Ауруға қарсы егу шаралары ерте кезден басталған. Вакцинация балалар мен ересектерді полиомиелит, қызамық, қызылша, көкжөтел, гепатит, сіреспе, туберкулездің күрделі түрлері сияқты қауіпті аурулардан қорғауға көмектеседі.
Вакцинациялау арқылы бүгінгі таңда 20-дан аса жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және оларды тегін алуда. Вакцинациялау – адам инфекция қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін аурудан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакцинациялау ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін қолдана отырып, көптеген жұқпалы ауруларға төзімділікті арттырады және иммундық жүйеңізді күшейтеді. Аурулар сияқты вакциналар да иммундық жүйені арнайы антиденелер жасауға үйретеді. Вакциналардың көбісі инемен егіледі. Вакцина егілген организмде ауруға қарсы иммунитет 2-3 аптадан кейін қалыптасып, бірнеше жыл бойы сақталады.
Елімізде профилактикалық егудің Ұлттық күнтізбесі бекітілген. Соған сәйкес әр емханада егу кабинеттері жасақталып, балаларға жоспарлы түрде вакцинация жүргізілуде.
Вакциналар иммундық жүйені вирус пен бактерияларды тануға, онымен күресуге үйретуге бағытталған. Егер денеге кейінірек осы патогендік қоздырғыштар әсер етсе, оны тез жоюға дайын болады, бұл аурудың алдын алады. Қоғамда неғұрлым көп адамға вакцина егілсе, соғұрлым ауру қоздырғыштың адамнан адамға беру мүмкіндігі төмендейді. Егер халықтың көп бөлігіне вакцина егілсе, ұжымдық иммунитетке қол жеткізіледі. Бұл жұқпалы аурулардың таралуын бәсеңдетеді. Бірақ ұжымдық иммунитет көп адам вакциналанғанда ғана тиімді. Вакцина алудың екі негізгі себебі: өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды жұқпалы аурулардан қорғауға көмектеседі. Мысалы, жыл сайын штамын өзгертіп отыратын грипп, яғни тұмау ауруының тұрғындар арасында жеңіл өтуін қамтамасыз ету мақсатында күзде оған қарсы иммунизация жүргізіледі.
Г.Айымбетова,
Жалағаш аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқарма басшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!