Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Сенбі, 24 қаңтар, 17:23

ТАБАНДЫ ТІРЛІК НӘТИЖЕСІН БЕРЕДІ

23.01.2026

9

0

2025 жыл Жалағаш үшін барлық көрсеткіш жоғары деңгейде орындалған жыл ретінде ел есінде қалды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 102,3%, өңдеу өнеркәсібі – 108,2%, инвестиция тарту – 101,3%, бөлшек сауда – 100,2%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 100%, тұрғын үй көлемі – 104,3%, құрылыс жұмыстары – 115,1% орындалған. Бұл туралы Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов облыс әкімдігіндегі өңірлік коммуникациялар орталығының баспасөз алаңында өткен брифингте айтты.

– Өткен жылы Қызылорда қаласының қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толуы айрықша аталып өтті. Соны­мен қатар Мемлекет басшысының Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапары ай­мақ­­тың дамуына жаңа серпін беріп, жү­зеге асырылып жатқан стратегиялық ба­ғыттардың дұрыстығын айқындады. Күні кеше өткен Ұлттық құрылтайда Пре­зиденттің өңіріміздің дамуы мен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының еңбегіне берген жоғары бағасы өңірде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетті. Бұл – барлығымыз үшін зор мәртебе үлкен жауапкершілік жүктейтін ма­ңызды сенім, – деген Ардақ Әбдіғап­пар­ұлы аймақ басшысының қолдауымен бірлескен жұмыстың нә­ти­жесінде Жала­ғаш ауданында атқа­рылған жұмыс­тарды рет-ретімен баян­дады.
Аудан басшысы бюджеттің жыл көле­мінде 9,5 млрд теңгеге нақтыланып, 100 пайыз игерілгенін атап өтті. Жала­ғаш­та шағын және орта кәсіпкерлікті да­мыту бағытында да атқарылған іс аз емес. Аудан бойынша 2806 кәсіпкерлік су­бъектісі тіркеліп, оның 2727-сі немесе 97 пайызы нақты жұмыс істеп тұрғанын атап өткен жөн. Қаржы институттары арқылы кәсіпкерлердің 264 жобасы 4,3 млрд теңгеге қаржыландырылған.
– Мемлекет басшысының ауыл тұр­ғын­дарының табысын арттыру жөнін­дегі тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. 2025 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ар­қылы 166,5 млн теңгеге 33 жоба қаржы­ландырылып, 35 жаңа жұмыс орны құ­рылды. Жыл басынан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2 жоба 15,2 млн теңгеге қаржыландырылып, 117,8 млн теңгені құрайтын 18 жобаның құ­жат­­тары Amanatnesie цифрлық плат­фор­­масына енгізілді. Ұлттық цифр­лық инвестициялық платформаға жал­­пы құны 1 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба енгізіліп, іске асы­­­рылды. Нәтижесінде өңдеу сала­сын­­да бірқатар өндірістік цехтар іске қо­сы­лып, 19 жаңа жұмыс орны құрылды.Со­нымен қатар жалпы құны 51 млрд теңгені құрайтын «Harvest Agro Holding» компаниясының техникалық да­қыл­дарды егу және қайта өңдеу кластері жобасы жүзеге асырылуда. Бұл – тәуел­сіздік жылдарындағы ауда­ны­мыз­да ин­вес­тор қаржысына салынған ең ірі жоба болмақ, – деді аудан әкімі.
Ауыл шаруашылығы саласы аудан экономикасының негізгі бағытының бірі болып табылады. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес аудан ауыл шаруашылығы негі­зінен суармалы егіншілікке, оның ішін­де күріш өсіруге бейімделген. Жала­ғаш­тағы 338 шаруашылықтың 202-сі егін шаруашылығымен, 136-сы мал шаруа­шылығымен айналысады. Өткен жылы 209 шаруашылық 36712 гектарға егін еккен. Оның 19357 гектарын күріш егістігі құрағанын айта кеткен ләзім.
– Су тапшылығына қарамастан, мемлекеттік қолдау мен жаңа техно­логияларды пайдалану нәтиже­сінде егін жинау жұмыстары толық орындалды. Орташа өнімділік гектарына 60,1 центнерді құрап, 116 331 тонна өнім жиналды. Егін науқанының нәтижесі бойынша аудан «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша «Озат аудан» деп танылды. 2026 жылы 36678 гектарға егін егу жоспарлануда. Шаруашылықтар өз техникалық базасын жаңғыртып, жыл ішінде 1,2 млрд теңгеге 27 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Егін шаруашылығымен қатар ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша 32687 бас мүйізді ірі қара, 24231 бас уақ мал, 33763 бас жылқы, 765 бас түйе және 10251 бас құс өсірілуде, – деді А.Әбдіғаппарұлы.

Жалағашта пайдаланылмай жатқан және заңнама талаптарын бұза отырып пайдаланылған жалпы көлемі 11624 гектарды құрайтын 24 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға енгізу үшін жалпы көлемі 31908 гектар болатын 16 жер учаскесі жеке және заңды тұлғаларға берілген.
Тағы бір атап өтерлігі, жол құрылысы да қарқынды. Өткен жылы жол саласын дамытуға бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, аудандық маңызы бар 1 автомобиль жолы мен кент және ауылдық округтердегі 37 ішкі көшеге күрделі жөндеу, 8 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге Жалағаш ауданының жол саласы бойынша барлығы 3,4 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды. Алдағы уақытта бюджеттің мүмкіндігіне қарай жұмыстар жалғаспақ.
Аймақ басшысының аудандардың шеткі аумақтарында орналасқан елді мекендерін дамыту тапсырмасына сәйкес Жаңадария, Аққыр елді мекендерінің 5 көшесін күрделі жөн­деуден өткізуге осы жылға бюджеттен 565 млн теңге бөлінген.
Осы сынды мәліметтерді алға тартқан Жалағаш ауда­нының әкімі халықты ауызсумен қамтамасыз ету ба­ғы­тын­дағы жұмыстарға тоқталды.
– Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бағытында нақты нәтижеге қол жеткізу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Сонымен қатар 2025 жылы Есет батыр елді мекенінде ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жобасы аясында бюджеттен 38,1 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Аталған жоба бойынша келісім шарттың жалпы құны 381,2 млн теңгені құрайды, – деді А.Ибраимов.
Аудан әкімі электр желілерін жаңғырту мақсатында ат­қа­рылған жұмыстарды да мәлім етті. Жалпы Жалағашта электр желілерінің ұзындығы 457,5 шақырымды құраса, ал электр жүйелерінің орташа тозу деңгейі 32,5 пайыз болып отыр. Жалағаш кенті, Еңбек және М. Шәменов ауылдарының электр желілерін жөндеу мақсатында демеушілер есебінен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру үшін бюджетке ұсынылған. Аталған жобалар бойынша бюджеттен 1 млрд 661 млн теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарлануда.
Бүгінгі күні аудан халқының 50 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылған. 2025 жылдың қараша айында Қаракеткен және Далдабай елді мекендерін газдандыруға облыстық бюд­жет­тен қаржы бөлініп, газ желілерін тарту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта биылға нақтыланған бюджеттен тиісті қаражаттарын бөлу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Бұқарбай батыр ауылын газдандыру мақсатында демеушілер есебінен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім салалық министрлікке жолданған. Аталған жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды.
– Әлеуметтік сала бойынша да айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізілді. Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндетіміз. Бұл бағытта айқын және нақты жоспар бойынша оң нәтижелерге қол жеткіздік деп толықтай айта аламыз. 2025 жылы жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрады. Жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайыз. Ауданымызда Ұлттық жоба аясында 16 жобаға 175 адам жұмыспен қамту жоспарланса, қазіргі таңда 183 адам жұмыспен қамтылды немесе 105,1 пайызға орындалды, – деген аудан әкімі білім саласындағы жұмыстарды тілге тиек етті.
2025-2026 оқу жылына дайындық жұмыстарына 262,5 млн теңге қаржы қаралды. Бөлінген қаражат аясында 5 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 3 мектеп жанынан жаңа спорт алаңдары салынды, сондай-ақ 2 мектептің спорт алаңдары күрделі жөндеуден өтті. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданның барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтылып, полиция бөлімімен толық интеграцияланған.
Денсаулық сақтау саласы жылдан жылға тұрақты түрде дамып келеді. Соңғы үлгідегі жаңа аурухана мен жаңа типтегі емхананың пайдалануға берілуі аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға және халық денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде. Республикалық бюджеттен 388 млн теңге бөлініп, Қаракеткен ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория салынды. Жаңа нысан заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, тұрғындарға сапалы әрі жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Аудандық аурухананың медициналық қызмет сапасын арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында нақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, лизинг арқылы құны 62,4 млн теңгені құрайтын заманауи ультрадыбыстық диагностикалық аппарат (УДЗ) сатып алынды. Сонымен қатар 98 млн теңгеге рентген-мам­мо­гра­фиялық және стационарлық цифрлық рентген-флю­оро­гра­фия­лық аппараттар алынып, медициналық қызметке енгізілді.
Мәдениет саласында да ауқымды жобалар жүзеге асы­рылуда. Жемісті жобаның бірі ретінде «Руханият» орта­лығы салынып, жұрт игілігін көріп отырғанын атап өтуге болады.
Аталған көп­функ­ционалды ғи­маратта музей, кі­тапхана, мұрағат, неке қию залы, сондай-ақ ардагерлер және аналар кеңесі, жастар ор­та­лық­та­ры, аза­мат­тық қоғам өкіл­де­рі, та­­рихи-мә­­дени және ру­хани ұйым­дар бір ор­талыққа бі­рік­тірілген.
Спорт саласында да жүйе­лі жұмыс бар. Қазір­гі таңда ша­ма­мен 16 мың тұрғын, яғни жалпы ха­лықтың 44,3 пайызы бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысып отыр. Аудан спортшылары әлемдік, Азия чемпионаттары және облыстық жарыстарда 279 медаль иеленіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында кент орталығында жоба құны 471 млн теңге болатын денешынықтыру-сауықтыру ке­шені пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Қа­зақ­стан халқына» қоры арқылы Аққыр елді ме­ке­нінде жалпы құны 175 млн теңге болатын дене­шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқ­талып, тұрғындар игілігіне берілді. Қазақстан фут­бол федерациясымен әріптестік байланыс орна­ты­лып, екіжақты жасалған меморандум нәтижесінде УЕФА-ның «Alan» жобасы аясында жалпы құны – 180 млн теңгеге ауданымыздағы орталық стадионның жа­сан­ды алаңы қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар ау­дан бюжетінен 43,5 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұ­мыс­та­ры жүргізілді, – деді әкім.
Жалағашта демеушілер көмегімен атқарылған жұмыс та аз емес. Атап айтқанда, Таң елді мекенінде Ұлы Отан со­ғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш жаңғыртылды. Аламесек ауылындағы ескерткіш күрделі жөндеуден өтсе, Мәдениет, Қаракеткен, Аққұм елді мекендерінде балалар ойын алаңдары салынып, Жалағаш кентіндегі көшелерге жарықшамдар орнатылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
– Есептік кезеңде барлық елді мекенде санитарлық та­зарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүр­гізілді. Скверлер мен парктер, әлеуметтік және бизнес ны­сандарының аумақтары, су айдындары мен көше бойлары толық тазартылды. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы арқылы бюджеттен 166 млн теңге қаржы қаралып, Жалағаш кенті мен 14 елді мекенде абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 4980 тонна қатты тұрмыстық қалдық полигондарға шығарылып, 18 техника тұрақты түрде жұмылдырылды. Сонымен қатар өңір климатына бейім қарағаш, терек және Сырталы көшеттері отырғызылып, жасыл желек аумағы кеңейді. Өздеріңіз білесіздер, жуырда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы облыс орталығымен қатар Жалағаш ауданындағы Таң ауылының тазалығын ерекше атап өтіп, оны бүкіл елге үлгі ретінде көрсетті, – деген аудан әкімі БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың баяндамасынан атқарылған істің аз емесін, ал атқарылатын істің одан да көп екенін аңғардық. Бұдан аудан басшылығының бар күш-қуатын, ерік-жігерін елі ырысты, жері күрішті Жалағашты гүлдендіруге жұмсап жатқанын көруге болады.

Е.ӘНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: