Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Жексенбі, 13 сәуiр, 21:21

Трактор тізгіндеген Тұрар

08.04.2025

160

0

Механизатор егінмен айналысатын ауылдық жерде ең қажетті мамандықтың бірі саналады. Шаруа қожалықтарындағы техниканы уақытында реттеп, өнімді жұмыс істеуі осы маманның кәсібилігіне байланысты. Бүгінгі мақалаға арқау болған кейіпкеріміз – осындай жауапты мамандықтың иесі, еңбек адамы Тұрар Алатаев.

Қос трактор түтіні будақтап атыз­дағы топырақты әрі-бері аударып, жер жыртуда. Екеуінің де қимылы шалт, алқаптың ана шетіне теңдей жетіп, жаңа телімге бір уақытта түседі. Кере­мет көріністі тамсана тамашалаған біз не керек, ауыр техниканы тізгіндеген ме­ха­низаторлармен сұхбат құруды жөн көр­дік. Осылайша көкке көтерілген шаңға қарамай, атызға бойлай кірдік.
«Жастайымнан еңбеккке араластым. Егін басталса, алқап басынан табы­ламын. Кейін трактор тізгіндеуді үйрен­дім. Содан түрлі көліктерді, «К-700»-ді, бұрынғы комбайнның түр-түрін жүр­гіздім. Бүгінде заман ағымына сай қазіргі жетілген техникаларды да иге­ріп ал­дық. Олармен жұмыс істеу қолайлы, жұмысың да өнімді, істен жиі шық­пайды» деп бастады әңгімесін майтал­ман механизатор.
Ауыл шаруашылығына арналған көліктердің қыр-сырын меңгерген аға­­мыз «Сәрке батыр» ЖШС-да 3-4 жылдан бері механизатор болып ең­бек етуде. Еңбек өнімділігінің, асқан жауап­кершілігінің арқасында төраға тара­пынан берілетін сыйақыға талай мәрте ие болған. Асқан кәсібилігінің ар­қасында еңбек адамы ауыл азамат­тарының ілтипатына бөленіп, сый-құр­метке кенеліп жүр. Бір сөзбен айтқанда, өзі еңбексүйгіштігінің, кәсібилігінің арқа­сында ортада қадірлі, ұжымда сыйлы.
Шаруа адамының айтуынша, жұ­мыс уақыты әрқилы. Таңсәріде үй­ден шығып, тас қараңғыда қайтқан кез­дері де болыпты. Көктемде егіс алқа­бындағы жұмыстарға қызу кірісіп, жерді дайындап, тұқым себеді. Ал күз­бен қатар келетін орақ науқанында маң­дай термен өсірген өнімдерін шаш­пай-төкпей жинап алады. Қақаған қыста бүкіл техниканы келесі науқанға дайын­дайды. Осылай өмірдегі еңбек жолы бір мезгілден келесі мезгілге дейін тығыз сабақтасып келеді.
Қуантарлығы, механизатор тізгін­деген жер жыртатын трактор заманауи үлгіде жарақталған. Жай техника емес, заманауи тетіктерімен жабдықталған. Компьютерленген, навигаторы, салқын­датқышы бар. Бір сөзбен айтқанда, өнімді жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Соның арқасында Сәкең күніне 10 гектардай жер жыртып, жалпы көктемгі жұмысын бір айдың ішінде тәмамдайды.
Еңбек адамы – түтіні түзу шаңы­рақтың қамқоршысы әрі тірегі. Қа­нат­тыға қақ­тырмай, тұмсықтыға шоқтыр­май 6 баласын әлпештеп, аялап өсір­­­ген. Бүгінде абзал ата атанып, неме­ре­лерінің қызығын қызықтап, бақытқа бө­леніп отырған отбасылардың бірі десек, қателеспейміз.


Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: