Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 08:38

Ұлттық жоба – ел игілігіне

26.07.2024

173

0

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста қаралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту бойынша қойған міндеттерінің орындалуы туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.

Медициналық мекемелердің құрылысы пысықталды

Былтыр Қазақстанда 99 меди­цина­лық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынған. Ал биыл 556 медициналық және фельдшерлік пункттер мен дәрі­герлік амбулаториялар салынады. Ақ­марал Әлназарованың айтуынша, қа­­­зіргі таңда 322 нысанда құрылыс-мон­­таж жұмыстары басталып, 3 ны­санда аяқталған.
2023 жылдан бері Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилот­тық ұлттық жобасы іске асы­ры­лып келеді. Бүгінгі таңда ұлттық жобаның шең­берінде негізгі үш міндет жүзеге асырылуда. Алғашқы 655 МСАК (ал­ғашқы медициналық санитарлық көмек) нысанының құрылысы қарастырылған. Бүгінде оның ішінде 102 нысанның құ­рылысы аяқталған. Денсаулық сақ­тау министрінің айтуынша, өңірлер бойын­ша 337 нысанда құрылыс жұмыстары бас­талды, 104 нысанда басталмаған. Ал 2 өңірде конкурстық рәсімдер әлі жа­­рия­­ланбаған.
Ұлттық жобаның екінші міндетінің шеңберінде 32 аудандық аурухананы жаңғырту көзделуде. Қазіргі уақытта 10 нысанда тиісті жұмыстар жүргізілуде, ал 2 аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ 5 нысан конкурстық рәсімдерден өту сатысында, ал 5 жоба сараптамадан өтуде. 8 жоба бойынша жобалау-сме­талық құжаттама әзірленуде.
Ұлттық жоба шеңберінде денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадр­­лармен қамтамасыз ету үшін кадр­ларға жалпы қажеттілік – 1 100 ме­ди­­цина қызметкері деп анықталған. 2023-2024 жылдары 152 ден­саулық сақтау объектісінде 656 ме­дицина қызметкері жұ­мысқа орна­лас­тырылған.
Үкімет басшысы көпсалалы ау­дан­дық ауруханаларды жөндеу жұ­мыс­­­тарын жалғастыру және ден­сау­­­лық сақтау ұйымдарын сапа­лы жа­рақ­тан­дыру үшін қажетті медици­налық жаб­дықтардың тізбесін қалыптастыру қа­жеттігін де атап өтті. Сондай-ақ ол ұлт­тық жобаны іске асыруға 60,3 млрд теңге бөлініп, оның 21 млрд теңгеден астам бөлігі өңірлерге берілгенін де назарға салды. Денсаулық сақтау минис­трлігіне нысандардың құрылысы аяқ­талғанға дейін тұрақты түрде нысан басына барып, құрылыс барысына мо­ниторинг жүргізуді міндеттеді.

9 дәрігерлік амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік
бекет салынады

Үкіметте талқыланған мә­селеге орай аймақтағы ахуалды бағамдайық. Ұлттық жоба аясында өңірде биыл қолға алынған 9 дәрігерлік амбу­ла­тория және 2 фельдшерлік-акушерлік бекет 1 қазанға дейін пай­далануға бе­­ріледі. Құрылыстың жалпы құны – 3 млрд 500 млн теңге. Бұған Үкімет ре­зервінен 2 млрд теңге берілген. Шиелі ауданындағы 30 төсектік инфек­циялық бөлімше мен көпбейінді ауру­ха­наның құрылыс жұмыстары бастал­ған. Сондай-ақ Арал ауданында дәл осындай инфекциялық бөлімше жо­басы дайын.
Айта кетейік, Шиелі аудандық көп­бейінді ауруханасына салынатын қосымша құрылыс жобасының мем­ле­кет­тік сараптамадан оң қорытындысы алын­ған. Мұнан бөлек Арал, Қазалы, Жаңақорған көпбейінді аудандық ауру­ханаларының қосымша құрылыс жо­басы мемлекеттік сараптама қа­рауына енгізілген. Қорытындыны тамыз айында алу жоспарлануда.
Ұлттық жоба аясында салынатын ны­сандар Мем­лекет басшысының және Үкіметтің ерекше назарында. Ең бас­тысы, ғимараттар са­палы болуы тиіс. Сондай-ақ тазалығы, қасбеті талапқа сай болуы қатаң қадағалануы керек. Жаңа дәрігерлік амбулаторияларды мамандармен, жа­ңа санитарлық авто­көлікпен қамта­масыз ету де назардан тыс қалмаған.

Дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды

Ауданымызда өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Аламесек және Мырзабай ахун ауылдық округтерінде жалпы құны 752,8 млн теңгені құрайтын жаңадан дәрігерлік амбулаториялар са­лынып, ел игілігіне пайдалануға бе­рілген болатын.
Ал биыл ұлттық жоба аясында Қа­ракеткен ауылдық округінен жаңа дә­­рігерлік амбулатория құрылысын са­луға республикалық бюджеттен 189,5 млн теңге, облыстық бюджеттен 59,3 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұ­­мыс­­тары басталды.
Айта кетейік, аудан әкімі Ардақ Ибраимов аптаның сәрсенбісінде Қара­кеткен ауылындағы жаңа дәрігерлік ам­булаторияның алғашқы кірпішін қа­лау рәсіміне қатысты. Тұрғындарға елді мекенде салынып жатқан жаңа ны­сан Мемлекет басшысы, Үкімет бас­­­шысы және облыс әкімінің тікелей қол­дауымен жүзеге асып жатқанын жеткізген Ардақ Әбдіғаппарұлы дәрі­герлік амбулаторияның құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне та­быстау жоспарлануда екенін жеткізді.
Сондай-ақ өткен жылы жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасында бірқатар кемшіліктер орын алғананын айтқан аудан басшысы ауыл әкіміне тұрғындардың игілігіне арнап жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қатаң бақылау орнатуды тапсырды.

Минералды тыңайтқыштарды енгізу 100 пайызға орындалған

Сондай-ақ Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту бо­­­йын­ша қабылданып жатқан шаралар қа­ралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндады. Бес жыл ішінде ауыл ша­руа­шылығы өнімінің жалпы көлемін екі есеге ұлғайту бойынша Президент алға қойған міндетке қол жеткізу мақ­­сатында іске асырылатын Жол картасының іс-шараларын өңірлерде орындау барысы қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрінің ай­туынша, биыл Экономикалық өсуді қам­тамасыз ету жөніндегі бірінші ке­зектегі іс-қимыл жоспары шең­бе­рінде агросаланың өсімі 11,6 пайыз дең­гейінде қамтамасыз етілуге тиіс. Биыл­ғы жыл­дың 6 айында ауыл шаруа­шы­лы­ғы­ның жалпы өнімінің көлемі 3,4 пайызға артып, 1,6 трлн теңгені құ­раған. Ал мал шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 103,5 пайызды, өсім­дік шаруа­шы­лығының индексі 103 пайызды құраған.
– Біздің жұмысымыздың маңызды бағыты – 2024-2028 жылдарға арнал­ған Жол картасының сапалы әрі уақы­тылы орындалуы. Мұнда ауыл ша­руашылығының жалпы өнім көле­мін екі есеге арттыру көзделген. Биыл бұл жоспар 111 пайызды құрайды. 6 ай­дың қорытындысы бойынша өсім 103 пайызды көрсетті. Дегенмен, өсім­дік ша­руа­шылығының тиімділігін күзде көре­тін боламыз. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша саланы да­мыту үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ете отырып, экспортты да дамытуы керек. Үкімет осыған қажетті барлық ре­­сурстарды бөлетін болады. Ауыл шаруашылығын дамыту – менің жеке бақылауымда тұратын басым бағыт, – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бір­­­лесіп, Жол картасының индикатор­ларына қол жеткізу үшін жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды. Оты­рыста Қызылорда облысында Жол картасын орындаудағы оң нә­ти­желер аталып өтілді. Өңірімізде кү­ріш­­тің егіс алқаптарын азайту және су үнемдеу тех­нологияларын енгізу бо­йын­ша инди­катор асыра орындалған. Сон­дай-ақ Сыр өңірі минералды тыңайт­қыш­тар­ды енгізу бойынша да жоспарды 100 па­йызға орындаған.
Айта кетейік, биыл елімізде жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құ­­­ра­ды. Ауыл шаруашылығы министрі бұл тұрғыда Мемлекет басшы­сы­ның тап­­сырмасына сәйкес респуб­лика бо­йын­ша егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарына қол жеткізілгенін мә­лімдеді. Оның мәліметіне сүйенсек, би­дай ал­қабы 450,3 мың гектарға қысқар­ған. Сондай-ақ майлы дақылдар мен қант қызылшасы алқаптары сәйкесінше 608 мың және 9,4 мың гектарға ұлғайтылған. Суды көп қажет ететін дақылдардың алаңы: күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға қысқарған.
– Үкімет егіс науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамта­ма­сыз етудің барлық мәселелерін шешті. Алғаш рет көктемгі егіс жұмы­сына жеңілдетілген кредит көлемі жылдық «таза» 5 пайызбен 580 млрд тең­геге дейін жеткізілді. Өткен жылдары бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған. Бө­лінген қаражаттың 406 млрд теңгесі игерілді, қалған 174 млрд теңгені игеру жұмыстарын жеделдету қажет, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
А.Сапаровтың айтуынша, тыңайт­қыштар енгізу бойынша да үлкен жұмыс жүргізілді. Мәселен, өткен жылы бүкіл жыл ішінде 679 мың тонна енгізілсе, биыл қазіргі уақыттың өзінде 1,1 млн тонна сатып алынған. Жоспар – 1,5 млн тонна. Биыл шаруалар қажетті көлемі – 2,4 млн тонна тұқыммен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, осы жылы элиталық тұ­қымдардың үлесі 7,1 пайыздан 9 пайызға дейін өскен.
– 376 мың тонна жеңілдетілген ди­зель отыны литріне 250 теңгелік бағамен бөлінді, бұл нарықтық бағадан 15 пайызға төмен. Сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін азайту мақсатында суб­сидиялау жүйесін жетілдіру бойын­ша көп жұмыс жүргізілді. Қаржы инсти­тут­тарының сыйақы мөлшерле­мелерін жыл­дық «таза» 5 пайызбен тікелей суб­си­диялау тетігі енгізілді. Сондай-ақ, жыл­дық «таза» 5 пайызбен отандық өнді­рістегі ауыл шаруашылығы тех­ни­касының жеңіл­детілген лизингі бағ­дар­ламасы іске қосылды, – деді ауыл шаруа­шылығы министрі А.Сапаров.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін отан­дық тыңайтқыштарды аванстық субси­дия­­лау тетігі енгізілді. Осы тетік шеңбе­рінде субсидиялар нормасы 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды.Одан бөлек, су берушілерге шығын­дарды тікелей өтеуді көздейтін Су беру жөніндегі қыз­меттердің құнын суб­си­диялау қағида­ларына өзгерістер енгізілді. Бұл ретте су үнемдеу техноло­гия­ларын енгізуге ынталандыру үшін жергілікті бюджет қаражаты есебі­нен инвестициялық суб­сидиялау 50-ден 80 пайызға дейін артты. Дала жұмыста­рына кредит бер­генде кепілмен қамта­масыз етудің қиын­­дығын шешу үшін қарыз шарты сомасының 85 пайызына порт­фельдік кепілдендіру енгізілді.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­ция­лар арқылы ірі өнеркәсіптік инвести­циялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжі­рибесін кеңейту шеңберінде биылдан бастап бағдарлама бойынша тауарлы сүт фермаларын, суландыру, көкөніс сақ­тау қоймаларын және құс фаб­ри­каларымен қа­тар тағы 8 бағыт қаржыландырылатын болады.
– «Ауыл аманаты» жобасы бо­йынша 17 мыңға жуық микрокредит бе­­ру жоспарлануда. 2024 жылы 100 млрд теңге көзделген, оның ішінде осы айда 5 млрд теңге сомасына 5 об­­­­лыс (Қарағанды, Түркістан, Батыс Қа­­­­зақстан, Қызылорда, Алматы) қар­жы­­ландырылды. Қалған қаражатты бө­лу мәселесі қарастырылуда», – деді министр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­діруді екі есеге арттыру мақсатында Агро­өнеркәсіптік кешенді дамыту тұжы­рымдамасын іске асыру үшін қадамдық Жол картасы бекітілді.
Мал шаруашылығы саласында сүт пен құс еті бойынша импортқа тәуел­­­­ділікті төмендету мақсатында әкім­­­діктер үшін ет бағытындағы құс фаб­­­­рикаларын және тауарлық сүт фер­ма­­ларын құру және кеңейту бойынша индикативтер жеткізілді. Мәселен, сүтті мал шаруашылығында импортты ал­мастыру жөніндегі міндетке сәйкес биыл қуаты 373 мың тонна сүтті құ­райтын 65 тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарланған. Бұл мақсатқа рес­пуб­ликалық бюджеттен 100 млрд теңге қаражат бағытталған.
– І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қуаты 67,2 мың тонна сүт болатын 16 жоба пайдалануға берілді. Осылайша, жылдық жоспардың орын­­далуы 24,6 пайызды құрады, – деді министр.
Оның айтуынша, жоғарыда атал­ған жобаларды іске асырудың ажы­рамас бөлігі жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алу. Тауарлы сүт фермаларының құрылысы шеңберінде биыл 30 мың ірі қара малдың аналық басының импорты жоспарланған. Бү­гінгі таңда сегіз аймақ 7,4 мың бас әкелді немесе жоспарланған көлемнің 24,6 пайызы орындалды.
Сонымен қатар ет бағытындағы құс фабрикаларын құру және кеңейту бойын­ша биыл жалпы қуаты 72 мың тоннаға жуық құс етін өндіретін 10 жоба жос­парланған, оның ішінде Алматы және Қызылорда облыстарында 2 жоба іске қосылған.

Аграрлық салада
серпін бар

Иә, бірінші жартыжылдықтың қо­рыт­ындысы бойынша Қызылорда об­лысы ауыл шаруашылығы өнімдері кө­лемін арттыру бойынша жоғары көр­сеткіштерге қол жеткізді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Сыр өңірі минералдық тыңайтқыштарды пай­далану көрсеткіші бойынша І орында, суды үнемдеу технологияларын ен­гізу бойынша ІІ орында. Мұнан бөлек өңір­де арнайы техника паркін жаңарту көр­сеткіштері жоғары.
– Мемлекет басшысының ауыл ша­руашылығындағы жалпы өнім көлемін 2 есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Қызылорда облысында 2024-2028 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Жол картасында 2024 жылға 18 көрсеткіш белгіленген, бү­гінгі күні 5 көрсеткіш орындалды, 13 көрсеткіш жыл қорытындысымен толық орындалады. Биылға бөлінген 3 млрд. 700 мың текше метр су лимитіне сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдары 190,9 мың гектарға, оның ішінде күріш 82 мың 400 гектарға егілді. Өткен жылмен салыстырғанда күріш егісі 6 мың 600 гектарға қысқарып, мал азықтық да­қылдар көлемі 2 мың 400 гектарға ұлғайды. 2028 жылға қарай күрішті 72 мың 200 гектарға дейін оңтайландырып, су үнемдеу технологиясы арқылы мал азықтық және жүгері, көкөніс, бақша дақылдары көлемін көбейтеміз, – деді аймақ басшысы.
Күріш мелиоративтік дақыл бол­ған­дықтан, су үнемдеудің бірден-бір жолы – лазерлік тегістеу. Кейінгі жыл­дары шаруалар күріш атыздарына жа­­салған лазерлік тегістеу арқылы суды 20 пайызға дейін үнемдеп, өнімділікті 30 пайызға дейін көтеруге болатынына көз жеткізген. Биылғы күріш егістігінің 55 мың гектары лазерлік тегістелген. Алдағы жылдары барлық алқап ла­зерлік тегістеуден өткізілмек. Осы­лайша, егіс көлемі азайғанмен мине­ралды тыңайтқыштарды өз дең­гейінде пайдалану, тұқым сапасын жақ­сарту, жаңа сорттарды өндіріске енгізу ар­қылы өнімділікті 20-25 пайызға дейін арттыруға толық мүмкіндік бар. Осының есебінен жыл сайын 450-460 мың тонна күріш өндіру көзделуде.
Аймақта күріштен басқа дақылдарға су үнемдеу технологияларын енгізу был­тыр 872 гектар болған, биыл 4 мың 393 гектарға жеткізілді. Алдағы жыл­дары оның көлемі 34 мың 200 гектар болмақ. Бұл бағытта 3 ірі инвестициялық жоба қолға алынуда. «Таң ЛТД» ЖШС қы­тайлық компаниямен бірлесіп, 3 мың гектарға тамшылатып суару әді­сімен дән жүгері, «РЗА Агро» ЖШС жаң­бырлатып суару әдісімен 1000 гектарға сүрлемдік жүгері, «Camel Pro» ШҚ 800 гектарға жоңышқа еккен.
Облысқа инвестиция тарту мақса­тында агроөнеркәсіптік кешендегі 2024-2026 жылдары іске асырылатын ин­вестициялық жобалардың жол кар­тасы әзірленді. Онда 51,3 млрд тең­генің 30 инвестициялық жобасы қам­тылған. Биыл 13 инвестициялық жоба жоспарланып, бүгінгі күні 6-ауы іске қосылды. Атқарылған шаралардың нә­­тижесінде биылғы 6 айда ауыл ша­руашылығының жалпы өнімі 104 па­йызға артты. Оның ішінде өсімдік ша­руашылығының өнімі 104,4 пайызға, мал шаруашылығының өнімі 104,3 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ биыл көктемгі егін егу және дала жұмыстарына «Кең дала-2» жобасы шеңберінде 10 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінген.

2 736,9 млрд теңгенің ауылшаруашылық
өнімі өндірілген

Ауыл шаруашылығы – аудан эко­номикасын дамытуға үлес қосатын маңызды саланың бірі. Сол себепті жыл сайын мемлекет тарапынан са­ланы қолдауға ерекше мән берілуде. Биыл аталған салада 2 736,9 млрд тең­генің ауылшаруашылық өнімдері өн­діріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен са­лыстырғанда өсім көрсеткіші 101,7 пайызға орындалған.
Ауыл шаруашылығының негізгі қор­ға салынған инвестиция көлемі биыл­­­ғы жылдың 1 шілдесіне дейін 440,3 млн теңгені құрап, өткен жыл­мен са­лыс­тырғанда 129,6 пайызға орын­далған.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов аппараттық мәжілісте сала бойынша жа­уап­ты аудан әкімінің орынбасары Әлі­би Қодарұлына суармалы жерде да­­қыл­дарды орналастыру тәртібіне тұ­рақты ба­қылау жұмыстарын жүр­гізіп, ауыспалы егіс тәртібін бұзған шаруа­шылық құры­лымдарына заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: