Мемлекет басшысы мен Үкіметтің, сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен ауданда заманауи талаптарға сай жаңа теміржол вокзалы салынып жатыр. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС-ның жоба жетекшісі Нұржан Бектібаевты қабылдап, Жалағаш кентіндегі теміржол вокзалының құрылысын жеделдетуге қатысты жобалық-сметалық құжаттар мен өзекті мәселелерді талқылады.
Айта кетейік, аудан аумағынан 47 шақырым теміржол өтеді. Жалағаш станциясы арқылы «Алматы-1 – Ақтөбе», «Ақтөбе – Алматы-1», «Алматы-2 – Маңғыстау», «Маңғыстау – Алматы-2», «Қызылорда – Павлодар», «Павлодар – Қызылорда» жолаушылар пойызы өтеді.
«Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ АҚ-ның тапсырысымен теміржол вокзалының жаңа ғимараты салынып жатыр. Жобада жаңа үлгідегі вокзал ғимаратынан бөлек перрон аумағын абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары да қарастырылған. Мәжілісте аудан әкімі құрылыс сапасын жіті бақылап, жолаушыларға ыңғайлы әрі заманауи стандарттарға сай нысанды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.
Аудан басшысы теміржол вокзалының жаңа ғимаратына барып, құрылыс барысымен де танысты. Сондай-ақ жұмыс сапасын бақылауда ұстап, тиісті сала басшыларына құрылыс қарқынын жеделдету және аумақты көркейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Аудан әкімі нысанның уақытылы пайдалануға берілуі қажеттігін ескертіп, жобаның жүзеге асуы ауданның көлік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Иә, Жалағаш ауданында бұрынғы теміржол пункті қайта жаңғыртылуда. Ескісі бұзылып, заманауи вокзал салынады. Сондай-ақ перронды абаттандыру және жарықтандыру жоспарланған.
Мердігер мекеме ескі пункттің орнын тегістеп, қазір құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Аумағын абаттандыру үшін Жалағаш кенті әкімдігінің теңгеріміндегі жер учаскесі «Қазақстан Темір жолы» АҚ Қызылорда облыстық филиалына берілуде. Жобада жаңа үлгідегі ғимарат, перронды абаттандыру және жарықтандыру қарастырылған.
Айта кетейік, елімізде 100 теміржол вокзалын жаңғырту қолға алынған. Қалғанын келер жылы аяқтау жоспарланып отыр. Биыл Қазақстан бойынша жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан 100 вокзалдың 10-ы – Қызылорда облысының аумағындағы ғимарат. Өңірдегі теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу үшін шамамен 5 млрд теңге қаржы қажет. Жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелер «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-мен келісім-шартқа отырды.
2023 жылы Қызылорда қаласындағы ғасырдан астам тарихы бар вокзал мен аумағы толықтай жаңғыртудан өтті. Жобаның жалпы құны – 577 млн теңге. Оған «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы 322 млн теңге және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 255 млн теңге қаржы бөлінді. 1905 жылы салынған бір қабатты вокзалға күрделі жөндеу жүргізіліп, бүгінде заманауи талаптарға сай бейімделді.
Қасбеті травертин плиталарымен қапталды, шатыры жаңартылды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар орнатылды. Сонымен қатар суағар, су, кәріз және жылу жүйелері жөнделіп, қала жақ беті көгалдандырылды. Ішкі бөлмелері де толықтай жөнделді. Бұдан бөлек екі жолаушылар платформасына асфальт төселіп, төрт тірекке 10 жарықшам орнатылды.
1969 жылы салынған екінші нысан да жаңартылды. Әкімшілік ғимараттың қасбеті әрленіп, есіктері, 200 шаршы метр шатыр ауыстырылды. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен перрон мен автотұрақ асфальтталып, жарықшамдар қойылды. Сол аумақтағы нысандардың қасбеті де заманауи келбетке ие болды.
Бұл жұмыстар аймақтағы көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!