Қазір көлік апаты жиілеген шақта үлкендердің ауызынан «қауіпсізі пойыз ғой» дегенді көп еститін болдық. Расында тасжолда алысқа сапарлауға көбісі жүрексінеді. Өзіміз де мынау тұрған бас шаһарға бара қалсақ, жолай такиден жылдамдықты азайтуын өтінеміз. Өткен-кеткеннен мысал келтіріп, сабазды сабасына түсірейін десең, жол апатына басқа да өзінің себептерін айтып болады, тыңдап отырсаң, сөзінің жаны бар, жол көлік оқиғаларына тек темір тұлпар тізгіндегендерді кінәлау да жөнсіз сияқты. Осыдан кейін үлкендердің «қауіпсізі пойыз ғой» дегенді неге айтқанын түсіне қоясың.
Иә, автокөліктей жететін жеріңе жылдам алып бармаса да, қазір қауіпсіздік бойынша отарбадан оңдысы жоқ. Алайда жолаушылардың сапары жайлы болуы үшін таңнан кешке дейін теміржолшылар қалай еңбек етіп жатыр, күнделікті күйбең тірлікпен бұл сауалдың түйінін тарқатып жатқан кім бар дейсіз!
Не керек, кейіпкеріміз Дәулеткерей Ибрагиммен екеуара жасаған диалог барысында сан сауалға жауап тапқандай болдық, бір жағынан теміржолшылардың шойынжолда жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қалай еңбек ететініне қанықтық.
Кейіпкеріміздің теміржол саласында он жылдық тәжірибесі бар, осынша уақытта саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, жауапкершілікті бірінші орынға қоя білген. Соның нәтижесі шығар, небары екі жыл қарапайым путис болып жүрген бозбала көп ұзамай бригадир болып шығар келді. Жастардың жұмыста сатылағанын естісек қуанамыз, әрине.
– Жұмысымыз таңғы сағат сегізден басталады, содан кешкі беске дейін шойынжолдың бойында уақытымыз өтеді. Жай өтпейді, жолдың бойында отарбаның еркін жүйткуіне не кедергі, соның барлығын анықтап, қалыптасқан ақауды тез арада қалпына келтіреміз. Әрқайсысымыздың өзімізге артылған міндетіміз бар, бригадир қарамағындағы әріптестеріне күнделікті атқаратын жұмысын анықтап береді және оны солармен бірге өзі де жүзеге асырады. Бізде «анау менің жұмысым, мынау сенің міндетің» деген қатып қалған қағида жоқ. Бәріміз жұмылып жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, – дейді бригадир.
Дәулеткерей Ибрагим теміржол жөндеуші болып тұрғанда релстерді шпалға кастелмен отырғызып, жолдың бойындағы басқа да ақауларды қалпына келтірумен айналысқан. Қазір де бұл жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Негізінен теміржолшылар шойынжолды көктемде және күзде жаңалап отырады екен. Бұл жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарғандықтан сала майтамандары осыған басымдық береді.
– Релстер көктемде және күзде ауысып отырады. Бұдан кей адамдарда «содан кейінгі мезгілдерде не істейді» деген сауал туындауы әбден мүмкін. Теміржолшылардың бір минут уақыты бос өтпейді, жаңа өздеріңіз де көріп отырсыздар, сіздер келгеннен қолы қалт еткен бір адам жоқ. Өзімізге белгіленіп берілген аумақта жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянып қалмаймыз. Бұ біздің міндетіміз де, соған адал болу – әрқайсысымызға парыз. Қарапайым халыққа да малды жайылымға қараусыз жібермеуі үшін түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Себебі қараусыз мал шойынжолдың бойына шығып мәселе туындауы мүмкін. Бетін ары қылсын, әзірге мұндай жағдайлар орын алған емес, бәлкім мұның барлығы түсіндірме жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілгенінің арқасы деп ойлаймын. Әріптестерімнің әрқайсысының өзіне артылған міндеті бар, соған адал, сондықтан мен олармен мақтанамын, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, шойынжолдың бойында жай жүрген теміржолшы жоқ. Барлығы өз ісіне адал, «қайтсек қауіпсіздіктің алдын аламыз» деген сауалға жауап іздейді және осы жолдағы ізденісі де нәтижелі. Жолаушы не үшін жүргенін білер, бірақ сол қалың жұрттың қауіпсіздігі жолында қандай еңбек жүріп жатқанын бірі білсе, бірі білмес.
Дәулеткерей бұған дейін салада еткен еңбегі үшін басшылық тарапынан бірнеше рет марапат төрінен де көрініпті. Алайда оған тоқмейілсіп, жұмысын баяулатқан ол жоқ, керісінше қолы жеткен марапаттан шабыт алып, шойынжолда шыңдалып келеді.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!