Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 04:46

«Тұмардың» жеңімпаздары

05.07.2023

390

0

Елордада дәстүрлі «Тұмар» сыйлығын салтанатты табыстау рәсімі өтті. Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Парламент депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, медиа саласының мамандары мен журналистер қатысты. Іс-шарада кіріспе сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі биыл журналистер күні жақсы жаңалықпен басталғанын атап өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 65 журналиске пәтер кілті табысталғанын жеткізді.

«Түрлі мерекелік іс-шара ұйым­дас­тырылып, алуан марапат тапсырылды. Ұлттық баспасөздің қайнар бұ­лағы, бастау көзі «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шыққан 2 ақпан – «Ұлттық баспасөз күні» болып бекітілді. Бүгін елордамызда керемет Журналистер саябағы ашылды. Міне, бүгін журналистер декадасын «Тұмар» ұлттық сыйлығымен қорытындылағалы отырмыз.

Осы іс-шараларға үлкен қолдау көрсеткен Астана қаласы әкімдігіне рахмет айта отырып, бүгінгі «Тұмар» сыйлығын Астананың 25 жылдығына арнағанымызды атап өткен жөн. Өздеріңізге мәлім, биыл сериалдарға бөлек сыйлық жариялап, оны наурыз айында табыстадық. Сондықтан «Тұмар» сыйлығына анимация, спорт журналистикасы еніп отыр», деді Д.Қыдырәлі.

сми

«Тұмар» ұлттық сыйлығы бай­қау­дың 12 аталымы бойынша сарапқа са­лынды. Байқауға биыл де­ректі фильм, анимация, спорт журналистикасы қатарлы жаңа аталымдар қосылды. Белгілі қаламгер-жур­налист Камал Смайылов, ұлт­тық ани­мация өнерінің атасы Әмен Қай­да­р, спорт комментаторы Амангелді Сейт­хан атындағы сыйлықтар тағайындалды.

«Осы орайлы сәтті пайдаланып, барша әріптесіме шын жүректен риза­шы­лығымды білдіремін. Биыл­дың өзінде әлемде, елімізде көптеген резонансты оқиға болды. Елімізде төрт үлкен сайлау өтті. Тө­тенше жағдайлармен бетпе-бет келдік. Осының бәрінде журналистер қауымы жарғақ құлағы жастыққа тимей өз міндеттерін атқарды.

Ақпарат саласының ақиқат айды­ны екенін көрсетіп жүрген әріп­тестеріміз түрлі дебаттар ұйым­дас­тырды. Жедел ақпарат жеткізді. Со­нымен қатар тікелей эфирден бас­қа да сараптамалық материалдар ұйымдастырды. Сіздерге осы орайлы мезетте тағы да ризашылығымды біл­­діргім келеді. Сонымен қатар «Тұмар» ұлттық сыйлығы жур­на­лис­тер арасында үл­кен қызы­ғу­­­шылыққа ие. Биылғы бай­қауға келіп түскен өтінімдер со­ның айғағы», деп сөзін қорытындылады сала басшысы.

Байқаудың «Үздік деректі фильм» жүлдесіне «Абайдың соңғы күн­дері» деректі фильмі лайық деп танылды. Фильм және сценарий авторлары – жазушы-журналист Қанат Тілеухан мен әдебиетші-ғалым, пуб­лицист Бағашар Тұрсын­байұлы. Ұлы ойшылдың ақырғы күндері туралы тарихи фильм «Хабар» агенттігінің тапсырысы­мен түсіріліп, қазан айын­да көрер­мен назарына ұсынылды.

мси

Бұдан кейін қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Сұл­та­нов «Үздік әлеуметтік жоба» ата­лымының сый­лығын табыстады. Оның айтуынша, байқауға ұсы­ны­лып, іріктелген жұ­мыстың қай-қайсысы да марапатқа лайық.

«Таңдау өте қиын болды. Сол таң­даулының таңдаулысы ішінен шыға­тын үздіктер бар. «Отанды сүю от­басынан басталады». Адамға жан­ашырлық сезім – қоғамға, елге, жұрт­қа, соның жақсылығына, бейім­­де­­луіне, жүрек тазалығы мен жан, тән тазалығымен келетін асыл қа­сиет. Осы жанашыр деген бір ғана сөз­бен ай­тылады. Осы сәтті пай­да­­ланып, «Үз­дік әлеуметтік жоба»­ ата­лымының же­ңімпазы «Жан­­ашыр» («Жетісу» телеарнасы)­ бағ­­дарламасына бұйырды», деді Қ.Сұлтанов.

«Үздік аналитикалық бағдарла­ма» аталымын қоғам және мемлекет қайраткері Сауытбек Абдрах­ма­­нов тапсырды. Қарымды қалам­гер салмақты ойлы көрермен сарап­та­малық бағдарламаларды көретінін атап өтті.

«Оқиғаға, қоғамға баға беру, талдау жасау – өте қиын. Әрі ой тереңдігін әрі кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан осы аталымды тапсыру бұйырғанына қуанып отырмын. Осы арқылы бүгінгі «Тұ­мардың» мінберін пайдаланып, телевизияға байланысты бір ойым­ды айтпақпын. Бүкіл абырой түптеп келгенде тележурналистерге тиеді. Министр Дархан Қуандықұлы жақсы жаңа­лықты жеткізді. Астанада Жур­на­листер саябағы ашылды. Ол саябақ «Егемен Қазақстан» көшесінде ашылды.  «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясы алдын­да ашыл­ды. Енді, сол жерде ескерткіш кімге қойылды деп ойлайсыздар? Ескерт­кіш тележурналиске қойылды. Сая­бақта микрофон ұстаған қыз бен камера ұстаған жігіттің әдемі мү­сіні тұр. Бұл да тележурналистерге көрсетілген құрметтің белгісі», деді С.Абдрахманов.

см

Осылайша, «Qazaqstan» теле­арнасы­ның «Apta» ақпараттық-сарап­та­ма­лық бағдарламасы «Үздік анали­тикалық бағдарлама» аталымы бо­йынша «Тұмар» ұлттық сыйлығын ие­ленді. «Apta» бағдар­ламасы әр жек­сенбі 20:00-де тіке­лей­ эфирге шы­ғады. Бағдарлама жүр­­гі­зушісі – Альбина Әшім.

Сондай-ақ байқауда «Үздік ток-шоу» аталымының жеңімпаздары анықталды. Оны Сенат депутаты Би­бігүл Жексенбай табыстады.

«Бүгін – жыл сайын асыға күтет­ін дүбірлі той. Бәріңізді осы тойда көргеніме аса қуаныштымын. Ең бірінші, баршаңызды елор­да­мыздың 25 жылдығымен құт­тықтаймын. Шыны керек, осы залда отырғандардың көбі 25 жыл бұрын мұнда болмаған да шығар. Әрқайсымыз бір шабаданымызды құшақтап, Астанаға келгеніміз есімізде. Журналистердің елорда дамуына қосқан үлесі зор. Әрқай­сымыздың жасаған репор­тажымыз арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі бауырларымыз, ағайын­­дарымыз Астанаға асыққаны рас. Ендеше, бұл той – бәрімізге ортақ той», деді Б.Жексенбай.

«Үздік ток-шоу» аталымы­ «Qazaqstan» телеарнасының «1001 түн»­ жобасына тапсырылды. Бағ­дар­ла­­мада қоғамда резонанс тудырған оқи­ға­лар талқыланып, күннің ең өзекті оқиғасы бойынша ақпараттардың анық-қанығы куәгерлер, ресми өкілдер мен арнайы мамандар арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар студияда түрлі сала бойынша тұлғалармен еркін сұхбат жүргізіледі. Бағдарлама жүргізушілері – Ғалымжан Кең­ші­лік­ пен Әйгерім Сейфолла. Хабар дүй­сенбі-бейсенбі күндері 23:25-те тікелей эфирге шығады.

«Balapan» телеарнасының «Дәрі­гер Дана» мультхикаясы «Үздік анимациялық фильм» атанды. Жоба «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің Әмен Қайдар атындағы арнайы жүлдесін иеленді. «Үздік анимациялық фильм» аталымының номинант­тары қатарына «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрт бірдей жобасы енді. Үміткерлер қатарында «Дәрігер Дана» мульт­хи­каясынан өзге, «Balapan» арна­сының тапсырысымен тү­сі­­­ріл­ген «Тоқты мен серке», «Ойын­­шықтар» және «Jambyl» теле­арнасының «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» анимациялық туын­ды­лары болды.

Журналист, комментатор Есей Жеңісұлы «Үздік спорт комментаторы» аталымы бойынша «Тұмар» ұлт­тық сыйлығының Амангелді Сейітхан атын­дағы арнайы жүлдесін жеңіп алды.

«Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауында журналистер биыл алғаш рет «Үздік спорт комментаторы» және «Үздік журналистік зерттеу» аталымдары бойынша бақ сынады. Есей Жеңісұлынан бөлек, «Qazsport» телеарнасының комментаторлары Ермұхамед Мәулен мен Дінмұхамед Тө­легенов байқаудың шорт-листіне енді.

Бұдан бөлек, «Үздік ақпараттық бағдарлама» аталымы «Atameken Business» телеарнасының «Дневной формат» бағдарламасына, «Үздік журналистік зерттеу» аталымы «Хабар 24» телеарнасы «Арнайы репортаж» бағдарламасына бұйырды.

«Jibek Joly» телеарнасының «Түн­гі студия» токшоуы «Үздік ойын-сауық бағдарламасы», «Caspian News» (Атырау қаласы) «Үздік ай­мақтық телеарна» атанды. Бірінші арна «Евразия» арнасының тілшісі Әйгерім Мұздыбаева «Үздік тележурналист» аталымында жеңіске жетті. «Үздік тележүргізуші» аталымы Светлана Булатова («КТК» телеарнасы) мен Еркін Байғабылұлына («Хабар 24» телеарнасы) бұйырды. Арнайы жүлде «31 арна» телеарнасына отандық телевизиялық саланың дамуына қосқан үлесі үшін табысталды.

Биыл байқауға 12 аталым бо­йынша 300-ге­­ жуық өтінім келіп түскен. Шорт-листке 48 жұ­мыс енді. Жеңімпаздар қазылар алқасы­ның жабық дауыс беруі арқылы анықталды.

Жеңімпаздар телевизия сала­сын­дағы ең жоғары жетістіктері үшін «Тұмар» мүсіншесінің және 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйақының иегері атанды. Іс-шараға «Қазақстан РТРК» АҚ мен «Хабар» агенттігі демеушілік жасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: