Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 08:28

Қазақтан шыққан тұңғыш
дәрігер-журналист қыз

10.02.2024

698

0

Журналистика дегенде көз алдымызға ылғи камера, мақала, микрофон, қалам мен қағаз, компьютер елестейді. Қазіргі журналистика – жүре келе қалыптасқан журналистика. Ал ең алғашында журналистиканың деңгейі қандай болды? Қазақтан шыққан тұңғыш журналистер кімдер? Бұл сұрақтың жауабын білмейтіндер көп болар. Ал, журналистикамыздың тарихын білмеу – үлкен сын.

Қазақ журналистикасы XIX ғасырдың соңынан бастау алды. Қазақ жерінде шыққан тұңғыш басылым – «Дала уәлаяты» және «Түркістан уәлаяты» га­зеттері. Бір қызығы, сол кездің өзінде қазақ журналистикасында әр сала туралы ақпарат беретін салалық журналистер болған. Мәселен, қазақтан шыққан тұң­ғыш журналист қыз Нәзипа Құлжанова апамыз әдебиетті насихаттаған болса, денсаулық жайында және түрлі аурулар туралы ақпаратты ең алғаш ұсынған – Аққағаз Досжанова. Аққағаз Досжанова – қазақ журналистикасының тарихындағы тұңғыш дәрігер-журналист. Бұл туралы атақты жазушы Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Аққағаз Досжанова – қазақтың ішінен шыққан атақты қыздардың бірі. Аққағаз Батыс Алашорда әскерінің бар­лаушысы болған. Ол тұңғыш рет қазақ қыз­дары арасында толық дәрігерлік курс­ты бітіріп, дәрігер, ғалым-зерттеуші деген атақ алған».
Аққағаз Досжанова медицина сала­сында білім алып, тек осы салада жұмыс жасап қана қоймай, баспасөз арқылы да халықтың көзін ашуға талпынған. Мәселен, 1921 жылдың 11 қыркүйегінде «Степная правда» газетінде Аққағаз Досжанованың «Түркістанда» атты ма­қа­ласы жарияланады. Бұл мақалада ол сол кезде ел ішінде кең тараған жұқ­палы аурулар және олардың зияны мен алдын алу жолдарын жазған. Бұдан бөлек «Қазақ», «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарында Аққа­ғаз апамыздың жазбалары үздіксіз жа­рия­ланып отырған. Осындай сауатты қыздың тегі мен шыққан жері қандай? Аққағаз Досжанова 1893 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Бөрте ауылында дүние есігін ашқан. Аққағаз кішкентайынан ата-анасынан айырылып, тағдыр тауқыметін тартады. Со­лай өрім­дей қыз ағасы Сағындық Дос­жа­нов­тың қо­лында өсіп-жетіледі. Аққа­ғаз­дың ме­дицина жолына түсуіне ықпал еткен де осы Сағындық ағасы көрінеді. Ел ара­сын­да «Сағындық – Ыбырай Алтын­са­рин­­нің ізбасар-шәкірті» деген сыбыс бар.

Алғашқы дәрігер
қыздың білімі

Аққағаз алғаш Орынбордағы қыздар гимназиясында сауат ашады. Кейін Мәскеудегі медицина курсында білімін жалғастырады. Ол оқуын аяқтаған жыл Бірінші дүниежүзілік соғыстың өрше­ленген кезіне тұспа-тұс келіп, Аққағаз мейірбике есебінде майдан даласына жіберіледі. Сол жерде ол жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсетумен айналысады. Аққағаз өте сауатты болған. Алаш зиялыларымен де қарым-қатынаста болғаны айтылады.
Бұл туралы Аққағаз Досжанованың жұбайы, Кеңес үкіметі кезіндегі қазақ­тан шыққан белгілі ғалым-агроном Әлім­герей Ершин: «Аққағаздың алдында ар­тық сөз айтуға Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов се­кілді ақын-жазушылардың батылы бар­­мады», – деп жазады.
Күйеуінің осы бір ауыз сөзінің өзінен Аққағаздың қан­дай қайсар қыз екенін аңғаруға бо­лады. Қазақ қыздарына сауат ашу түгілі, оқыған азаматтарға тыныштық берме­ген заманда білім алып, оны халық пайдасына асыра білу – жалаңаяқ жалын кешкенмен пара-пар емес пе?!
Қазақ жерінде Кеңес үкіметі билік етіп тұрған кезде қазақтың көзін ашуға талпыну – үлкен күнә есебіндегі іс болатын. Сол кедергілерге қарамастан, қазақтың Аққағаз Досжанова секілді көзі ашық, көкірегі ояу зиялылары өз білгенін елім білсін деп, білімді халыққа әртүрлі жолмен жеткізуге тырысты. Егер қазір Қазақстанда қандай да бір сала шырқау шыңға шығып дамып жатса, бастауында Аққағаз Досжанова сынды қайратты қазақ азаматтары тұр деген сөз. Сондықтан елінің келешегі үшін жалаңаяқ жалын кешкен аяулы жандардың есімін бүгінгі ұрпақтың білуі міндет деп санаймыз.

Аяулым АБАЕВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: