Шалғайдағы Аламесекті алдыңғы буын аудан тарихымен байланыстырады. Зерттеуші ғалым Тиышбек Дайрабай ағамыз тіпті «алғашында аудан орталығы Аламесек болған» деген деректер келтіреді. Кешегі сапарымызда ақсақалдардан ауылдың арғы-бергі тарихын сұрап, бүгінгі тынысымен таныстық. Іргесі әріде қаланған елді мекеннің бүгінде еңсесі биік. Ауыл халқының да жол, әлеуметтік нысандарға қатысты жиі айтатын талап-тілегіне жергілікті билік құлақ асқан сияқты. Соңғы жылдары ауылда қарқын алған ішкі көшелер құрылысы, жаңадан бой көтерген және күрделі жөндеуден өткен нысандар бұл сөзімізді айғақтайды.
Аламесек тарихы жайлы
ақсақалдар не дейді?
Аламесек елді мекені аудан орталығынан 45 шақырымдай қашықта орналасқан. Іргесі 19 ғасырдың аяғында қаланған тарихи өңір 1928-1930 жылдары аудан орталығы болған деген дерек бар. Жері құнарлы, шөбі шүйгін, балық, аң-құсы мол болғасын ба, жергілікті тұрғындар ашаршылыққа ұшырамаған деседі. Шымбай, Төрткүл, Қазалы уездерінің саудагерлері аталған өңірде жәрмеңкелер жиі ұйымдастырып, бұл өңір кейін «Жаңа базар» аталған деген де деректер бар.
1900 жылы Аламесекте 220 үйдей қазақ, 50-60 үй өзбек, 20-30 үйдей ноғайлар қоныстанған көрінеді.
Ертеректе бұл аймақта 2 сыныптық орыс-қазақ түземдік мектебі, кірпіш зауыты мен қасапхана жұмыс жасаған. Темірбек Жүргенов тәлім алған ауылдағы орыс-қазақ мектебінің біз айтып отырған білім ошағы екеніне көз жеткізетін деректер көптеп кездеседі.
1902 жылы іргесі қаланған Аламесек мектебі өңірдегі 6 болысты қамтитын алғашқы маңдайалды оқу орны болған. Құрылысының қарқынды жүруіне сол замандағы ауқатты азаматтардың бірі Смайыл атамыз үлкен үлес қосқан. Оқу құралдары Ақмешіт қаласынан түйе тасымалы арқылы жеткізілген. 1889 жылы Ташкентте ашылған оқушылар семинариясының түлегі Досмағамбет Букин де мұнда жастардың еш кедергісіз білім алуына жағдай жасаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина мен Белоруссияда панасыз қалған 700-ге жуық жетім бала мектеп ғимаратына орналасып, білімін қайта жетілдіреді. Кейінгі жылдары бұл нысан Аламесек ауруханасы болып жұмыс жасапты.
Елді мекен ертеректе «Аламесек» көлінің жағасында орналасқандықтан ауыл аты да осылай аталған. «Аламесек» көлі бұрынғы Ақарық ауылының солтүстігінде үлкен аумақты қамтып, қазіргі Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылына дейінгі алқапты алып жатты. Шығысындағы «Көк су» өзегі арқылы Сырдария өзенімен, түстігіндегі «Тарма көл», «Дәулет», «Сарыкөл» мен «Абызбай көлі» өзегі арқылы «Жаңадария» өзе-німен байланысады. Көлдің табаны 1956-1958 жылдары тартылғандықтан, жергілікті тұрғындар бұл аумақты егін шаруашылығына пайдаланған. Кейін егіс алқабы қазіргідей инженерлік жүйеге көшіп, 1966-1967 жылдары мұнда Ақжарма ауылының тұрғындары күріш еге бастапты.
Сөзімізге арқау болған каналдың бастапқы атауы «Қопалы көл» болса керек. Енді «Тарихы тереңде жатқан жер-су аты кейін қалай Аламасек аталды?» деген оқырманда сөзсіз сұрақ туындайды. Ол жөнінде көнекөз қариялардан қалған дерек те бар.
Расында Орта Азия мен Қазақстан туралы орыс тарихшыларының жазба деректерінде Аламесек каналы «Қопалы көл» деп аталған. Көлдің жағасы түйе бойламайтын қалың нар қамыс болғандықтан бұл аумақты жолбарыс мекендеген деседі. Жергілікті тұрғындар жолбарыстың атын атамай «Ала мысық» дейді екен. Осылайша «Қопалы көл» «Аламысықты көл» атанып, келе-келе Аламесек болып кеткен дейді. Ал 1995 жылы жарық көрген «Сыр елінде жиналған қазақтың шежіресі» атты еңбегінде Өмірзақ Ахметов ағамыз басқаша дерек келтіреді.
Ол өз туындысында қ арақалпақтардың кейінгі мекені Сырдарияның екі бетін Арал теңізіне дейін ендеп иеленгенін, ол өңірде Әбілқайыр ханның үлкен ұлы Нұралының хан болғанын айтады. Нұралы ханнан бұрын да, кейін де қарақалпақтар екіге бөлініп, хандық құрған деседі. Бір бөлігін Қатағар билесе, келесі бөлігі Аламесектің еншісіне бұйырады. Алғашқысы Қазалы өңіріне орналасса, Аламесек хан қазіргі Жалағаш аумағына қоныстанған дейді. Жоғарыда айтылған екі деректі де растайтын басқа да мәліметтер жетерлік. Бұл – ел ауызынан және көнекөз қариялардан қалған өсиеттен алынған мәліметтер. Ал шынына келгенде аталған өңірдің тарихы тереңде жатыр.
1925 жылы Аламесек болысына 44 ауылдық кеңес қараған. Аудан орталығы болып тұрған кезде мектеп, интернат, пошта, аурухана, кітапхана, мәдениет үйі мен астық қабылдау пункті жұмыс жасаған. Сол тұста Аламесек МТС ұйымдастырылды. 1932-1933 жылдары Тереңөзек ауданының жетім балалар үйі болды. Аламесек көліне құятын сулар бөгеліп, көл табаны құрғаған соң жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі елден еріксіз көшуге мәжбүр болыпты. Кейін аталған өңір Аламесек ауылдық округі болып қайта түлейді.
Диқандар шаруасы шираған
Еңселі елді мекеннің бүгінде екінші тынысы ашылғандай. Соңғы жылдары ауылдың қарқынды дамуын жергілікті жұрттың ауызбіршілігімен байланыстырдық. Қай уақытта да ымырамен іс қылатын Есет батырдың халқы адал еңбекпен ауылдың шаруасын ширатып келеді.
Батыр атындағы ауылда 334 отбасы қоныстанған. Екі мыңға жуық халқы бар елді мекен жұрты былтыр ауыл шаруашылығы саласын толайым табыспен қорытындылаған. Өткен жылы ауыл шаруалары 1814 гектар күріш, 434 гектар жаңа жоңышқа, 850 гектар ескі жоңышқа, 40 гектар жаздық бидай, 54 гектар картоп, 85 гектар көкөніс, 75 гектар басқа да бақша дақылдарын егіп, одан мол әрі сапалы өнім алды.
Биыл да жергілікті диқандар мол өнімнен үмітті. 1692 гектарға күріш, 667 гектар жаңа жоңышқа егіп, 720 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған. Мұнан бөлек 60 гектар жаздық бидай, 18 гектар картоп, 85 гектар көкөніс, 75 гектар бақша дақылдарын еккен.
Бүгінде ауылда егінмен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Жеке отбасыларда 1846 мүйізді ірі қара, 705 жылқы, 1501 уақ мал бар. Ал шаруашылықтар мен кәсіпкерлерде 265 ірі қара, 296 жылқы, 158 қой-ешкі тіркелген. Төрт түлік сырғаланып, тиісті құжаттар беріліп, дерек қорына енгізілген.
Иә, елді мекен жұртының ауыл шаруашылығына айтарлықтай басымдық беретіндей жөні бар. Өйткені негізгі тіршілік көзі де егін және мал шаруашылығы. Ауылдағы ағайын жазда егін егіп, қыстай қорасында мал бордақылап, табысқа кенелуде.
Салада серпін бар
Аламесектегі ағайын соңғы жылдары кәсіппен айналысуға ден қойған. Өз жобаларын жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отыр. Халықтың кәсіпке ден қоюының арқасында жұмыссыздық мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Ауылда «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жобалардың орындалу барысы да көңіл қуантады. Нәтиже де жоқ емес, мәселен, бүгінде ауылда 124 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Биыл алғашқы 6 айлықта мемлекеттік кірістер басқармасына тағы 3 кәсіпкерлік субьектісі тіркеліп отыр.
Биыл ауылда І жартыжылдықта 10 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Мұнан бөлек «Күміс жас» жобасымен 3, әлеуметтік жұмыс орнына 3, 35 адам қоғамдық жұмысқа орналасқан.
Ауылдағы алтын ұя
Аламесектегі №124 орта мектептің ұлағатты ұстаздары бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда қажырлы еңбек етуде. Білім ошағында 67 педагог бар, оның 13-і – педагог зерттеуші, 13-і – педагог сарапшы, 7-еуі – педагог, 19-ы – модератор. 1 санатты 1, 2 санатты 1 мұғалім бар.
Ауылдағы алтын ұяда 2024-2025 оқу жылдарында 345 оқушы білім алған. Сондай-ақ биыл 34 түлек мектеппен қоштасты. Олардың 37-сі кешегі Ұлттық бірыңғай тестілуде бақ сынап, алды 112 балл жинады. Қазіргі таңда олардың 18-і еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр.
– Біздің басты мақсат-міндетіміз – балаларға сапалы білім беру. Жыл сайын мектеп түлектері ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетуде. Былтыр да шәкірттеріміз сенімді ақтаған. Биыл тағы 18 оқушы дәл осындай мүмкіндікке ие болып отыр. Колледждердің қорытындысы енді шығады. Бұйыртса, алдағы уақытта мемлекеттік грантпен білім алатын шәкірттеріміздің қатары көбейеді деп ойлаймын. Алдағы жаңа оқу жылына дайындық жаман емес. Шындығында, біз балаларды ҰБТ-ға ерте дайындаймыз. Өйткені баланың жоғары нәтижеге қол жеткізуіне 1 жыл аздық етеді. Демалыс уақытын тиімді пайдаланған шәкірттеріміз әлден ҰБТ-ға дайындалуда. Алдағы уақытта нәтижеге еңбек етеміз, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Назира Ерінбетова.
Биыл №124 орта мектебінде түлектер арасында ҰБТ-дан ең жоғары балл жинағандар қатарында Ұлбосын Шамат та бар. 112 балдың иесі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Журналистика» факультетінде мемлекеттік грантпен білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Ол Ұлттық бірыңғай тестілеуге 2 жыл бұрын дайындалған. Сондай-ақ бұл жетістігін өзінің ізденісімен қатар ұстаздарының да еңбегімен байланыстырады. Алдағы уақытта Ұлбосын Шамат журналистика саласында еңбек етуді көздеп отыр.
– ҰБТ-ға қанша жыл дайындалдық, бүгінде соның жемісін көріп отырмын. Ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтағаныма қуанамын. Жуырда жоғары оқу орнындағы оқу жылым басталады. Бұйыртса, осы салада еңбек етуді көздеп отырмын. Ал өзімнен қандай журналист шығады? Ол жағы алдағы уақыттың еншісінде. Шындығы, өзім осы салада еңбек етуді бұрыннан армандайтынмын, – дейді Ұлбосын Шамат.
Жаңа нысан халықтың
қажетіне жарап тұр
Екі жыл бұрын ауылдағы ағайын ауырса, сапасы сын көтермейтін нысанда ем алатын. Ол ғимарат бұрын білім ошағы болып та жергілікті жұртқа қызмет көрсеткен. Мұнда ем алу қолайсыздық тудыратынын ауыл жұрты жергілікті биліктің назарына салған. Ел ағаларының бұл мәселені ескерусіз қалдырмауының арқасында Есет батырда жаңа заманауи емхана бой көтерді. 2023 жылдың соңынан бастап ауылдағы ағайын оның игілігін көріп отыр.
Айта кетейік, Аламесек ауылдық округінен ашылған жаңа амбулаторияның лабораториялық құрал-жабдықтарымен көршілес Жанадария және Еңбек ауылы тұрғындарына да медициналық қызмет көрсетіледі. Құрылысты салған «Асар» ЖШС ғимараттың келушілерге жайлы болуына баса мән берген. Онда тіркеу орны, қабылдау, дәріхана, оқшаулау, физиотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы жағдай жасалған.
Ауыл тұрғыны Гүлсім Жаханова Аламесектегі бұрынғы емхана ғимаратының сапасы сын көтермейтінін айтады. Десе де осыған дейін сол нысанда ақ халаттылар халықтың денсаулығына сапалы жұмыс жасаған. Енді ол медицина мамандарының жаңа нысанда халық денсаулығына еш кедергісіз қызмет көрсететінін айтады.
– Ауылдық емхана мәселесі қанша әкімнің тұсында көтерілді. Тіпті халықтың түйткілді мәселесіне айналды десем де болады. Екі жыл бұрын аймақ басшысы елдің көкейінде жүрген мәселеге нүкте қойды. Ауданға облыс әкімінің бұған дейінгі сапарында да осы мәселені көтергенбіз. Сол талап-тілегіміздің жерде қалмағанына халықтың көзі жетіп отыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы біздің аймақта 100 пайыз жүзеге асып жатыр деп толық айта аламын. Ауыл тұрғындарының бұл жобаны көптен күткені рас, енді сол емханаға 1 дәрігер маманы керек. Бұл шешілсе, ауылдың денсаулық сақтау саласында ешқандай мәселе болмас еді, – дейді Гүлсім Жаханова.
Расында бұл жобаны жергілікті халықтың асыға күткені өтірік емес. Сондықтан ауыл ардагерінің сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Халықтың емхана мәселесін осыған дейін бірнеше рет көтергеніне куә болдық. Бұл нысан жан-жақты жабдықталған.
Ауылдағы 5 орындық күндізгі жаңа заманауи, медициналық, санитарлық талаптарға сай стационарлық емханада мемлекеттік бағдарламаға сай тұрғындарға тиісті дәрігерлік байқаудан өткізіп, анықталған ауруларға сауықтыру жұмыстары жүргізуде. Мұнда 11 медбике халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Былтыр ауылда 31 бала дүниеге келген. Есепті мерзімде перинаталды және қауіпті босанулар болмаған. Туберкулез ауруының алдын алу мақсатында ауыл тұрғындары кестеге сәйкес манту сынамасы мен флюробайқаудан өтуде. Диспансерлік бақылаудағы 8 науқастың 1-еуі амбулаториялық ем алуда. Бақылаудағы науқастар дәрі-дәрмектермен толық қамтылған.
Жол сапасы жақсарған
Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, Есет батырда 13 ішкі көше бар, 2023 жылға дейін оның екеуіне ғана асфальт төселген. «Асфальт төселген» деген аты ғана, негізінен ол көшелердің де сапасы жақсы емес, ал 3 көшеге тас төселсе, қалған 8 көше кәдімгі қаражол болатын.
Қазір ше, бүгінде Аламесекте жол сапасы айтарлықтай жақсарған. Ауылдағы 5 көшенің құрылысына қатысты жобалар қаржылай қолдау тауып, Есет батырда жол сапасы жақсарды. Тарқатып айтсақ, Өмірбай шешен, Бөлебай би, Сарман батыр, Жаңақоныс және Төлеген Бисенбаев көшелеріне асфальт төселді. Ауылдың орталық көшелеріне 1 млн 640 мың теңгеге 9 бейнебақылау камерасы, көшелер бойына 156 мың теңгеге 7 жол белгісі, ал тұрғын үйлерге 100 дана көше тақтайшасы орнатылған.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің басты мәселеміз осы жол сапасының сын көтермеуінде еді. Қазір мемлекеттің қолдауының арқасында бұл мәселеміз де шешімін тауып келеді. Алдағы уақытта ауылда әлі де жол сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар атқарамыз, – дейді ауыл әкімі Дәулеткерей Тәжібаев.
Елді мекенде 200 орындық мәдениет үйі бар. Онда 15 129 кітап қоры бар кітапхана халыққа қызмет етеді. Кітапхана «Модельді ауылдық кітапхана» болып жаңа форматта жұмыс атқаруда. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер мен облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес елді мекендердегі халықтың мәдениет нысандарына қолжетімділігін арттыру мақсатында «Адал адам – мәдени тәрбие беру орталығы» ашылды. Кинотайм жобасы аясында жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында қазақтың алтын қорына енген кинофильмдер көрсетілуде. Есет батыр ауылдық мәдениет үйінде биыл 6 айда 25 шара өтіп, оған 2 200 көрермен қамтылған.
Мәдениет үйі жанында 5 үйірме жұмыс жасайды. Оған 60 адам тартылған. «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамблінде 25, «Асыл аналар» ансамблінде 8 адам өз өнерін көрсетіп, ауыл, аудан көлемінде көрермен ықыласына бөленуде. Сонымен қатар мәдени көпшілік іс-шараларға ауыл жастары тартылып, олар ауылдағы қайырымдылық акциялары мен түрлі мерекелік іс-шараларға белсене қатысуда.
Төрағалардың
туған жерге тартуы
Елді мекенде күріш егетін төрағалар ауылды абаттандыруда белсенді. Осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті шаруашылықтар ауылды абаттандыру жолында бірқатар жобаны қолға алып жатыр дегенді естігенбіз. Тіпті бұған қатысты аудан әкімдігімен арада жасалған арнайы меморандум да болды. Бұл құжаттардың барлығы ауылдың болашағын жарқын етуге арналғаны жергілікті халықты қуантты. Бүгінде олардың бірқатары жүзеге асқан.
Ауылда демеушілер есебінен ішкі ішкі көшелерге 140 дана жарықшам орнатылған. Сондай-ақ елді мекенде өрт сөндіру бекеті ғимараты демеушілер есебінен жүргізілуде. «Көктөбе» шаруа қожалығы есебінен елді мекендегі Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға арналған ескерткішке жаңғырту, жаңарту жұмыстары жүргізілді.
Жалпы Аламесекте қай салада да серпін бар. Мұның бәрі – елдің ауызбірлігінің жемісі. Ауыл азаматтары қолынан келетін шаруаны ымырамен тындырады. Ал үлкен қаржыны талап ететін мәселелерді жергілікті биліктің назарына салады. Олардың талап-тілегі ескерусіз қалмаған, өйткені осыған дейін Аламесектегі ағайын көтерген мәселелердің көбісі шешімін тапқан. Оған бүгінгі сапарымызда көз жеткіздік.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!