«Руханият» орталығында қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай ардагерлер арасында «Әнім сен едің» атты аудандық ән байқауы өтті. Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев қатысушыларға сәттілік тілеп, Шәмші Қалдаяқовтың қазақ музыкасына қосқан өлшеусіз үлесі мен ұлттық рухты асқақтатудағы рөлін атап өтті.
– Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы замандағы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың қазақ өнеріне қосқан үлесі ұшантеңіз. Ол 1950 жылдан бастап шығармашылықпен шұғылданды. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық назымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр. Ал бұл оның қазақ жұртының музыкалық дәстүрі сүтін еміп өскендігіне дәлел. Бағзы мен бүгінгі мақамдарды керемет ұштастыруы Шәмші Қалдаяқов туындыларының даңқын дүрілдетіп, дүйім далаға кең жайылуға кепілдік берді. Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі бір «жыл келгендей жаңалық» сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалағаны мәлім. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры сонда. Сазгер әндері, әсіресе 60-70-жылдардағы жастардың аузында жүрді. Кешеуілдеген «хрущевтік жылымық» дәуірінің жас адамдары шетел композиторлары мен орындаушыларына, мәселен, «Биттлзге» қалай ынтықса, қазақстандық өз сазгерлерімізді де солай сүйіп тыңдады. Бұл соңғысы мен арасында, әрине, Қалдаяқов бірінші орында тұрды. Оның әуендері әсем де ақылды көкөрім жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сантүрлі мамандық, алуан ұлт адамдарының да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан «Менің Қазақстаным» туындысы мәшһүр болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылдан бері «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді. Бүгін осындай тау тұлғаның атында керемет шара ұйымдастырып отырмыз. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді Садық Әлиев.
Байқауға Жалағаш кенті мен ауылдық елді мекендерден ардагер әншілер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Олар Шәмші Қалдаяқовтың алтын қорына енген ұмытылмас әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ардагерлер сахнада өз шеберліктерін, өмірлік тәжірибелерімен толысқан өнерімен көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Байқауда көрерменге ерекше әсер қалдырған әндер орындалып, Шәмші әндерімен көмкерілген керемет кештің куәсі болды. Қазылар алқасы қатысушылардың вокалдық шеберлігін, сахналық мәдениетін және шығарманы жеткізу деңгейін бағалады. Бірінші кезекте ардагерлер музыкалық аспаптардың көмегімен ән шырқаса, келесі әнді ешқандай аспапсыз орындады.
Байқау соңында үздік деп танылған ардагерлер марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл шара – ұлт руханиятын дәріптеу, жастарға өнеге көрсету және мәңгілік маңызын жоймайтын Шәмші әндерін халық жадында жаңғырту жолындағы игі қадам болды.
Қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды ауданның мәдениет, руханият саласына еңбек сіңірген, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына саналы ғұмырын арнаған Қаншагүл Мұстафаева мен Ләйлә Ибраева өзара бөлісті. Ал әдемі дауысымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Райхан Байғараеваға екінші орын берілді. Байқаудың бас жүлдесіне Манат Бисенбаева лайық деп танылды.
– Қатысушылардың өнерін бағалау қазылар алқасына оңай болған жоқ. Барлығының бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп тұр. Байқаудың жоғары деңгейде өткенін көрерменнің ыстық ықыласынан, қатысушыларға қошеметінен байқау қиын емес. Тіпті араларында бұрын да осы салада жұмыс істеп қана қоймай, өзін мойындатқан сала ардагерлері де болды. Кейбірінің қай жерден қателік жібергенін өздеріне де айттық. Жарыс болған соң бірі жеңіс тұғырынан көрініп жатады. Енді бірі ешқандай орынға ілінбей қалады. Біз ешқайсысын бөліп жарған емеспіз. Барлығына бағалы сыйлықтар үлестірілді. Барша қатысушыға алғыс білдіремін, – деді қазылар алқасының мүшесі Алпамыс Қожаниязов.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!