Аудан әкімі Асқарбек Есжанов аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы қызметін абыроймен атқарған Берік Болтайұлын қабылдап, 63 жас мерейтойымен құттықтады. Аудан басшысы мерейтой иесіне ауданымыздың экономика, құрылыс салаларының дамуына ерекше үлес қосып, мемлекеттік басқару сынды көптеген қызметтерді абыроймен атқарғаны үшін құрмет көрсетіп, сый-сияпатын табыстап, зейнет демалысына шығарып салды.
Зейнеткерлік жас – адам өмірінің мағыналы белесі. Саналы ғұмырын бала-шағасына арнап, еліне қызмет еткен еңбектің зейнетін көретін уақыт. Біз – «үлкенге құрмет, кішіден ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен халықпыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз – бізге үлгі. Сіздерге қарап кейінгі ұрпақ жетіліп, жаңа заманға сай сол істерді жаңғыртуда. Ауданда атқарылған игі істер, бой көтерген түрлі нысандар, ғимараттар Берік Болтайұлының атқарған жұмыстарымен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың саналуан белестерімен жүріп, партиялық, кеңестік қызметтің қиын да күрделі баспалдақтарынан өтіп, Жалағаш ауданының дамуына сүбелі үлес қосқан тұлға деп айта аламын, – деді аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы.
Берік Болтайұлы еңбек жолын 1977 жылы колхозаралық құрылыс мекемесінде жұмысшы болып бастаған.
1984 жылдан бастап Жалағаш ауданы халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің инструкторы, Жалағаш аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, №17 жылжымалы механикалық коллоннаның мастері, прораб қызметтерін атқарған.
1992-1996 жылдары Жалағаш ауданы әкімі аппаратының азаматтарды қабылдау және еңбекші хаттарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің аға референті, Мемлекеттік мүлік жөніндегі Қызылорда аймақтық комитетінің аға экономисті, бас маманы болып жұмыс жасаған.
1996-2003 жылдары аралығында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлім меңгерушісі, экономика және нарықтық қатынастар жөніндегі сектор меңгерушісі, ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс секторының меңгерушісі, аппарат жетекшісі қызметтерін абыройлы атқарған.
2003 жылдан бастап Жалағаш кентінің әкімі, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары, аудандық кәсіпкерлік, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшысы, аудан әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
2023 жылдан бастап Жалағаш аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы қызметін атқарды.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, ауданның алқабилер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов сынды бірқатар ел ағалары қатысып, Берік Болтайұлына жылдар бойы ел үшін жасаған адал еңбегі мен қызметі үшін алғыстарын айтып, «Ендігіде бейнеттің зейнетін көріп, ел-жұртқа ақыл айтатын қария болуды нәсіп етсін» деген ақ тілектерін жеткізді.
– Елге қызмет етудің, оның ішінде мемлекеттік қызметтің қазіргі таңда жауапкершілігі мол екені айтпаса да белгілі. Осындай жауапкершілігі мол қызметті абыроймен алып жүрген Берік Болтайұлының ауданымыздың дамуына қосқан үлесі бүгін ерекше бағаланып, құрметті зейнеткерлікке шығып жатыр. Әрине зейнеткерлікке шығу өмірдің тоқтағандығы емес, керісінше өмір жолындағы жиған білімің мен іліміңді кейінгі жас ұрпаққа дәріптеп, тура жолды көрсету болып саналады. Ал Берік Болтайұлының көпжылдық қызметтегі тәжірибесі жастарға азық болары сөзсіз. Сондықтан інім Берік қоғамдық өмірден алшақтамай, әрі қарай өңіріміздің одан әрі өркендеуіне өзіндік үлесін қоса береді деп ойлаймын. Ал аудан азаматының еңбегін бағалап, құрмет көрсетіп жатқан Асылбек Темірбекұлына ардагерлер атынан алғысымыз шексіз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!