«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кент және барлық елді мекенде тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар мен мекеме қызметкерлері белсене атсалысты. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов кенттегі тазалық жұмыстарын бақылап, санитарлық тазалық кезінде жиналған қалдықтарды дер кезінде шығару жөнінде кент әкімі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ ол аудан бойынша тазалық жұмыстарына атсалысып жатқан азаматтардың еңбегі, туған жерге жанашырлығы көпке үлгі екенін де айтты. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Әр адам өз ауласын тазартып, абаттандыруға көңіл бөлсе, ауаны да тазартып, ауданды да көркейтуге үлес қосар еді.
– Әр апта сайын сенбілік жұмысына белсене атсалысамын. Аудан басшысының бастамасымен үздіксіз жүргізіліп жатқан сенбілік жұмысына кент тұрғындары тұрақты түрде ат салысып, кенттің көркеюіне өзіндік үлесін қосуда. Сенбілікке мекеме қызметкерлерінен бөлек зейнеткер қарттарымыз бен кішкентай жасөспірімдеріміз де белсенділік танытуда, – дейді кент тұрғыны Өмірбек Аманов.
Тазалықты жанына серік еткен кент тұрғындары сенбілік барысында жол жиектері мен жаяу жүргіншілер жолдарын, сонымен қатар қоғамдық орындарды тазартты. Сондай-ақ жабайы шөптер шабылып, қураған бұтақтар кесілді. Жиналған қоқыс-қалдықтар арнайы техникамен тиісті орындарға шығарылды.
Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу жұмыстарға барлық мекеме қызметкері бір кісідей атсалысты. Әрбір ұжым, мекеме қызметкерлері өздеріне бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.
Сенбілік жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы аймақтар бойынша тазалыққа жауаптылар мен көше тұрғындарына, жалпы халыққа тұрғын үй маңында көркейту-көғалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау керектігін, туған жердің таза болуын тек сенбі күні ғана емес, үздіксіз бақылап, мәдениеттілікті арттыру қажеттігін де атап өтті.
Расында ауданның көркеюі мен тазалығында дәл осындай сенбілік жұмыстарының алар орны ерекше. Осындай жұмыстар өңірдің таза қалпын сақтауда. Бұл шара арқылы тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және көшелердегі тазалықты сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, санитарлық жағдайын жақсартуға болады.
Сезім НҰР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!