Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 06:29

Қызылордада жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

27.05.2024

872

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс баһадүр көшесінің бойында орналасқан «Шұғыла» спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, спорт саласындағы жетістіктерге тоқталды.

«Өткен жылы аймаққа арнайы сапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жас спортшылармен кездесуінде «Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе, өздеріңіз сияқты жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады» деген еді. Спорт елдің мерейін тасытып, жеңімпаздық рух сыйлайды, жастарды табандылыққа, тәртіпке баулиды.

Президентіміздің, Үкіметтің қолдауының арқасында өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан көрініп келеміз. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салынуда. Былтыр 10 мектептің құрылысы басталса, биыл тағы 11 мектептің құрылысы жүргізіледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды.

Спорттық нысандар құрылысы да қарқын алды. Қызылорда қаласында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы жүруде. Сырдарияның сол жағалауынан халықаралық стандарттарға сай, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасы қаланды. Былтыр 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталды, биыл аудандарда 15 кешенді қолданысқа береміз», – деді аймақ басшысы.

Рәсімде жаңа спорт кешенін ашып, жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосқан «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев облыстың ең жоғары наградасы – Құрмет грамотасымен марапатталды.

Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, жерлестерін жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Спорт кешені 350 орындық, 1,7 млрд теңгеге салынған, жалпы ауданы – 2700 шаршы метр. Онда таэквондо, хореография, үстел теннисі, футбол, волейбол, баскетбол, қазақша күрес, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері болады. Аумағында шағын футбол алаңы және автотұрақ бар.

Айта кетейік, биыл Сыр спортшылары әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, облыс қоржынына 54 медаль салса, республикалық чемпионаттар мен кубоктардан 245 жүлде иеленді. Басты жетістік – Қамшыбек Қоңқабаев бокстан, Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Париж олимпиадасына, отырып ойнау волейболынан қос бірдей спортшымыз Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов паралимпиадаға жолдама алды. Дзюдо, парадзюдодан да үміткерлер бар.

444484549_753417433646170_4803061404994431945_n.jpg
445746332_753417500312830_3398263904066453177_n.jpg
445740347_753417553646158_6588084954003963071_n.jpg
441953074_753417786979468_6460424641031955061_n.jpg
445081731_753417603646153_4958645196360473584_n.jpg
445066739_753417666979480_6404285048749528094_n.jpg
444192584_753417716979475_1858321637274954092_n.jpg
443837369_753417403646173_8078166654531234267_n.jpg
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: