Қартын қазынаға балаған Бұқарбай батыр ауылының жұрты қашанда үлкенге құрмет көрсетуде жолынан жаңылған емес. Әсіресе батыр атындағы ауылдағы «Байтабын» шаруа қожалығы осындай үлгілі ісімен алда жүреді. Кешегі аптаның соңында қырман басында қарияларына құрмет көрсеткен шаруашылық ұжымы тағы бір өнегелі шараны өз деңгейінде өткізді.
Сол күні қырман басында қайнаған жұмыс болған жоқ, керісінше ауыл ардагерлері қонақ болып, аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне куә болды, соңында көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Шаруашылық төрағасы Болат Ділдәбеков шарада қарияларды айтулы мерекесімен құттықтап, қазыналы қарттар ауылдың дамуына үлкен еңбек сіңіргенін жеткізді. Сөзінше, соңғы бесжылдықта бұл дәстүрге айналған шара екен.
– Қартын қазынаға балаған елміз, біз үшін қашанда алдыңғы буынға құрмет көрсету – міндет. Осы жолымыздан жаңылмай бүгін қырман басында аудан өнерпаздарын шақырып, ауыл ардагерлеріне керемет көңіл күй сыйлап отырмыз. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын. Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Ауылдың екінші тынысын ашуда, жарқын болашағына аянбай еңбек еттіңіздер. Тіпті «Байтабын» шаруа қожалығының шаруасының ширауында да сіздердің қолтаңбаларыңыз бар, – деді Болат Ділдәбеков.
Айта кетейік, аталған шаруашылық биыл күзгі науқанды қорытындылап, жаздай баптаған өнімін шашпай-төкпей жинап алды. Биыл серіктестік 1100 гектар алқапқа күріш еккен. Сұрпын сұрасаңыз, «Лидер» мен «Каурис». Ауыл еңбеккерлері аптап ыстықта аянбай еңбек етті. Бүгінде сол еңбегінің жемісін көріп отыр десе де болады. Диқандар күзгі науқан қорытындысымен әр гектардан 60 центнерден өнім жиды. Бүгінде шаруашылықта 135 адам жұмыс жасайды.
Жергілікті шаруашылықта ұзақ жыл қажырлы еңбек еткендер қатарында ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мұрат Әлішов те бар. Ол «Байтабын» шаруа қожалығында ұзақ жыл механизатор болып қызмет атқарған. Кешегі шарада сала ардагері де құрметке бөленді, шаруашылық төрағасы қазыналы қарияның иығына шапан жауып, қаржылай сыйақы табыстады.
– Біз де бүгінде ардагерлердің қатарын толықтырдық. Бірақ сонда да осы шаруашылықтың жұмысына қатысып тұрамын. Зейнеткерлікке шықсам да шаруашылықтың егіс алқабын күзеттім. Бүгінгі буын жасаған еңбегімізді бағалап, құрмет көрсетіп отыр. Барлығына алғыс білдіремін. Үлкендеріміз аман болсын, қариялар қатары сиремесін, – деді ол.
Шарада дәл осындай бірнеше ардагерге құрмет көрсетілді. Сондай-ақ аудан өнерпаздары мерекелік концерт қойып, өз өнерлерін ортаға салды, елдің ыстық ықыласына бөленді.
Жалпы батыр атындағы ауылдағы «Байтабын» шаруа қожалығы жайлы айта берсек, тарқатып жазар дүние көп. Ауылдың абаттануына, елді мекеннің еңсе тіктеуіне қыруар қаржы жұмсады. Бұл сөзімізге ауылдағы үлкен саябақ, спорт кешені дәлел. Сонымен қатар ауылдағы алтын ұяда білім алатын озат оқушыларға да шәкіртақы тағайындаған. Бұл игі шараның дәстүрге айналғанына бірнеше жыл болды. Ауыл мектебіндегі озат оқушылар қатарының артуы осы игі шараның жемісі деп түйдік. Бүгінде шаруашылық тағайындаған шәкіртақыны ауылда 80-ге жуық оқушы алады.
Мұнан бөлек шаруашылық жыл сайын ардагерлерге, ақжаулықты аналарға мереке қарсаңында құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Жағдайы төмен отбасыларға да азық-түлік үлестіруді өз міндетіне алыпты. Сондай-ақ жыл сайын шаруашылық демеушілігімен ауыл ардагерлері еліміздегі маңдайалды шипажайларға демалысқа барып, ем алады. Осыған дейін осындай шипажайларға 60-қа жуық ардагер шаруашылық демеушілігімен барып қайтты. Төраға Болат Ділдәбеков алдағы уақытта тағы 30 ардагерге жолдама беруге ниетті.
– Осы ауылда өсіп, осы ауылда еңбек еткеннен кейін алдыңғы буынға құрмет көрсетіп, ауылдағы ағайынға көмек беруде жолымыздан жаңылмаймыз. Бүгін де қаншама ардагерге қаржылай сыйақы үлестірдік. Қыс айларында жағдайы төмен отбасыларға қыстық көмірін қамдап береміз. Сондай-ақ жем-шөбін, жоңышқасын алып береміз. Алдағы уақытта ауылдың жарқын болашағына әлі де жұмыс жасаймыз. Бізге осындай игі жолды көрсеткен алдыңғы буын ғой, сондықтан олардан қашанда құрметімізді аямаймыз. Бастысы, қарттарымыз аман болсын, кеше егінімізді үлкендердің батасымен, қолдауымен шашпай-төкпей жинап алдық, биыл да мол өнім алдық, алдағы уақытта да осындай игі шаралар жалғасын табады, – дейді Болат Ділдәбеков.
Расында бүгінгі буынға бағдаршам болған қариялар қандай құрметке де лайық. Мұны шаруашылық ұжымы жақсы түсінеді. Жыл сайын сала ардагерлерін төріне шығарып, құрмет көрсетеді. Қашанда олардан құрметін һәм қолдауын аяған емес. Мұның өзі кейінгі буынға өнеге болары сөзсіз. Осыдан-ақ батыр атындағы ауыл жұртының ауызбіршілігін анық байқауға болады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!