Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 02:35

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ОРТАҚ МАҚСАТҚА ҰЙЫСТЫРАДЫ

20.06.2023

372

0

Дала демокартиясын жаңғыртып, ұлтымыздың ұлы миссиясын жалғаған Ұлттық құрылтай Түркістан қаласында жалғасын тапты. Биыл ол екінші рет өтіп жатыр. Еске салсақ, құрылтайдың алғашқы отырысы үш жүздің басын қосқан Ұлытау өңірінде өткен болатын. Екікүндік іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері қатысты.

Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Жиынның алғашқы күні елі­міздің әрбір аймағынан арнайы кел­ген делегаттар ұлт келешегі үшін өзекті мәселелерді талқылады. Ал екін­ші күнгі негізгі жиында Қасым-Жомарт То­қаев жиналған қауым ал­дында сөз сөйлеп, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен ұсы­ныстарын ортаға салды.
Иә, елді толғандырған мәселелердің ауқымы да, бағыты да алуан. Жалпы, құрылтай барысында болсын, онлайн арналар арқылы болсын, айтылған әрбір пікір ескеріледі. Барлық мәсе­ле мұқият зерделеніп, шешімі табы­латын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы сөз басында тілге тиек етті.
– Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай, бұл арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміз­дегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жа­тыр. Абай облысында алапат өрт шы­ғып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз ке­рек, нақты шешімдер қабылдауымыз қа­жет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өзде­ріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар. Ұлт­тық құрылтай – халқымызды ор­тақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құры­лым. Мен былтыр наурыздағы Жол­дауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ мұнда ұлт­тың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады. Біз құрыл­тайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мем­лекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі бас­қосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлытау төріндегі алғашқы құрылтайдан бері өткен бір жылда елімізде конс­ти­туциялық реформа жасалғанын, бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұ­­ғы­рын бекіте түскенін, ұзақ мер­зім­ге арналған демократиялық бағда­ры­мыз­ды айқындап бергенін атап өтті. Пре­зиденттің айтуынша, Әділетті Қазақ­станды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Ал түпкі мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық рефор­ма жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр аза­маттың сана-сезімі жаңғыруы қа­жет. Халқымыздың дүниетанымы жә­не өмірлік ұстанымдары өзгеруі тиіс. Әйт­­песе басқа реформаның бәрі бекер.
Президент отаншылдық, адам­гер­шілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс екенін айтты.
– Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға бо­лады. Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отба­сына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол бе­рілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қо­ғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақ­стан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әрине жалпы қоғам дамуы үшін елімізде ауызбіршілік болуы керек. Сонымен бірге қоғамның дамуына кері әсер ететін көптеген мәселелерден біз арылуымыз керек. Міне, осы бағытта қазір Ұлттық құрылтай жұмыс істеп жатыр. Мұны Қазақ елі жақсы түсінеді.
Мемлекет басшысы ұлттық біре­гейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйе­лі жұмыс жүргізілуге тиіс екеніне назар аударып, осы жұмыстың нақты ба­ғыт­тарына да тоқталды. Атап айт­қанда, Президент мемлекеттік нышан­дарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұ­ра­мызды жан-жақты дәріптеу, өске­лең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру, ақпарат саясатының тиімділігін арт­тырып, креативті индустрияны да­мыту, мемлекеттік саясатта талдау, са­раптама жасау қызметін сапалы жүр­гізу, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде маңызды мәселелерді қозғап, тың бастамалар ұсынды.
Жиынды Мемлекеттік кеңесші, Ұлт­тық құрылтай төрағасының орынба­сары Ерлан Қарин ашып, жүргізіп отырды. Құрылтай мүшелері атынан Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлей­менова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, белгілі өнер қайраткері Азамат Са­тыбалды сөз сөйледі.
Мәселен, Парламент мәжілісінің де­путаты Нұртай Сабильянов ауыл ша­руа­шылғы және кәсіпкерлік сала­сындағы мемлекеттік қолдаулардың мақсатсыз жұмсалып жатқанына тоқ­талды. Оның айтуынша, біздегі жеңіл­діктер қазір ұстағанның қолында, тіс­тегеннің ауызында кетіп жатыр. Сон­дықтан оның барлығын тоқтату керек. Оның орнына, төмен пайызбен несие берген жөн дейді.
– Сонда кім жұмыс істегісі келеді, кім өзінің кәсібін ашқысы келеді, кім шаруашылықпен айналысқысы ке­ле­ді? Соның 4-5 пайызбен несие алуға мүм­кіндігі болса, онда бізде ары қа­рай да мемлекетіміздің дамуы да ор­нына келеді деп ойлаймын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.
Иә, құрылтай – түркі халықтары, оның ішінде қазаққа да тиесілі төл сөзі болғандықтан, мұны Қазақ елінің арғы дәуірлерден жалғасқан мемлекет басқару дәстүрін жаңғыртудағы бір қадам деп қарастыруға әбден болады. Қазақ тарихында Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасыдағы құрылтай тағы басқа да ел тарихындағы елеулі мәселелерді қозғайтын келелі кеңеске негізделген жиындар өткені белгілі. Сондықтан киелі Түркістан шаһарында өткен ұлттық Құрылтай жаңаша жаңғырудың, жаңарудың басы болса игі еді дейміз.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: