Бұқарбай батыр ауылындағы Марат Қодренов жуырда жаңа кәсіпті қолға алды. Қазіргі таңда үйдің іші-сыртын қаптайтын декоративті тастарды арнайы қалыптармен өндіріп жатқан ауыл тұрғыны алдағы уакқытта кәсібінің көкжиегін кеңейтпек. Сөзінше, мұндай өнімдерге Қызылорда облысында сұраныс мол екен.
Оның кәсіптің бұл түрін қолға алуына баласы ақыл қосыпты. Астанада осындай өнімдер өндіретін арнайы алып цехта 3-4 ай жұмыс жасап келген ұлы Нұрбек Марат әкесіне «отбасылық бизнес бастайық» деп қолқа салады. Баласының талабына қарсы болмаған ол расында маусымында мұндай өнімдерге сұраныс мол екеніне көз жеткізгенін айтады.
– Өзім жұмыссызбын, балам осындай кәсіп бастауға болатынын айтады, бірақ оны бастап кетуге де қолда қаражат болмады, ағайын-туыстың көмегімен кәсібімізге 1 млн 500 мың теңге қаражат құйдық. Кейбіреулер үшін бұл қаржы көп емес шығар, бірақ ауылда жұмыссыз жатқан біздер үшін әжептәуір ақша. Тіпті қорадағы азын-аулақ сиырымызды да сатылымға шығардық. Істің көзін балам білетінін айтады, соның талабына арқа сүйедім, болмаса заманауи үлгідегі мұндай өнімдер шығару менің қолымнан келмейді. Не керек, кейін уақыт өте оның қыр-сырын өзім де меңгеріп алдым. Сұраныс мол, бірақ оның барлығын қамтамасыз ету үшін тағы да қажетті материалдар қажет, – дейді Марат Қодренов.
Негізінен бұл бұйыммен тұрғындар көбінесе үйдің сыртын қаптайды, алайда кейбір бөлмелердің ішкі бетін қаптауға да болады екен. Кәсіпкер өзі өндірген бірінші өнімін үйіне пайдалануда. Ал қалғаны сұранысқа сай тұтынушыларға жолданады екен.
Иә, қарап отырсаңыз, оған қажетті шикізаттың барлығы өзімізде бар. Тіпті шегеқұмды алыстан дорбаламай, ауыл сыртынан алдырады екен. Ал цементті облыс және аудан орталықтарындағы құрылыс заттарын сататын базарлардан тонналап алады.
– Біріншіден, сөзімді алып, нар тәуекел деген әкеме мың алғыс, көріп отырсыздар, сұранысқа сай өнім шығып жатыр, ал оны өндіруде қолданатын шикізат қоры өзіміздің Қызылордада жеткілікті. Кеше ғана облыс орталығынан цемент алдырдық, тоннасын 35 мың теңгеден алып жатырмыз, ал шегеқұм өз ауылымызда да бар. басқа да қажетті шикізат Алматы қаласынан келеді, сұраныстың барлығын қамтамасыз етуге біздің құрал-саймандарымыз жеткіліксіз, сондықтан көрпемізге қарап көсілуге тура келеді, – дейді Нұрбек Марат.
Иә, мұнда үйдің сыртын қаптайтын қаптамалардың түр-түрі бар, қабырғаға тұтас жабынды қажет пе, арнайы бұрыштарға керек дейсіз бе, кәсіпкер оның барлығының қалыбын алдырып қойған. Қазіргі таңда бұл отбасы 8 түрлі қалыппен өнім шығаруда.
Негізінен кез келген нысанның сыртын қаптайтын бұл жабындылардың нарықтағы құны жоғары, Бұқарбай батырда өндірілген өнімнің бағасы одан 600-700 теңгеге төмен демесеңіз, сапасы одан жоғары болмаса кем емес. Себебі кәсіпорында бұрын мұндай өнімдер әзірлейтін үлкен цехта тәжірибе шыңдаған жұмысшы бар.
Бір қалыптан шыққан үйдің сыртын қаптауға арналған декоративті тастардың салмағы 9-9,5 келіні құрайды. Негізінен нарықта бұл қаптаманың құны бір шаршы метрі 2700-2800 теңгеден сатылса, Мәкең тұтынушыларына 2300 теңгеден беріп жатыр. Бір қызығы, бұл қаптамалар су тиген сайын күш алатын көрінеді, яғни төзімділігі артады.
Кәсіпкер мұндай қаптамаларды тұтынушы талабына сай түрлі бояуларға да енгізіп береді. Оның бояуы да кәнігі емес, тек осы декор тастарды бояуға арналған. Сапасына мін жоқ.
Марат Қодренов алдағы уақытта үй ауласынан арнайы цех ашуды жоспарлап отыр. Алайда оған қаражат жағы қолбайлау болып отыр екен. Нысан салуға қаржысы жеткенімен басқа да қажетті аппараттар алуға келгенде тиын санап қалатыны тағы бар, сондықтан алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар көмегіне жүгінуді көздейді.
– Үй ауласынан цех ашсам, бірнеше адамды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік туар еді, бір жағынан бұл өнімді жылдың он екі айында өндіруге мүмкіндік бар. Мәселен, пескаблокты тек күн жылы кезде өндірсеңіз, декор тастар суыққа да төзімді. Міне, менің цех ашуға басымдық беріп отырғаным да сондықтан. Болмаса аулама сыймай жатқаным жоқ. Дәл осы кезде бір үйдің сыртын қаптайтын декор тастарды 3-4 күнде өндіріп жатырмын. Егер цех ашсам, бұл кәсіп маусымдық болмайды, бір жағынан бірнеше адамды жұмыспен қамтимын. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар көмегіне жүгінуді жоспарлап отырмын. Егер жауапты бөлімдер бұл кәсіпті қолдап жатса, жобамның өміршеңдігіне сенемін – дейді Марат ағамыз.
Иә, ебін тапқан кез келген істі ширатады, тіпті жоқтан бар жасайды, бұған Марат ағамыздың кәсібімен танысқанда көз жеткіздік. 1,5 млн теңгемен басталған кәсіптің берекесін берсін дейміз. Расында кәсіпкер айтқандай, бұл қолдауға тұрарлық жоба екеніне күмән жоқ.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!