Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Бейсенбі, 19 қыркүйек, 06:16

Президент 100 ауылға 10 мың кітап тарту етті

04.09.2024

224

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан еліміздің 100 ауылының кітапханасына көркем әдебиет сый­ға тартылды.

Президент тартуы «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» акциясы аясында табыс етілді. Еске салайық, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударған болатын. «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бастамасы отан­дық және әлемдік әде­биеттің соңғы үлгідегі туындыларын шалғайдағы ауыл кітап­хана­ларына жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызы­ғу­шылығын арттыруға бағытталып отыр. Кітаптар Мемлекет басшысының атынан еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, соғыс ардагерлерінің, белгілі қалам­герлер мен мәдениет майтал­мандарының, ғалымдардың туып-өскен ауылдарына жолданды.

Акция аясында Халық қа­һарманы Сағадат Нұрмағам­бетовтің, қазақтың қаһарман қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Дос­­панованың, режиссер Шә­кен Аймановтың, жазушы Герольд Бельгердің туып-өскен ауылдарындағы кітапхана қор­лары толықты. Сондай-ақ Біржан сал, Сәкен Сей­фул­­лин, Ілияс Жансүгіров, Тө­­леу Көбдіков, Кенен Әзір­баев, Әбіл­хан Қастеев, Қасым Аман­жолов, Кемел Ақы­шев, Шәмші Қалдаяқов, Әбіш Ке­кілбайұлы, Фариза Оң­ғарсынова секілді белгілі тұл­ғалардың ауылдарына, басқа да бірқатар ауылдарға кітаптар топтамасы жол­данды.

Ауыл кітапханаларына бе­рілген кітаптар арасында әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармалары, балалар әд­е­бие­тінің жауһарлары, комикс­тер, қазіргі заманғы проза мен поэзия, тарихи, танымдық-ағартушылық әдебиеттер бар.

Мемлекет басшысының атынан барлығы 100 ауылға 10 мың кітап сыйға берілді. Айта кетейік, «Ауыл кітапха­на­ларына – 100 кітап» акциясына Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, министрлер, түрлі ұйымдардың басшылары мен белсенді азаматтар қолдау көрсетіп жатыр. Аталған акция әлі жалғасады.

Айта кетейік, көктемде Мә­дениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Ауыл кітап­ханаларына – 100 кітап» акциясын бастап, үш өңірге кітаптар жолдаған еді.

«Мен өзім Абай Құнанбай­ұлының ауылы Қарауылға, Қаныш Сәтбаевтың ауылы Баянауылға, өз туған ауылыма әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, таным­дық-ағартушылық әдебиеттерді тарту еттім. Бұл акцияны өзге де әріптестерім, министрлер қолдап, қазірдің өзінде бірнеше ауылға кітап жеткізіп үлгерді», деп жазған сала басшысы.

Сондай-ақ министрлік жанынан құрылған «Alqa» әдеби клубы да акция аясында Мағжан ақын туған ауылға 100 кітап тарту еткен. Жүз кітаптың ішінде түрлі жанрдағы көркем туындылар, атап айтқанда, астаналық 30 қаламгердің кітабынан бастап,  танымдық-тарихи шығармалар, заманауи қазақ әдебиеті серия­сымен шыққан кітаптар және клуб мүшелерінің төл туындылары бар.

Аталған бастама шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындылар­ды жеткізіп, өскелең ұрпақ­тың кітап оқуға деген қызығу­шылығын арттыруға сеп болары сөзсіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: