Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 12:19

Соя егіп, табысқа кенелген

18.07.2024

139

0

Таң атысымен тілшілік тіршілікпен егіс алқабына атбасын бұрдық. Таңғы сағат тоғыз, диқандар үшін талтүс болса керек, бригадирден бастап күрішшіге дейін алқап басында жүр. Ерте көктеммен бірге еңсе тіктейтін диқандардың дені бүгінде дала қосында еңбекпен біте қайнасқан. Жыл мезгілінің қайсысы болса да еңбек адамының оң жамбасына дөп түсері анық. Көктемде дала төсін егінжайға дайындап, мол өнімнің ырзығын жасаса, жазда еккен өнімін күтіп-баптайды.

Бұқарбай батыр ауылындағы «Үміт» шаруа қожалығы былтырдан бері егінді әртараптандыруға басымдық бер­ген. Шаруашылық өткен жылы 200 гектар­дай жүгері ексе, биыл күріштен бөлек 50 гектар соя, 400 гектардан астам жоңышқа сеуіпті. Сояның шығымы бітік. Бригадир Марат Қодренов өнімнің бұл түрі суды аз қажет ететінін айтты. Яғни толық пісіп-жетілемін дегенше 4 рет суа­рады. Оның үстіне сояға қазір сұ­ра­ныс та жоғары көрінеді.
– Бұршақ тұқымдас соя дақылы әлем­дік нарықта жоғары сұранысқа ие. Көптеген мемлекет оны ет та­ғамда­рының орнына тұтынады. Сондай-ақ жер құнарын арттыруға сеп­тігі де көп. Біз де күрішті азайтып, суды аз тұ­ты­натын дақылдардарға кө­ңіл бөліп жатырмыз. Өткен жылы жүгері өсір­дік, шығымы жақсы, суды да көп қажет етпейді. Биыл жерге би­дай да септік, міне, күні кеше ақегіс жұ­мыс­­­­тарын аяқтадық. Жалпы еңбек ету­­ге ешқандай кедергі жоқ, шаруа­шы­­­­­лықтың техникалық базасы жаңар­тыл­ған, жанармай жеткілікті, жала­қы­мыз жоғары, тек ерінбей еңбек етсең болды, – дейді бригадир.
Алқап басында арамшөптерді жо­йып, сояның өсуіне көмектесіп сушы Сұл­­танбек Тасбергенов жүр. Білікті сушы диқан­дармен бірге жүріп, көктемгі егін егу жұ­мыс­тарын ойдағыдай ат­қар­ған. Одан ке­йінгі егіннің бап-күтімінде де егіс­тік ба­сынан шықпай, тынымсыз ең­бек­те­нуде. Нәтижесінде алтын күзге ерек­ше мереймен жетуге дәмелі. Сұлтекеңнің бұл салада ең­бек еткеніне 5 жыл­дан а­сып­ты. Сол уа­қыттың ішінде егін егу­дің барлық қыр-сырын жетік мең­гер­ген. Кеше жерді баптаудың түрлі әдіс­терін бізге түсіндірумен болды.
– Бұл дақылдың тұзды, сортаң­дан­ған жерге өскені өте тиімді. Мысалы, 1 гектарға егілген соя 5-6 тоннаға дейін сол жердің тұзын өзімен бірге алып кетеді. Тұзын сіңіріп, әрі қарай құ­на­рын арттыруға мүмкіндік береді. Сояның тамыры күшті, оларда азот ми­не­ралды пішінге өңделген, ол сояның өзі үшін ғана емес, сонымен бірге осы жерде өсірілген басқа да кө­көністерге тыңайтқыш ретінде қызмет ететін бо­лады. Соя өте құрғақшылыққа төзімді деп есептеледі, бірақ жоғары өнімділік үшін жақсы топырақ ылғал­дылығы қажет, – дейді Сұлтанбек Тасбергенов.
Диқанның айтуынша, сояның пай­­дасы зор. Оның құрамындағы ақуыз 46 пайызға дейін, өсімдік майы 24 пайыз­ға дейін болады. Сон­дық­тан оны сүт, ет бағытындағы шаруа­шылық­тарда, ме­­дицина саласында, тамақ өнер­кә­сі­бінде көп қолданады. Көптеген ас түр­­лерін өңдеуге де пайдаланады. Сон­­­­дай-ақ оны қоймада сақтап әуре бо­лудың қажеті жоқ. Жинап алып, сата бересің, сондықтан экономикалық тиім­ділігі жоғары. Бағасы күріштен жоғары. Сы­­ғынды майы да кәдеге жаратылады. Мал азық етуге де болады.
Қазіргі таңда шаруашылық 60 адам­ды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр күзгі науқанды толайым табыспен қоры­­тындылаған еңбек ұжымы қосымша қаржылай сыйақыға да ие болған. Биыл да шаруа адамдары үлкен та­бысқа ке­нелетін сияқты. Олардың аптап ыс­тық­та қалай еңбек еткенін алқап­тағы бітік шыққан өнімнің өзі айтып тұр.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: