2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді.
Жаңа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.
Соның ішінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпы адамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі 73-1-бабы, яғни денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және 73-2-бабы, яғни Ұрып-соғу туралы әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 108-1-бап. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және 109-1-бап. Ұрып-соғу қылмыстық теріс қылық әрекеттер болып ауысытырылды.
Сонымен қатар, қылмыстық жауаптылығы қатаңдатылды.
1. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру –
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;
3) аса қатыгездікпен, сол сияқты кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі не кінәлі адамға материалдық жағынан немесе өзгеше түрде тәуелді адамға қатысты жасалған;
4) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
5) бұзақылық ниетпен;
6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;
7) бірнеше рет;
8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.»;
109-1-бап. Ұрып-соғу
1. Тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау –
сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;
3) кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі не кінәлі адамға материалдық жағынан немесе өзгеше түрде тәуелді адамға қатысты жасалған;
4) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
5) бұзақылық ниетпен;
6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;
7) бірнеше рет;
8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
бір жүзден екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүзден екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Сонымен бірге жаңа заңда отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Мұнан бөлек 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Сондай-ақ, білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау міндеттелді. 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.
Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Бұл заң отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған. Бұл қауіпсіз және әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадам.
А.МИЗАНБАЕВ,
Жалағаш аудандық сотының төрағасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!