Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 22 қаңтар, 11:11

Тың бастама, оң ұсыныс:
Құрылтай алдындағы келелі мәселелер

21.01.2026

3

0

Кеше Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен V Ұлттық Құрылтай өтті. Ал жиынның алғашқы күнінде, яғни 19 қаңтарда төрт панельдік секция отырысы болып, оған өңірлерден 100-ден астам құрылтай мүшесі қатысты. Отырыстарда әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым мәселелері көтеріліп, азаматтық қоғам және экономикалық даму бағытында ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері талқыланды.

Алғашқы «Әлеуметтік-мәдени даму» секциясының отырысына Премьер-министрдің орынбасары – Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Жиын барысында Аида Балаева Ұлттық Құрыл­тай­дың қоғам үшін маңызына тоқталып, мемлекет да­муының ұзақмерзімді бағыт-бағдары айқындалып, әлеу­меттік мәселелер кеңінен талқыланатынын айтты.
– Ұлттық Құрылтай аясында айтылған барлық ұсы­ныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік орган­дардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министрлігі Құрылтай мүшелері ұсынған бастамаларды іске асыру жоспарының орындалуына тұрақты түрде мони­торинг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс атқа­рылды. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру мақ­са­тында 26 заң қабылданды. Сонымен қатар 10 заң жобасына, сондай-ақ Президент жарлықтары мен ке­шен­ді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұ­мыстар жүргізілуде, – деді Премьер-министрдің орын­басары.

Отырысқа қатысқан зиялы қауым мен қоғам қайрат­керлері өз ұсыныс-бастамаларын ортаға салды. Талқы­лау­дың негізгі тақырыптары мәдениет пен креативті ин­дус­трияларды дамыту, әлеуметтік саланы жақсарту және отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері болды. Ба­ла­лар контентін дамыту мен анимация индустриясын өр­кен­дету жайы да тыс қалмады.
– Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, министрлік жанынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазіргі уақытта оның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылуда, әрі қор құрылымында ани­мацияға арналған жеке бағыт қарастырылады. Ме­нің ойымша, мұнда саннан бұрын сапаға мән беру ма­ңыз­ды. Кон­тенттің бала психологиясына ықпалын, жас ерек­ше­лік­терін және тәрбиелік әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Қор­дың толыққанды жұмысы басталғаннан кейін анимация ин­дустриясы тың серпін алып, қарқынды дами түседі деп сенемін, – деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Секцияға қатысушылар мен сарапшылар ұлттық дәс­түрді сақтау және «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру қа­зақ­­стандық қоғамды жаңғыртудың маңызды құрамдас бө­лігі екенін баса айтты. Аида Балаева бұған қатысты ау­даруға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тіз­бе­сін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сон­дай-ақ заманауи жас авторлардың шығармаларын ел кітап­хана­ла­рының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне назар ау­дарды.
Сонымен бірге «Білім және ғылым» секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіретін AI-Sana бағдарламасы биыл да жалғасатынын айтты. Бұл – жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форматына көшуге мүмкіндік. Бағдарлама жа­санды интеллект бойынша базалық білімнен бастап стар­таптарды кәсіби дамытуға және оларды нарықта масш­таб­тауға дейін дамытуға арналған.
– Ai-Sana бағдарламасын былтырдан бері жүзеге асы­рып келеміз. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыды. Елі­міздегі барлық студент бағдарлама аясында міндетті түр­де жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл – ең мықты курстар. Coursera, HUAWEI, Microsoft, Google тәрізді компа­ния­лармен бірігіп, олардың курстарын қазақ және орыс тілдеріне аударып, студенттерді оқытып жатырмыз. Биыл ақпан айында бағдарламаның екінші кезеңі басталады. Со­ның аясында 100 мың студент жасанды интеллектінің тереңдетілген алгоритмдерін меңгереді, – деді министр.
ЖОО-лар белгіленген үлгідегі электронды сертификат бере отырып, өздері әзірлеген курстар бойынша студент­тер­ді оқыта алады.
– Бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін еліміздің әр өңірінен 27 «зәкірлі» ЖОО іріктеліп бекітілді. Оқу орындары бағ­дарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым, оның ішінде ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларының, шетелдік серіктестердің, есептеу қуаттарының болуы сияқ­ты критерийлер бойынша іріктелді. Бұл ЖОО-лар AI-Sana бағ­дарламасы бойынша студенттер мен педагогикалық оқытушы құрамын оқытуды қамтамасыз ете отырып, өз өңіріндегі және көршілес облыстардағы жобаны іске асы­руға жауапты болады, – деді Саясат Нұрбек.
AI-Sana бағдарламасы жасанды интеллекттіні дамыту үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған. ЖОО-лар қабылдау комиссиясынан бастап оқу процесін сүйе­мелдеу және бітірумен аяқтайтын ЖОО-ның ақпа­рат­тық экожүйесін құрайтын 9 ЖИ агентін әзірледі. Бұл жаңа­шылдықтан біздің Сыр өңірі де қалыс қалмады. Бұған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің база­сын­дағы Сеул техникалық университетімен бірлескен ЖИ және информатика жоғары мектебін айтсақ болады.
«Азаматтық қоғам» секциясында Президенттің ішкі сая­сат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмек­шісі Ар­ман Қырықбаев Қызылорданың ел астанасы болған ке­зеңде алтын әріптермен жазылған оқиғалар өрбігенін ­айт­ты.
– Жүз жыл бұрын ел байтағы болған Қызылорда – ел тарихына алтын әріппен жазылған өңір. Алғашқы театр шы­мылдығы осында түріліп, ел санасына сілкініс туғызған туындылар осы топырақта дүниеге келді. Сондықтан Қы­зыл­ордада Ұлттық Құрылтайдың шақырылуы – тарихи са­бақ­тастық тұрғысынан орынды бастама. «Жүз жыл – та­рих, бес жыл – белес» деген бар. Мемлекет басшысының бас­та­­масымен құрылған бұл институт бес жылда өзінің өмір­шең­дігін дәлелдеп, қоғамның түрлі топтарының үн қо­суына мүм­­кіндік берді. Билік пен халықтың арасын жа­қын­дас­ты­ратын алтын көпірге айналды, – деді ол.
«Экономикалық даму» бағытындағы отырыста Пре­мьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылы экономика тұрақтанып, са­палы өсім болғанын айтты. Ішкі жалпы өнім 300 млрд АҚШ дол­ларынан асса, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім­де де айтарлықтай өсім бар. Көрсеткіш негізінен өңдеу өнер­кәсібі, сауда, көлік қызметі, құрылыс салаларына тие­сілі болып отыр.
Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 5,9 пайыз бо­лып отыр. Диқан қауым дәнді дақылдардан 27,1 млн тон­на өнім жинады. Жамбыл облысында жүгеріні терең өң­деу­ге ар­налған еліміздегі ең ірі агроөнеркәсіптік парктің құ­ры­лы­сы басталды. Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік қолдау ша­раларының бірыңғай стандарты енгізіліп, жер­гі­лікті дең­гейде қосымша көмек түрлері біріздендірілді. Цифр­лан­дыру әлеуметтік салада құқық бұзушылықты анықтау мен алдын алуға мүмкіндік берді. Бір жарым жылда әлеу­мет­тік сая­сатты трансформациялаудан 600 млрд теңге ­үнем­дел­ген.
– Өткен жылы жүргізілген бюджеттік мониторинг қоры­тын­дысы бойынша республикалық бюджетке 8 түзету енгі­зі­ліп, жыл басынан бері 1 триллион теңгеден астам қаражат оңтайландырылды. Олар нақты секторға бағытталды, – деді Серік Жұманғарин.
Көлік логистикалық инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі ұлттық жоспары 204 жобаны қамтып отыр. Инфра­құрылымның тозуы 40 пайызға төмендеп, энерге­ти­калық, коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы іске асырылып келеді.
Қоғамдық диалог үлгісіне айналған Құрылтай аясында басқа да түрлі тақырып пен ұсыныстар ортаға түсті. Оның барлығы мұқият зерттеліп, тиісті қорытынды шығарылады. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орын­дауда бұған дейін Құрылтайларда жүзеге асқан, елге пай­далы бастама көп. Құрылтай мүшелері бұл жолғы жиын­да айтылған әрбір ұсыныс та мемлекет дамуына үлес қо­сады деген сенімде.

Дайындаған Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: