Жалағаш ауданында Ұлттық мереке- 25 қазан Республика күні қарсаңында және «Балалар жылы» аясында 5 спорт ойын алаңы пайдалануға берілді.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет ауданға қарасты Бұқарбай батыр, Аламесек ауылдық округтерінде жаңадан бой көтерген спорт ойын алаңдарының ашылу салтанатына арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
-Сыр елінде Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында «Балалар жылына» тарту ретінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қала, аудандарда демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгені құрайтын бір мезетте 80 спорт ойын алаңы ел игілігіне берілуде.
Соның ішінде Жалағаш ауданы бойынша биылғы жылы құны 58 млн теңгеден асатын 7 ойын алаңы салу жоспарланды. Бүгінгі күні 5 ойын алаңының құрылыс жұмыстары аяқталып, Ұлттық мереке қарсаңында аудан тұрғындарына пайдалануға беріліп отыр.
Бұл шағын спорт алаңдары балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік береді. Осы жерден болашақ спортшылар мен ел абыройын асқақтататын дарабоздар шығады деп сенеміз, -деді аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет.
Балалар жылына орай пайдалануға берілген нысандардың ашылу салтанатында тұрғындар да сөз сөйлеп, игілікті іске қолдау көрсетіп, ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!