Былтыр су тасқыны елді есенгіретті. Қаншама азамат үйінен, жиған малынан айырылып, біраз шығынға батты. Зардап шеккен ағайынға ел болып көмектестік, билік салдарын жою үшін бірқатар шараларды атқарды. Еске салсақ, 12 өңірді әбігерге салған су тасқыны кезінде 120 мыңнан астам азамат құтқарылып, эвакуацияланды. Оның 45 мыңы – бала. Мемлекет тарапынан оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп, баспанасыз қалғандар үшін эвакуациялық пункттер ұйымдастырылды. Сондай-ақ шамамен 10 млрд теңге көлемінде 150 АЕК есебінде 21 880 отбасына келтірілген материалдық залал өтелді. Жасыратыны жоқ, Сыр өңіріне де жылда ерте көктемде су тасқыны қауіп төндіреді. Осы ретте су тасқынының алдын алу және дайындық шараларының барысы қалай? Тарқатайық…
Секундына 448 текше метр су түсуде
Облыстық ТЖД ТЖ алдын алу басқармасы мамандарының айтуынша, қазіргі таңда Сырдария өзеніне секундына 448 текше метр су келіп түсуде. Керкелмес су бекетінен 5 шақырым жоғары тұста өзенде сең жүру процесі байқалуда. Нақтырақ тоқталсақ, облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1 274 шақырымды құраса, ал өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерінің жалпы ұзындығы 625,12 шақырымға жетеді. Өзен маңында су тасқыны қаупі бар 29 елдімекен орналасқан. Бұл аумақтарда 70 мыңнан астам тұрғын, 14 мыңға жуық тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта ықтимал су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, 53 эвакуациялық жинақтау және 36 эвакуация қабылдау пункті дайындалды. Қысқы кезеңде 22 орналастыру пункті және 13 учаскеде жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Авариялық-құтқару жүмыстарын жүргізуге азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары да әзір.
Алаңдауға негіз жоқ
Осы орайда аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аудан аумағында су тасқынының алдын алу бойынша мәжіліс өтті.
– Су тасқынының алдын алу бойынша барлық жауапты мекемелер мен кент, ауылдық округтері өздеріне жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді ұйымдастыру қажет. Апат айтып келмейді. Өздеріңізге белгілі, былтыр көктемгі су тасқынынан еліміздің бірқатар аймақтарында төтенше жағдай жарияланды. Тұрғын үйлер, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар су астында қалып, елді мекендер арасындағы автокөлік жолдары жабылды. Осындай болуы ықтимал су тасқыны жағдайларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, 100 пайыз дайын болуымыз қажет. Тиісті ауылдық округ әкімдері, өз аумақтарыңыздағы учаскелерді қатаң бақылауға алып, кезекшіліктер үзіліссіз жүргізілуін қамтамасыз етіңіздер. Қажетті құрал-жабдықтардың дайын болуын қадағалаңыздар, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ аудан көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдарының дайындығы үнемі әзірлікте болуын бақылауда ұстау қатаң тапсырылды. Адам қауіпсіздігі бірінші кезектегі мәселе болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар басты назарда болу қажеттігі ескертілді.
30 арнайы техника дайын
Мұнан бөлек аудан әкімі Ардақ Ибраимов жауапты сала басшыларымен бірге Сырдария өзенінің Жалағаш ауданы аумағында Тұрымбет, Қараиірім және Шөмен қайыры учаскелеріне дейін мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Жалағаш ауданы территориясынан Сырдария өзенінің 84,5 шақырымы өтеді. Оның бойында барлығы 96,5 шақырым қорғаныс бөгеттері орналасқан. Сонымен қатар Қараөзек арнасының 48 шақырымы өтіп, онда 8,3 шақырым қорғаныс бөгеттері бар.
Бүгінде өзен бойында кезекшілік кестесі бекітіліп, бірінші кезекте жұмылдырылатын 12 шаруа қожалықтарының 30 техникалары нақтыланған. М.Шәменов ауылы маныңдағы Сырдария өзенінің оң жағалауындағы «Самит арна – Шөмен қайыры» учаскесі аралығы 3855 метр жерге күшейту-нығайту жұмыстары облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы арқылы 32 млн 455 мың 422 теңгеге «RS Жолсервис» ЖШС-мен атқарылған. Жалпы, қазіргі таңда Шардара су қоймасынан 450, Қызылорда платинасынан 310, Қараөзек арнасына 15 және Әйтек су торабына 290 текше метр су келуде. Су көлемін өлшегіш рейка 105 см, абсолюттік көрсеткіш 112,11 см-ді көрсетуде.
Су тасқынымен ел талай мәрте бетпе-бет келді. Енді алдағы уақытта кеткен олқылықтарды түзеп, тасқын сумен күресуде заманауи тәжірибелерді қолданып, алдын алу маңызды.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!