Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Жексенбі, 24 қараша, 14:47

Шахмардан Асқарұлы: Жыл соңына дейін 40 жас отбасыға пәтер кілті табысталады

03.09.2024

372

0

Отбасы – өнегенің өзі, тәрбиенің көзі.

Оттың басында бойыңа сіңген тәлім-тәрбие бүкіл бітім-болмысыңды айшықтайды. Адамның ала жібін аттамау, кісінің сөзін бөлмеу, үлкеннің алдын кесіп өтпеу тағысын тағы сол сықылды жағдаяттар балдырған сәт, бала күннен жадымызға сіңді. Қазақтың тәрбиесі қалпыңды қалыптастырмаса, қадіріңді қашырмайтыны анық. Ақылдың кені болған ақсақалдар мен тәлімнің тетігі болған аналарымыздан үлгі-өнеге жұғым етсек ісіміз ілгерілеп, тіршілігіміз татымды болары хақ. “Бесікте жатқаныңда-ақ берген білім” дегендей тәрбиенің түп тамыры шаңырақта. 2013 жылы қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні болып бекітілген болатын. Содан бері бұл мереке 10 жылға жуық дәстүрлі сипатта атап өтіліп келеді. Мереке қарсаңында өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов отбасы күнінің мән-маңызын айшықтап, өткізілетін шаралар легіне тоқталып өтті.

Биылғы жылы «Отбасы күні» мерекесі елімізде жаңаша форматта аталып өтіледі.

Атап айтсақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен арнайы тұжырымдама бекітіліп, 2-8 қыркүйек аралығында әр күнге тақырыптық бағыттар қойылды.

2 қыркүйек – «Отбасылық дәстүрлер: тарихымызды сақтаймыз, болашақты құрамыз»;

3 қыркүйек – «Отбасын жоспарлау»;

4 қыркүйек – «Саналы түрде ата-ана болу»;

5 қыркүйек – «Дені сау ұрпақ»;

6 қыркүйек – «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі»;

7 қыркүйек – «Отбасылық әл-ауқат»;

8 қыркүйек – «Отбасылық демалыс: бақытты болашаққа инвестиция».

Отбасы күнін кеңінен атап өту отбасы мен некені дәріптеуге, отбасы құндылықтарын насихаттауға, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға, балалардың қарт ата-аналарына қамқорлық көрсетуіне, жинақталған тәжірибені жастарға ұсынуға бағытталды.

– Ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың, ізеттілік пен парасаттылықтың бастау бұлағы – отбасы. Елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» алтын құрсақты аналарымыздың 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері, 34 мыңға жуығы көп балалы отбасылар. Отбасыларды мемлекеттік қолдау мақсатында, оның ішінде жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмек көрсету аясында облысымызда «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы» қабылданды. Нәтижесінде ағымдағы жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойлады, жыл соңына дейін 40 жас отбасыға пәтер кілттері табысталып, қоныс тойларын тойлайды. Өздеріңіз білетіндей, өткен аптада, облыстық «Мерейлі отбасы – 2024» Ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын салтанатты құттықтау шарасы өтіп, 11 бала, 47 немере, 66 шөбере, 2 шөпшек тәрбиелеп отырған Бектаевтар отбасы бас жүлдені иеленді. Ендігі кезекте, Бектаевтар отбасы 6 қыркүйек күні Астана қаласында өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсында Қызылорда облысының атынан лауреат атанады. Республикалық кезеңнің жеңімпазы болатынына сеніміміз зор. Бектаевтар отбасына елдік додада сәттілік тілейміз. Дана халқымыздың «Отбасы – тәлім мен тәрбиенің бұлағы» деген өсиет сөзін жадымызда ұстап, отбасындағы асқар әкелер, абзал аналар, балғын балаларымыз аман болсын деген тілікпен, Сіздерді Отбасы күнімен құттықтаймын”, – деді Шахмардан Асқарұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: