етіп, табыс табамын» деген адамға тіршілік көп, тек әрекет ету керек. Негізі бұл жобаның авторы – үйдегі апаң. Біз бастапқыда тек көмекші болып жүрдік. Кейін балам анасынан көкөніс баптаудың, жалпы жылыжай ісінің қыр-сырын жетік үйреніп алды. Өзі ауладан ашқан жылыжайдың күтіміне жауапты болды. Мына жердің барлығы бақша салуға қолайсыз болды, себебі құмы құнарсыз еді. Біз оны өңдеп, жылыжайға дайындадық. Оған да қаншама уақыт кетті. Ал қазір қарап отырсаңыз, ауладағы дайын тың жерге бақша салуға құлықсыз адамдар да жоқ емес. Тағы да қайталап айтамын, еңбек ете білсең, табысқа жетудің жолы көп. Тек кержалқаулықтан ада болсақ жеткілікті. Мына көшеттердің көптігіне таң қалып тұрған шығарсыздар, негізінен мұның барлығына алдын ала тапсырыс беріп қойған. Қазір жылыжай ішіндегі өнімдерім толық бой алмай тапсырыс қабылдамай отырмын. Ертең осы жаққа көшіріп, арнайы ыдыстарға орналастырғаннан кейін оларды да сатылымға шығарамын, – дейді Бағдат Пұсырманов.
Міне, осындай уақытта өнімнің бұл түріне қаншалықты сұраныс болатынын Бәкеңнің сөзінен-ақ бағамдай беріңіз. Иә, оның бізге қалай ақыл айтса да жөні бар. Әрекет етті, соның жемісін көріп отыр, «әрекет түбі – берекет» деген осы шығар, сірә.
Қазір дайын өнімдерді сақтайтын шағын жылыжайда баклажан, ащы бұрыш, тұщы бұрыш, қызанақ, қияр сынды көкөністің 7-8 түрі бар. Ал үлкен жылыжайда қызанақтар бой алып, қияры құлақтап жатыр. Бұйыртса, Бәкең оларды да алдағы апта сатылымға шығармақ. Мұның бәрін бағбан тамшылатып сурау әдісімен шығарып отыр.
Айта кетейік, соңғы жылдары М.Шәменов ауылында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Былтырдың өзінде ауылдағы 7 азамат қайтарымсыз қаражатқа ие болған. Олардың қатарында Бағдат ағамыз да бар. Ал енді бірі кондитерлік өнімдер әзірлеуді қолға алса, қалғаны мал шаруашылығында табысқа кенеліп отыр.
Ауыл аудан орталығына ең жақын орналасқан елді мекендер қатарында. Бұл да жергілікті жұрттың кәсіп бастауына үлкен көмек болып отыр. Себебі ауылда өндірілген өнімдерге Жалағаш кентінен де көптеп сұраныс түсіп жатыр. Бір байқағанымыз, ауыл тұрғындарының бұл мүмкіндікті құр жібергісі жоқ.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!