Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 20:16

Осы жылы тойланатын мерейтойлар мен атаулы күндер белгілі болды

04.01.2024

774

0

Биыл қазақ даласында туып, өскен өлкесінің дамуына шығармашылық, қайраткерлік сипатымен үлес қосқан бірқатар тұлғаның мерейтойлары тойланады. Жыл айтулы даталарға да толы болып тұр, деп жазады Zhalagash-zharshysy.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында 2024 жылы тойлау жоспарланып отырған тұлғалардың мерейтойларын атап өткен болатын. «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізе­ді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл то­лады. Сонымен қатар тарихшы­лар­дың пайымдауынша, Жошы ұлысы­ның іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мем­лекет­­тілігі­міз­дің тамыры тым терең­де жатқанын әйгі­лейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеу­лер қолға алынады».

Бұдан бөлек, биыл халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына – 140 жыл толады.

Осы жылы қазақ халық музыкасын зерделеп, қағазға түсіріп, ұлттық ән өнеріміздің басын құраған этнограф Александр Затаевичтің 155 жылдық мерейтойы.

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиннің туғанына – 130 жыл болса, жазушы, публицист, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдық мерейлі датасы осы жылға тұспа-тұс келіп тұр.

Сондай-ақ 2024 жылы қажырлы қайраткер Тұрар Рысқұловтың да туғанына 130 жыл болады.

Археологиялық және этнографиялық зерттеуші, ғалым Әлкей Марғұланның, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші, кескіндемеші Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл – 120 жыл толады.

Ал «Қан мен тер» трилогиясының авторы, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен балаларға арналған шоқтығы биік шығармаларды мұра етіп қалдырған Бердібек Соқпақбаевтың да осы жылы 100 жылдық мерейтойы тойланады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: