Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Дүйсенбі, 19 қаңтар, 17:07

V Ұлттық құрылтай: Ғылым мен экономиканы ұштастыру мәселесі көтерілді

19.01.2026

6

0

Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтай аясында өтіп жатқан секциялық отырыста Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылымды экономикаға бейімдеу мәселесін көтерді.

Айтуынша, осыған дейінгі Ұлттық құрылтайларда көтерілген түйткілдер кезең-кезеңімен іске асып келеді. 

— Ендігі мәселе — ғылымды экономикаға бейімдеу. Бұл бағыттағы жұмыстарды саралағанда ғылыми тақырыптар экономика сұранысын емес, ғалымдардың мүмкіндігіне қарай қалыптасатыны байқалады. Ұлттық ғылым академиясы мұны форсайт тәсілінің тұрақты жоспарлау құралына айналдыра алды. Екі жыл ішінде өңірлік және салалық сессиялар өткізіп, 220 перспективалы міндет пен 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірледік. Осыған дейін жеткілікті көңіл бөлмеу салдарынан көптеген ғылыми мектептен айырылып қалдық. Осыған байланысты Ұлттық ғылым академиясы «Korea Institute of Science and Technology Information» ұйымымен бірлесіп «AI SilkNet» орталығын құрды. Бұл бізге әлемдегі жаңа технология туралы кеңінен дерек алуымызға мүмкіндік береді. Ғылымдағы озық технологиямен қатар күні өткен әдістерді де осы орталық арқылы анықтап, өзімізге тиімдісін таңдай аламыз, — деді ол.

Ақылбек Күрішбаев секция отырысында алдағы уақытта осы бастаманы дамытып, Орталық Азиядағы қызмет ететін ақпараттық орталыққа айналдыруға болатыны жөнінде ұсыныс білдірді. 

— Өңірлік ғылымды дамыту да — алда тұрған үлкен мәселе. Еліміздегі ғалымдардың басым көпшілігі Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған. Бөлінген қаржының көп бөлігі осы қалалар үлесіне тиеді. Өңірлік ғылым түрлі бағыттағы қолдаулардан да сырт қалып келеді, — деді Ұлттық ғылым академиясының президенті.

Ол ғылымның экономиканы дамытуға әсерін арттыру үшін бұл мәселеге жете мән беру керектігін атап өтті.

Айта кетейік, бүгін Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтай бастау алды.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: