Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

30°C

, Сәрсенбі, 09 шiлде, 18:46

ҚЫЗЫЛОРДАДА ЗАМАНАУИ КІРПІШ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

08.07.2025

13

0

Бүгін Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойы аясында «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің заманауи кірпіш зауытының ашылу рәсімі өтті. Рәсімге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және зиялы қауым өкілдері, өңір кәсіпкерлері арнайы қатысты.

Аймақ басшысы жиналған қауымды заманауи кірпіш зауытының ашылуымен құттықтап, өңірдің өнеркәсіп саласындағы жұмыстарға тоқталды.

«Біз аймағымыздың экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары өнімді, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құруға бағытталған жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарудамыз. Бұл бағытта алдағы бесжылдықта құны 2 трлн. теңгені құрайтын 89 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде. Биыл 27 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Оның ішінде түрік инвесторы «Акса Энерджи» компаниясының жаңа жылу-электр орталығы, қазір ашылатын заманауи кірпіш зауыты, қиыршық тас, айна өндірістері бар. Өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында құны 553 млрд. 600 млн. теңгені құрайтын 14 жобаның құрылысы басталуда.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жергілікті өнім өндірушілердің құрылыс материалдарының әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды», – деген болатын.

Өткен жылдың қараша айында іргесі қаланған кірпіш зауытының құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде аяқталып, бүгін алғашқы өнімін шығаруда. Баршаңызды облысымыз үшін индустриялық, әлеуметтік, экологиялық тұрғыда тиімді жоба – заманауи кірпіш зауытының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздегі ең ірі кірпіш зауыттарының бірі облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, құрылыс нысандарының сапасын арттыруға зор үлес қосады деп сенеміз»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты шарада ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетұлы, Мұрат Абдуламитұлы құттықтау сөз сөйледі. Зауыт құрылысына атсалысқан азаматтар облыс әкімнің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кету керек, қараша айында құрылысы басталған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты қысқа мерзімде іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Жобаға 5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 7 гектар жер телімі бөлінді.

Зауыттың басты ерекшелігі – өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Экологиялық жағынан да тиімді, яғни басқа кірпіш зауыттарындағыдай көмірмен күйдірмейді. Жаңа технологиялар өндірістің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Жылына 90 миллион кірпіш өндіруге есептелген кәсіпорын толық іске қосылғанда 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: