Елімізде тамыз айында басталған Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 20 қазанға дейін жалғасады. Бұл кең ауқымды статистикалық бақылау елдің барлық өңірін қамтып, аграрлық сектордың жай-күйі туралы өзекті ақпараттың маңызды көзіне айналуда. Санақ онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық статистика бөлімінің басшысы Азамат Елеусінов осылай деді.
Айта кетейік, санақтың онлайн кезеңі 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама арқылы жүргізіледі. Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын шаруашылық құрылымдары аталған сайт арқылы сауалнамадан өтуде. Санақ жұмыстарын ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті Жалағаш ауданының статистика бөлімінің басшысы Азамат Елеусінов кеңінен тарқатты.
– Бұл санақ еліміздің ауыл шаруашылығы саласы бойынша мәліметтерді жинап, талдап, аграрлық саясатты тиімді жүргізуге негіз болатын маңызды статистикалық зерттеу болып табылады. Ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын барлық заңды тұлға, шаруа-фермер қожалықтары мен үй шаруашылықтары sanaq.gov.kz сайтына электронды цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, санақ парақтарын көрсетілген сауалдарға шынайы жауап беруі тиіс. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба, QR-код немесе СМС хабарлама арқылы авторизациядан өтеді. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіш көрсетіледі. Осы жерде әрбір респондент ескеретін мәселе көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе оларға өзгеріс енгізе алады. Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде сұрақтар туындаса, аталған сайтта арнайы әзірленген жасанды интеллект арқылы жауап беретін sanaq-Myrza виртуалды көмекшісі көмек бере алады. Сондай-ақ 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Санақ жүргізу үшін біз аудан бойынша жұмыссыз азаматтар мен студенттер қатарынан, сондай-ақ барлық ниет білдірген азамат санатынан 12-ден астам адамды интервьюер ретінде жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз, – деді Азамат Өмірзақұлы.
Айта кетейік санақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын ескере отырып, ҚР Үкіметімен бекітілген. Санақтың негізгі кезеңі 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарына баратын болады.
– Біз барлық азаматты санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл – жай ғана статистикалық шара емес, азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау және аймақтарды дамыту шешімдерінің негізі. Тек сенімді деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға көмектеседі, – деді Азамат Елеусінов.
Сауалнамаға өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, фермерлік қожалықтар қатысуы тиіс. Сондай-ақ үй-үйді аралау кезінде жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін, бақшасы мен жер учаскесі бар, мал ұстайтын үй шаруашылықтары сұралады. Санақ ауданның 6200-ден аса үй шаруашылығын және 1500-ге жуық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамтуды жоспарлап отыр.
Санақ жүргізу және оның мерзімдері туралы шешімді Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылдады. Оны өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауыл шаруашылығы санағы әр 5-10 жыл сайын жүргізілуі керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006-2007 жылдары ғана жүргізілді. Содан бері үлкен үзіліс болды. Ол кезде ауыл шаруашылық санағы екі кезеңде жүргізілді, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. Ал биыл барлығы бір мезетте өтеді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!